Көлсай аңызы

Газет мақаласы Айқын газеті №124

Еліміздің шартарабын шарласаң, басына бұлт киген асқаралы тау да, етегін гүл көмкерген шалқар көл де, ұшы-қиырына көз жетпейтін кең-байтақ дала да – мінсіз сұлулықтың қандай боларын дәлелдеп тұрғандай. Көздің аясындай мөп-мөлдір Көлсайға бет алған біз, бір топ журналист, тақтайдай тегіс жолда алдыңнан жарқ етіп шыға келіп, сол мезетте қолын бұлғап қала берген тауды да, тасты да, көкті де артқа қалдырып, «Көлсай қайдасың?» деп асығып келеміз. Асығып келеміз деген жай сөз, жолай бұралаңдап жатқан Шарын сұлуға сәлем беріп, желге маңдайымызды тосып бір кідірдік. Аспантаулардың шетіне іліккенде көкке шаншылған тау тізбегіне таңдай қағып, «тағы бір кідірсек қайтеді» деп мың толғандық. Сөйтсек те, Көлсайдың көлін көрмекке, суын ішпекке, көгіне аунамаққа, ел мен жердің таңдайын қаққызған сұлулыққа тамсанбаққа көк дөнен көңіл Көлсай жаққа қарай алып-ұшып барады. Тақтайдай тегіс жолмен зырғыған көлік сол бетімен Саты ауылына келіп тоқтағанда да, бір кідіріп бел суытып, қайта тауға тартқанда да, көңіліміз бен лүпіл қаққан жүрегіміз Көлсай жаққа бізден бұрын жетіп алған сыңайлы...

Көлсай аңызы


Апыр-ай, Көлсай ма осы, сайдағы көл?

Иә, таудағы сұлулыққа там­санып жүргендерге көз салыңыз да, су сұлу ма, тау сұлу ма, әлде осы сұ­лулыққа тамсанған адамның жа­ны сұлу ма өзіңіз елеп-екшеп алы­ңыз. «Адам қолы жетпеген» деп жа­тады ғой, міне сондай бір тұмса табиғаттың үзіліп түскен бір бөлігі алдыңнан жәудіреп шыға келсе, жүрегің де тазарып, көңілің де аға­рып кете ме – біздің көзге ай­на­ла­ның бәрі де ерекше бір нұр­ланып, жасарып сала бергендей әсерге бө­лендік. Бір қызығы, көлге тау ба­­­сы­нан, жап-жасыл қарағай, са­мыр­сынның жанынан қарасаңыз – судың беті жақұттай жасыл түске боялып шыға келеді. Сәл төмен­деп, суға көк шалғынның тұсынан көз тастасаңыз – айдын беті көк­пеңбек болып жалтырай түскенін байқайсыз. Қаракөк бұлт басқан аспан көзімен қарасаңыз – көл беті аспан түстеніп, мың құбылады. Жақұттан алқа тағынып, аппақ бұлттан сәукеле киініп, көгілдір көйлегінің етегі желбіреген Көлсай бір кездері сұлу қыз болыпты десе, сенгендей-ақ екенсің. Бірақ бізге жеткен аңыз басқа. «Көлсай дү­ниеге келерде жер сілкініп, тау құлапты» дейді ескіден жеткен әңгіме. Төмен қарай асыға аққан судың жолын әлгі тау бір емес, үш жерден бөгеп қалыпты. Бәлкім, төмендегі әлдебір ғашығына ұмтылған су сұлуға тау құмартып, «етектегі аңсарына жеткізбейін, құшағымда алып қалайын» деп су сұлудың жолына әдейі тосқауыл болған шығар?! Ол енді сұлулыққа тамсанған біздің жүректің сөзі, анығын ескіден жеткен әңгімені жадына тоқып алған шежірекөкірек жандар айта жатар. Туризмнің түр-түрі болады десек, Көлсай маңын­дағы туризм – тұмса табиғат ая­сын­да демалғысы келгендер үшін таптырмайтын жер дер едік!

