Мо ЯНЬ: Мен халықтың мұңын жеткізушімін

Газет мақаласы Айқын газеті №90

Мо Янь атымен белгілі қытай жазушысы Гуань Мое дүйім жұртты қоғамдағы ащы шын­дықты дәл жеткізе білуімен, өзекті тақырып­тар­ды еш бүкпесіз жария­лауы­мен өзіне қарата білді. Оның шығармалары шы­найы­лығымен оқырман жүрегінен орын тапқаны анық. Ал 2012 жылы Нобель сыйлығын алғалы бері жазушы шығарма­ларына деген қызығушы­лық арта түскені жасырын емес. Себебі, ол – Қытай елінен шыққан тұңғыш Нобель сыйлығының иегері.

Мо ЯНЬ: Мен халықтың мұңын жеткізушімін

Расында, Қытай қоғамында көкейкестілігін жоғалтпаған ауыл шаруаларының қарапайым оқи­ғасынан бастап зорлық-зомбы­лық, демографиялық саясат сынды тақырыптар қоғамды елең еткізетіні сөзсіз. 11 роман, 70-тен астам әңгіме авторы «Қызыл гаолян», «Бір сағаттық бақыт», «Қыз Нуань» атты фильмдердің сценарий авторы. Қытайдың «Ұлы жазушылар премиясы», «Дин­цзюнь», «Мао Дунь премия­сы» сияқты беделді әдеби мара­паттар иегері, сондай-ақ АҚШ-тың Нейштадт әдеби пре­мия­сы­ның лауреаты. Мо Янь – туған жерінде ащы шындықты өткір тілмен жазғаны үшін сынға қал­ған жазушылардың бірі. Қа­лам­­­гер­дің 2009 жылы Франкфурт­та­ғы кітап жәрмеңкесінің ашы­луын­да айтқан сөзі көпшіліктің есінде. Ол онда мемлекеттер мен халық­тар арасын әдебиет жалғай­тынына баса мән берген болатын. Әде­биетте өзіндік орнын қалып­тас­тырған жазушы басылымдарға көп сұхбат бере бермейтін біртоға жан. Назарларыңызға Еуропаның ақ­параттық-саяси Spiegel жур­налына берген сұхбатын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

– Сіздің Мо Янь деген лақап атыңызды сөзбе-сөз аударғанда «үнсіз қалма» деген мағына береді. Бірақ сіздің көпшілік алдында сөйлеуден қашатыныңызды байқадық. Неге?

– Саяси үндеулер жасағанды ұнатпаймын. Жылдам қозғалатын жазушымын. Көпшілік алдында сөз сөйлеген соң, ойымды дұрыс жеткіздім бе деп өзімнен есеп аламын. Десе де, саяси көзқара­сым – анық. Менің кітаптарымды оқып-ақ мұны аңғаруға болады.

– Неміс тіліне аударылған ал­ғаш­қы кітабыңыз «Бақа» деп ата­ла­ды. Ол миллиардтаған адамға әсер еткен Қытайдың жалғыз бала сая­сатына арналған. Бұл саясат ту­ралы сіздің көзқарасыңыз қан­дай?

– Әке ретінде айтарым, әр адамның балалы болуға хақы бар. Бұл – әркімнің қалауы. Алайда шенеунік ретінде мен де заңға бағынуым керек болды. Бұл заңда бірінші кезекте барлық мемлекет­тік қызметкердің бір баласы ғана болуы керек делінген. Қытай хал­қының мәселесі оңайлықпен ше­шілмейтіні анық. Бірақ бір білетінім, біреуді мәжбүрлі түрде балалы болудан тоқтатуымыз дұрыс емес.

– «Бақа» шығармасында дәл осы оқиға суреттеледі. Бұл кітапты жазуыңызға не түрткі болды? Бұл сіздің саясат туралы жеке пікіріңіз болды ма?

– Бұл – ондаған жылдар бойы өзінің туған Гаоми округінде дәрігер-гинеколог болып қызмет еткен әпкемнің басынан өткен оқиға негізінде жазылған дүние. Оның көргені осы кітапты жазуы­ма сұранып тұрды. Сондықтан естігенімді жазып алуды жөн көрдім.

– Роман кейіпкері доктор Ван қатал, өз қызметіне жан-тәнімен берілген жан ретінде сипатталады. Сол әпкеңіз бұл кітап туралы қандай пікір білдірді?

– Ол бұл кітапты оқыған жоқ. Оған бұл кітапты оқымағаны жөн екенін жеткіздім. Себебі, ол кі­сінің маған ренжитінін анық түсіндім. Әрине, романдағы бар­лық оқиғалар әпкемнің оқиғасы негізінде емес. Басқа дәрігер­лерден естіп-білгенім мен өзімнің көргенімді қосып, толықтырдым. Тағы бір қызығы, сол әпкемнің төрт баласы бар.

– Сіздің кітаптарыңыз бүгінгі қоғамда өзекті, бірақ көп адамның айтуға батылы бармайтын та­қырып­тарды қамтиды. Мысалы, «Сарымсақты балладаларда» аяғы ауыр әйел толғағы келген кезде асылып өледі. Ал «Бақа» сіздің ең қайғылы романдарыңыздың бірі сияқты. Жалпы бұл шығарманы жазуға қанша уақыт кетті?

– Роман идеясы көптен бері ойымда жүрді. Ұзақ уақыт ойла­нып-толғанып, білгенімді қоры­тып жүрдім. Шынында да романды жазып болғанымда өте ауыр сезімде болдым. Бұл шы­ғарма үлкен сын болды.

– Неліктен олай ойлайсыз? Романда сипатталған зорлық-зом­былық, мәжбүрлі түсік жасатуға сіздің ешқандай кінәңіз жоқ қой.

– Қытай соңғы онжылдықта ауыр әрі қиын өткелдерден өтті. Сондықтан көпшілігіміз өзімізді құрбан деп санаймыз. Тіпті кейбір адамдар «Менен де біреу зардап шекті ме?» деп өзіне сұрақ қоя бастады. «Бақа» романы сол сұрақтарға жауап іздейді. Мы­салы, 11 жасымда жай ғана бас­тауыш мектептің оқушысы болу­дың орнына қызыл отрядқа қо­сы­лып, мұғаліміме сын тағылған қоғамдық талқылауға қатыстым. Үлкен жетістікке жеткен талант­ты жандарды қызғандым. Тіпті болашағым үшін әйелімнен түсік жасатуын талап еткен кезім де болды. Сондықтан мен – кінә­лі­мін.

– Сіздің кітаптарыңыз Қытай­дың бүгінгі ауыр бет-бейнесін сипаттайды. Ешқандай алға ұм­тылу жоқ сияқты көрінеді. Сіздің кейіпкерлеріңіз де, қоғам да, тіпті мемлекет те ешнәрсеге ұмтыл­майтын секілді әсер береді.

– Бұл тұрғыда мен қытай емес те шығармын. Қытай әңгімелері мен дорамаларының барлығы жақсы леппен аяқталады. Ал менің романдарымның көпшілігі нүктесін қайғылы оқиғамен қояды. Десе де үміт, абырой және күш-қуат бар.

– Кейбір кітаптарыңыз кино көріп отырғандай бір демде оқылады. Кейіпкерлеріңіздің ішкі дүниесіне үңілуге қорқақтайтын сияқтысыз. Мысалы, доктор Ван партия ұстанымының бұрыс екенін біле тұра, сол ережені қатаң ұста­нады. Неліктен?

– Бұл – біздің буынның ру­хани тәжірибесі болды. Көп адам рухани революция қателік бол­ғанын мойындады. Сондай-ақ партия қателігін түсінгенін де көрді.

– Сіз бұл туралы не ойлайсыз? Мә­дени революция кезінде оқуыңыз­ды тамамдауға мәжбүр­леді. Алайда сіз әлі де партия мү­шесісіз.

– Қытайдың коммунистік партиясының 80 миллионнан астам мүшесі бар. Мен солардың бірімін. 1979 жылы әскерде жүр­генімде партияға мүше болдым. Мәдени революция жекелеген көшбасшылардың қателігі екенін ұғындым. Бірақ оның партиямен байланысы аз екенін айта кеткен жөн.