Иә, Көлсай үшеу – Жоғарғы Көлсай, Орта Көлсай, Төменгі Көлсай. Төменгі Көлсайдың жолы жеңілдеу, сондықтан туристердің негізгі бөлігі осы жерден тоқтайды. Шыдамдылары Ортаңғы Көлсайға дейін жетеді, қайтпас қайсарлары Жоғарғы суды да көріп, тамашалап, таңдайын қағып қайтады. Теңіз деңгейінен 1 818 метр биікте жат­қан көлдің суы тұщы, тағы бір ерекшелігі – әркез тас бұлақтың суындай мұп-мұздай. Алақаныңа мөп-мөлдір тамшыны іліп алып, ерніңе тигізсең, шекеңнен бір-ақ шығады. Бірақ мұздай бола тұра, суы балдай. Іше берсем дейсің. Үлкен Алматы өзеніне құятын бұл судың құрамында адам ағзасына өте қажет элемент жетіп-ар­тылады дейді білетіндер.

Мұздай су маңына үйіріле тол­ғанған тау бірнеше. Көлді толық қоршап алған. Ал тау басында, етегінде жан-жануар мен өсім­діктің бай әлемі тіршілік етеді. Самырсын, балқарағай, рауғаш, таңқурай, шетен, бөріқарақат, аюбүлдірген, итмұрын, шыр­ға­нақ... – заты түгілі, атын ұмыта бас­таған бірқатар өсімдік пат­шалығы бізді бірден хош иісі мен құшағына көміп әкетті. Көл­сай өңірінде үш жүзге тарта жан-жануардың түрі кездеседі. Жалпы алғанда, Қазақстандағы жануар­лардың 21 пайызын дәл осы өңір құрайды. Демек, Көлсай маңын­дағы туризм – флора мен фаунаға қызыққан жандардың басын қосатын мекен!

Қар барысы тіршілік ететін таудың айбаты тіптен артып тұр­ғандай. Әрине, етекте жүрген елді барыс қайтсін, өзінің биігінде жүрген болар. Алайда дәл осы тауда сырбаз бір тіршілік иесі жортып бара жатыр-ау деген ойдың өзі кәдімгідей мерейіңді асырып, еңсең биіктеп-ақ қалатындай екен. «Аю алдыңнан шыға келмесін» деп әзіл айтқан­сып, бірақ сол әзілден өзіміз қор­қақтап өрге тырмысып шыққан біз етекте айнадай жалтырап жатқан көлге бір қарап, сол сұлулықты кө­руге алыс-жақын елдерден асы­ға жеткен қалың нөпірге бір тамсанып, туризм саласы біздің елде де аз-аздап қадам басып-ақ келеді екен ғой деп шүкір еттік.

Біреу білер, біреу білмес, 2007 жылы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі құрылғалы мұндағы инфрақұрылым едәуір жақсарып қалған. Айта кетерлігі, жергілікті тұрғындар елімізден және шетелден ағылған туристерге қызмет көрсетуге бейімделіп-ақ қалыпты. Қонақтарға арналған тұрғынжайлар, ас-ауқат ұсыну, атпен серуендеу және басқа да қызмет көрсету осы аймаққа жа­қын орналасқан ауыл халқының жағдайының жақсаруына да сеп­тігін тигізгені көрер көзге бірден байқалады. Туристер тоқтайтын негізгі мекен Саты ауылы – Саты ауылдық округінің орталығы. Ок­руг құрамына Күрметі ауылы да кіреді. Күрметі – тау арасында қо­ңырқай тіршілігін кешіп жатқан шағын ғана елдімекен. Ол ауылға, әдетте, бұрнағы ғасырдың естелігі бар кинофильм түсірушілер көп қонақтайды екен. Қарағайлы орманның етегінде жатқан ауыл да болашақта туризмнің жеке бір орталығына айналар деп сендік. Туристер көп болып кетсе, жол­дағы Қарабұлақ ауылында да қоналқалық үйлер бар.


Жолбасшыларымыздың айт­қанына құлақ ассақ, Саты ауы­лының тарихы тым тереңде екен. Ауыл шетінде сақ-үйсін заманынан қалған жеті мың қорған табылған. Оған археологиялық қазба жұмыс­тары да жүргізілген. Сатыдан Көл­сайға барар жолда, пост бақы­лауынан өткен соң, алаңқай бар, кезінде Барсхан деген қала жұрты болыпты-мыс. Белгілі журналист Ербол Азанбек «Кіші ғылым ака­демиясы жобасы» аясында біраз ізденгенін ауылындағы ұстаздары тілге тиек етіп қалды... Тарихтың бары мен жоғын түгендеу тарих­шы-мамандардың еншісіндегі шаруа ғой. Болашақта бұл мекен сұлу табиғатқа қызыққандардың туризм орталығы ғана емес, тарихи нысандарымен мақтанатын жерге айналсын десек, арнайы сарап­шылардың да сөзін қалың ел күтіп отырғанын айта кету парызымыз. Демек, бұл маң – тарихи туризмді де дамытуға әбден тұрарлық орталықтардың бірі.

Бір қызығы, қазақ тарабындағы екі ауыл – Саты, Күрметі аталса, Көлсайдан асып, қырғыз жеріне өткенде екі ауыл – Шаты мен Күр­менті қарсы алады. Еншісі бө­лінбеген екі елдің ортақ тағдыры мен тарихын шежіре еткен ха­лықаралық туризм мекені болар­лық себептің де бір ұшы осындайда қылаң береді...

Әңгімеміз өңірлік туризм ғой, сол төңіректегі көрген-түйгенімізді айтып, бұл тақырыпты тамам­дайық. Шап-шағын ауыл туризм­нің қыр-сырын кәдімгідей мең­геріп қалыпты. Қаздай тізілген үй­лердің шатыры биіктеген, қа­быр­ғасы еңселі тамның түрі де оңды. Туристерге ұсынған қызмет бағасы да аспандап тұрған жоқ. Үй ішіне су кіргізген. Жергілікті ха­лық елдің жайын, жердің хабарын, тіпті аң-құсына дейін түгендеп, әңгімелеп бере алады. Арқардың мүйізін қабырғасына ілген біз тоқтаған үй иесі арқар жайлы қыз­ғылықты әңгімелерімен де бөлісіп, ауылдың жай-жапсарын да айтып, Көлсай мен Қайыңдының бұ­рыннан қалған аңыздарын да тарқатып берді...


ҚАЙЫҢДЫ АҢЫЗЫ

Қайыңдыға апарар жол түйенің өркешіндей иір-иір. Жалғыз көлік жүріп өтердей тар соқпақтың бі­ресе оң жағы, бірде сол жағы терең құз. Төменге қарасаң, жіңішкеріп аққан су жылтырайды, көкке шан­шылған қарағайлар қол бұлғайды. Селк-селк еткен көлікте отырып бұрынғының әңгімесіне құлақ салдық.

Саты ауылының бас жағында «Қара ешкінің текшесі» деген асу болыпты. 1916 жылғы көтеріліс­шілерге қарсы жазалаушы отряд шыққанын естіген ел осы текшеге жасырынады. Текшеге кірер жал­ғыз аяқ асуға қарағайды жығып, ауыл текшеге орналасып, күзетке адам қояды. Қырғын болар күні күзетте Шыныбек деген кісі болған екен. Жолды қарағайдан аршып жатқан әскерді көре сала, елге ха­бар берейін деп бұрыла шапқанда, Шыныбекті солдаттар атып жібе­ріп, арқасынан оқ тиіп, сайға құ­лайды. Жазалаушы отряд текшеде отырған ауылды түгел қырып са­лады. Бір ана ғана Смағұл деген кішкене ұлының үстіне қазанды төңкеріп үлгереді де, іле-шала өзі қаза табады. Қарағай арасына қашқандарды да қуалап жүріп қырған отряд күллі ауылды қан жоса етеді. Арқасынан оқ тиген Шыныбек біраз уақыт, әлде бірер күн өткен соң есін жинап, ауылға беттейді. Жан баласы қалмаған жұрттан сынық айна тауып алып, оны қарағайға байлайды. Айнадан түскен күн сәулесін арқасынан тиген оқтың орнына бағыттап оты­рады. Жарық түсіп, арқа ысығанда оқ тиген жердің қанына быжынап жиналған құрт жара аузынан шыға бастайды. Құртты шөппен қағып түсіріп, жарасын таңады. Үйлерді аралап жүріп төңкерілген қазан астында қалған кішкене сәби Сма­ғұлды тауып алады... Алыс-жақын маңда жүрген бәлкім аңшы, бәлкім малшы, мылтық үнін естіп, көмек­ке жетіп үлгере алмай, ке­ші­гіп кел­гендер қаза тапқан бүтін ауыл тұрғынын бір жерге жерлейді...