– Өз шығармаларыңызда пар­тияның ресми өкілдерін ашық сынға аласыз, алайда осы сұхбат­тағы саяси пікіріңізде мұндайды байқамадық. Бұл қайшылықты қалай түсіндіресіз?

– Партия өкілдеріне айтылған сын мен саяси көзқарасым ара­сында қарама-қайшылық жоқ. Мен партияның емес, халықтың атынан сөйлеп отырған жазушы екенімді сан мәрте айтқанмын. Сыбайлас жемқорлықпен ай­на­лысатын шенеуніктерді су қаным сүймейді.

– Қытай жазушысы Ляо Иу Германиядағы кітап саудагерл­е­рінің Әлем премиясына ие болғанда біздің басылымға берген сұхбатын­да сізге «мемлекеттік жазушы» деген айып тақты. Сонымен бірге, сіздің үкіметпен арақашықтықты дұрыс сақтамайтыныңызды алға тартты.

– Оның марапаттау рәсімін­дегі жолдауын оқыдым. Ол ха­лықты Қытай мемлекетінен бөлінуге шақырды. Бұл пікірмен мүлде келісе алмаймын. Менің­ше, Сычуань халқы да (Ляоның туған жері) провинцияларының Қытайдан бөлінгеніне келісе қоймас. Тіпті оның ата-анасы да бұл пікірмен келіспейтініне се­нім­дімін. Айтқан пікірі шын жүректен екеніне аса сенімді емеспін. Менің марапатыма қызғанышпен қарайтынын түсінемін. Алайда маған таққан сыны орынсыз.

– Нақты қай сын туралы айтып отырсыз?

– Маған Бо Силайды әсірелеп мадақтайды деген кінә тағыпты.

– «Дүниеге келуден және өлуден шаршады» атты рома­ны­ңыз­да бір кейіпкеріңіз Мао бейнесі бар белгішені абайсызда дәрет­ха­наға түсіріп алады. Ал «Өзгерістер» автобиографиялық кітабыңызда Мао бейнесі бар мүсінше арқылы бөлмедегі егеуқұйрықтардан қалай құтылуға болатынын сипаттайсыз. Шығармаларыңыздан өткір пікір, еркіндік байқалады. Бірақ өмірде саяси көзқарасыңызды үлкен сақтықпен білдіретін сияқтысыз.

– Сіздіңше, мен өте сақпын ба? Олай болса, бұл сұхбатқа да келіспейтінім анық. Бұл эпизод­тар­ды жазғанда қарсы келетін дүние жаздым деп ойламаймын. Мен осылайша, Мао құдай емес, ол да пенде екенін көрсеткім келді. Бала күнімде оны құдайдай көретінмін.

– Бүгін Қытай жазушылар одағы төрағасының орынбасары екеніңізді білеміз. Осындай қызметте отырып үкіметке жақын болмау мүмкін бе?

– Бұл – жауапты қызмет. Нобель сыйлығын алмай тұрып та, оған ешкім сын тақпаған. Дегенмен Нобель сыйлығы үкі­метке қарсы оппозиция өкіліне берілуі керек деген пікірді ұстана­тындар бар. Шындығында солай болу керек пе? Нобель сыйлығы әдебиеттегі жетістігі, жазылған шығармасына қарай берілмеуші ма еді?!

– Алайда еліңізде жазғаны үшін сотталып, қудаланған жандар бар. Атақ-даңқыңыз бен абы­ройыңыз­ды алға тартып, солардың мүддесін қорғап, үн тастау қажет деп ойламайсыз ба?

– Лю Сяобо қамауда болған кезде оны бостандыққа шығару керегі туралы айтқаным бар. Сонда үлкен сынның астында қалдым.

– Лю Нобель сыйлығын 2010 жылы алды. Бәлкім, бір рет пікір білдіргеннен гөрі оны үнемі қолдайтын үндеулер жариялау керек па еді?

– Маған мәдени революция кезіндегі қайталау рәсімі туралы ескертіп отыратын. Бір нәрсе айтқым келсе, мені ешкім тоқ­тат­пайтыны анық. Ал сол мәселеге қатысты тіл қатпаймын десем, ешкім де ешнәрсе де мені сөйлете алмас.


Ағылшын тілінен аударған 
Ақбота ИСЛӘМБЕК