Бала Смағұл кейінірек Қытайға ауып, 1960 жылдары елге келіп, Сатыда еңбек еткен.

Бұл жер сол оқиғадан соң Қыр­ғын текше аталыпты. 1964 жыл­да­ры Таушелек орман шаруашылығы қарағай отырғызғанда адам сүйек­тері мен киіз үй шірінділері шық­қан. Қазір қарағай қалың өсіп, адамдарды жерлеген жер білінбей кеткен...


Бұл маң қазір мамыражай, тып-тыныш. Ал біз иір-иір жолмен селк-селк етіп, төменде жылтырай аққан су мен көкке шаншыла өскен қарағайға тұнжырай қарап қойып Қайыңдыға қарай жол тартып келе жатыр едік. Иә, бұл өңір қазақтың қасіретті тарихына куә, әр тасын аудара қалсаң, бұрынғының аңызын айтып берер естеліктерге толы мекен. Демек, елдік пен кісіліктің жолын әспеттер туристік орталық болуға да сұранып-ақ тұрған мекен деуге толық негіз бар!

Көлсай – инфрақұрылымы жақсарған туристік аймақ болса, Қайыңдының жолы алағай да бұлағай. Экстремал туризмді д­а­мытатын-ақ жер. Қайыңдының етегіне әрең іліктік. Жеттік те дәл мұндағы сұлулыққа тағы да аңырап тұрып қалдық. Көлік әкеп тастаған жерден Қайыңдыға жеткенше тағы біраз жол өрлеуіміз керек екен. Тәтті таңқурайды таңдайда ерітіп, көзді ашып-жұмғанша ол жаққа да жетіп бардық. Рас-өтірігі белгісіз, бұл жерді аруақтар мекеніне теңегендер бар. Көл бетінен сойдиып-сойдиып шығып тұрған қарағайдың қуарған сабағына қарап, бұл маңдағы тіршілік тоқтап қалған-ақ екен дерсіз. Алайда анықтап көз жіберсең, ағаштың су астындағы бөлігінің жайқалып тұрғанын аңғарасыз. Демек, су асты тіршілігі өз жолымен жанда­нып, жайқалып-ақ тұр. 1910 жыл­дары болған қатты жер сілкінісі­нің салдарынан пайда болған ­Қа­йыңды көлі теңіз деңгейінен 1 867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал те­реңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде – 40 метр. Аруақтар мекені аталуының сырына келсек, мұнда балық жоқ, сондықтан тір­шілік тоқтап қалғандай көрінеді. Бірақ сәл анықтап қарасаңыз, көл астында тербелген ағаш жапырағы тіршілік жоқ деген сөзіңізге қайшы келіп, мұндағы тіршілік басқа өмір, басқа әлем екенін ұғын­дыратындай.

Көлсайдың жан-жануарын тілге тиек еткенде, Қайыңдының фло­ра-фаунасын неге ұмыт қал­дырайық?! Басқасын айтпа­ғанда, дәрілік шөптің елуге жуық түрі осы маңда өсіп тұр. Олардың кейбірі қазір ұлттық фармацияда қол­даныста. Мұнда, тіпті, біртіндеп жоғалып бара жатқан, Қазақ­стан­ның Қызыл кітабына енген өсім­діктердің оннан аса түрі бар. Дәрілік шөп дегенде еске түседі, Қайыңды суының да шипасы мол. Жергілікті тұрғындардың ай­туын­ша, ұзақ жыл бойы перзент сүй­меген әйелдер Қайыңдының суы­на жуынса, сәбилі болады екен... Бұл да осы өңірдегі туризмнің тағы бір түрін жандандыруға таптырмас себеп болар, бәлкім.


ТУРИСІ КӨП АУЫЛ

Сөзіміздің өне бойында ту­ризм­нің түр-түрін дамытуға қо­лайлы-ақ мекен екенін бірнеше қайыра еске салып отырдық қой. Сөзіміздің ауанына қарап, мұнда туристер жоламайды екен деп ойлап қалмаңыз. Керісінше. Ту­ристер маусымға орай кәдімгідей ағылып жатыр. Тек соларды қарсы алуға әлеуетіміз жете ме, жағда­йымыз көтере ме – мәселенің бір ұшы осында. Кеген ауданы әкі­мінің орынбасары Қайрат Омар­халық Көлсай көлдеріне апаратын жол толық жөнделіп біткенін, күр­делі жұмысты күтіп тұрған аз­даған ғана жол осы жылдың аяғына дейін толық қалпына келетінін айтты. Ал Қайыңдыға бастайтын жол республикалық, облыстық ма­ңызы бар жолға кірмейді екен. Кеген ауданы құрылғаннан кейін ол жолды ауданның меншігіне алыпты. Қазір жолды жөндеудің жобалық сметасы әзірлену үстінде екен. Алматы облыстық жол бас­қармасына сұраныс жасалыпты, қаржы бөлінсе, келер жылы Қа­йыңдыға апаратын жол да салына бастайтын көрінеді. Қайрат Омар­халықтың айтуынша, аудан бо­йынша туризмге қатысты бірне­ше жоба қолға алынған. Себебі, 2019 жылдың алғашқы алты ай­ында ауданға 3 560 турист келіп, 7 млн теңге ақылы туристік қыз­меттен қаржы түскен.

Саты ауылы әкімдігінің бас маманы Мәлік Ыдырысовтың айтуынша, Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жыл сайын 30-40 мыңға жуық қонақ келеді екен. Шетелдік туристер жылдан-жылға көбеюде. Қонақтардың Көлсайға кіру ақысы республикалық бюджетке түссе, туристерге қызмет көрсету арқылы ауыл тұрғындары табыс көзін ажыратып отыр. Сатыға кіреберісте ақшаңқан киіз үйлер тігіп, қонақ күтіп отырған кәсіпкер Ербол Уәлиханұлы жергілікті халықтың туризм саласына араласуы өте ма­ңызды екенін айтады. Туризм – туристерді күтіп қана қою емес, солардан түскен қаржыға өңірді абаттандыру, жергілікті халықтың жағдайын жақсарту, өлкенің айбатын асыру екенін айтқан кәсіпкер туристердің жылдан-жылға артып келе жатқанын, соған орай ендігіде қонақтарды күтудің лайықты деңгейлеріне өту керегін тілге тиек етті: «Мәселен, ауылға бір супермаркет керек-ақ. Шағын ауыл дегенмен де, мұнда ағылған туристер көп. Олар қолма-қол ақ­шамен емес, банк картасымен есеп айырыса алатындай, үлкен, за­манауи супермаркет салынса дей­міз. Одан бөлек, алыстан ағылған жандар үшін банкоматтар да қажет. Көлсайға келген турист ақшасын алу үшін жолдан қиыс бұрылып, Кегенге барып ақшасын алып келмейді ғой. Сондықтан осы елдімекенде бір-екі банктің бан­коматы тұрса дейміз. Биыл күн ерекше жайма-шуақ. Сондықтан болар, туристердің қарасы көп. Жалпы алғанда, туристер легі маусымда басталып, қыркүйек айының соңында аяқталады. Өзім Алматы қаласында тұрамын. Демалыс уақыты басталғанда бала-шағамызбен келіп, туристерді қабылдаймыз. Киіз үйлеріміздің бағасы қолжетімді, жатын үй, жуынатын таза бөлмелер, интернет бар. Шетелден келетін туристерге жергілікті жағдайларды ағылшын тілінде түсіндіріп айтып береміз. Көлсай мен Қайыңдыға жете ал­май жатса, ауылдан көлік іздеп кө­мектесеміз. Ауылға келетін қо­нақтарымыз өте көп. Оның бәрін орналастыру жағында қиындықтар бар. Ауылдағы қонақ қабылдайтын кейбір үйлердің шарт-жағдайы толық емес. Сондықтан болашақта шағын қонақүй салсам деген жоспарым бар. Одан бөлек, ұлттық дәстүрімізді көрсететін, зергерлік мәдениетімізді насихаттайтын іс бастау да жоспарда». Кәсіпкер ауылда туризм мәдениетінің қар­қынды дамып келе жатқанын да айтып өтті: «Ауыл халқының ту­ризм мәдениеті күннен-күнге өсіп келеді. Ауылдастар ағылшынша үйреніп, балаларын оқытуда. Қо­нақтардың барлық жағдайын жасап беруге тырысады. Болашақта туризмге жақсы көңіл бөлінеді деген үмітпен жан-жақтан білімді, тәжірибелі кәсіпкерлер келіп, бизнесін жүргізіп жатыр...».

Туристерге жағдай жасау де­геннен шығады, Көлсай түбіндегі Саты ауылында интернет бай­ланысы бар. Бірақ жылдамдығы өте баяу. Ал Көлсай мен Қайың­дының өзінде байланыс мүлде жоқ. Мұнда ағылған турист көр­ге­нін, білгенін суретке, видеоға түсі­ріп, оны әлеуметтік желіге, интер­нетке салғысы-ақ келеді. Ал Көл­сай мен Қайыңдыда байланыс та, интернет те жоқ. Ауыл интерне­тіндегі жылдамдықты арттыру үшін қосымша жабдық керек екен. Тұрғын саны аз болғандықтан, компаниялар ол жабдықты орна­туға құлықсыз көрінеді. Тұрғын саны аз болғанымен, Көлсай мен Қайыңдыға келетін туристердің көптігін ұмытпай, интернет жылдамдығын арттыру мәселесін әкімдік басшылары көтеріп, арнайы компанияларға ұсыныс жасап-ақ келеді екен. Болашақта ол мәселенің де түйіні шешіледі деп үміттенеміз.

Айта кетейік, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов пен орынбасары Қайрат Омархалық, Алғабас ауылының әкімі Сырым Есенханұлы, Саты ауының бас маманы Мәлік Ыдырысов, А.Нү­сіпбеков атындағы Көлбастау орта мектебінің директоры Рүстем Жеңісұлы журналистер сапарының қызықты да әсерлі өтуіне септігін тигізді.

Қайыңды мен Көлсайдан Алматыға бет алған жол – тақтайдай тегіс. Тегіс жолда ызғытып келе жатып ой ойлайсың, осы бір ұлан-байтақ өлкеде бәрі қалған – тұмса табиғат та, шежірелі аңыз да, аталы сөз де, жортқан жануар да, жайқалған көк те! Ол байлық – мына менікі, біздікі! Таң­да­йын қағып, тамсанған туриске соны айтқың, түсіндіргің келеді. Қорық қызмет­керлерімен тілдесіп қалғанда бірден ескерткен еді: «Өсімдікті танымасаңыз, гүлді бейберекет жұлмаңыз, жайқалып тұра берсін, ағаштың бұтағын сындырмаңыз, айналаны ластамаңыз. Қоқысты жерге тастамаңыз». Жоқ, маған олардың бұл сөзі тыйым емес, туған жерді аялаудан шыққан мейірімді үн болып естілді. Иә, бұл мекен туризмді дамытатын-ақ аймақ шығар, бірақ ол, ең алдымен, біздің туған жеріміз! Көлсайдың, Қайыңдының аңыздары, әңгімелері бізге өзіміз туралы сыр-шежірені жеткізуден талмапты. Ендеше, біз де кейінгіге сол сырды аялай, әлпештей жеткізейік дегің келеді... 

Қарагөз СІМӘДІЛ