Ғашық болдым Стамбұлға

Газет мақаласы "Айқын" газеті №92

Бауырмалдықтан басталып кетіп ішкі ән бір,
Ұшаққа мініп, ұшқыр деп біліп құстан бұл,
Жеткенде жылдам,
Туғалы біздер көрмеген
Түріктер тұрды – құшақтарына қысқан гүл.
Әуелден қаны, тамыры ортақ жандармен,
Әуежайынан амандасады Стамбұл!

                                    Күләш АХМЕТОВА

Ғашық болдым Стамбұлға

Ақын апамыз айтқандай, тари­хы тасқа, шежіресі құмға сіңген Стамбұлды көру бақыты бізге де бұйырды. Жақында қазақ­стандық бір топ тілші Turkish Airlines компа­ния­сының қызмет сапасымен та­ны­сып, Стамбұлдың тарихи орын­дарын аралап келдік. Сонымен...

Әлемдегі көне шаһарлардың біріне жататын бұл қала – кезіндегі Рим, Византия, Осман империя­ларының астанасы. Ал 2010 жылы күллі Еуропаның мәдени астанасы атанған Стамбұл, бар әлемге өз жәдігерлерін паш етіп, түрік эконо­микасына туризмнен түскен табысымен елеулі үлес қосқан қала. Осыған қарап-ақ, өнеркәсібі өрге домалаған портты шаһардың одан бергі дамуын бағамдай бері­ңіз. Біз де биыл ғана іске қосылған жаңа әуежайға түстік. 200 миллион жолаушыға арналған әуежайдың талайдың таңдайында жүретіндей себебі де бар екен. Түркияның жалпы кірісіне бес пайыз табыс әкелетін әуежай 225 мың адамды жұмыспен қамтиды. Ең қызығы, бұл елді көруге асығып, ағылып кел­ген адамдардан әуежайдың тым үлкендігі білінбейді. Біздің көңі­лі­міз­дегі түрік бауырлардың беделін аспандатқан алғашқы көрініс еді бұл.

Алдымен, ел аузында «Көк мешіт» атылып кеткен атақты Сұл­тан Ахмет мешітіне табан тіредік. І Сұлтан Ахметтің тапсырмасымен салынған мешіт – 6 мұнара мен биіктігі 43 метр, ал диаметрі 23,5 метр ауқымды алып жатқан ғажап көк күмбезбен көмкерілген. Ау­мақ­тан бірнеше алаң мен субұр­қақ­тарды тамашалауға болады. Мешіттің мінәжат ететін қуысы михраб мәрмәрдан соғылып, Мек­ке­ден әкелінген қара тас қойыл­ған. Сонымен қатар клас­си­калық осман және византиялық шіркеу­лер үлгілері үйлестірілген. 260 терезесі бар.

Исі мұсылманның арманы Алланың үйіне кіріп, тәу ету бірін­ші мақсатымыз еді. Ол орын­далды. Жалпы, тек осы Стамбұлдың өзін­де 3000-ға жуық мешіттің бар­лы­ғы жергіліктің халықтың дінге берік­ті­гінің дәлеліндей.


Тағы бір ғажабы, қала қанша­лықты үлкен болса да, жаяу жүруге соншалықты құмартасың. Аяқ тал­дыратындай аумақты алып жат­қан шаһарды жаяу аралауға жалық­пайсың. Көк мешіттен шығып, Осман патшаларының орда­сы саналатын Топқапы сарайы­на біз де жаяу-жалпылатып жеттік. Сол аралықта қаланың бір-біріне ұқсас, әсем күмбезбен көмкерілген түрлі ғимараттарына қарап, керемет көшелеріне куә болдық. Түрік бауырларымыздың кез келгені саған мейман деп қарай алады. Құрметтейді. Тағы бір аңғарғанымыз, көшелері қанша­лықты тар, ығы-жығы адам болса да адамдардың көңілі соншалықты кең, керемет бір тыныштыққа толы аура бар. Асығып-аптыққан адам көрмейсің. Бір-бірінен «кешірім» сұрап, ілтипат көрсеткен бір халық. Түріктер баланы қатты жақсы көреді. Баланы бағаламай­тын ұлт жоқ шығар, бірақ ұлтына, ұлысына қарамай бірдей жақсы көріп, барлық жағдайды жасауға тырысатын ел екені сырт көзге анық байқалады. Өйткені қалада балаларға арналған ойын алаңдары мен демалыс орындары өте көп. Маған бұл қала құдды бір мейірім мекеніндей көрінді.

Осындай көңіл күймен әлемге әйгілі Топқапы музейіне де табан тіредік. Бізге қаланы таныстырып, тарихтан там-тұмдап әңгіме айтып жүрген Жемиле ханым туған тарихы туралы сөз еткенде, ерекше бір мейіріммен, махаббатпен жеткізеді. Біз де білмейтінімізді тәптіштеп сұрап, көңілге қонымды жауап ала алдық.

1453 жылы II Мехмет бастаған османлы әскері Константинополь қаласын басып алады. Сол кезде Топқапы орнында Византия импера­торларының сарайы болған екен. Бұл сарайдың қазіргі уақытта қалдықтары қалған жоқ. II Мехмет жеңістен кейін Византия сарайы­ның орнына осы Топқапы сарайын салдыртқан. Ең алғашқы 50 жыл бойы бұл сарай сұлтандар­дың басқару резиденциясы болған. Алғашқы 50 жылда Топқапы сарайы сұлтандардың тек жұмыс орталығы ғана болған, осы жағдай II Баязит сарайы кезінде де орын алған. I Сүлеймен сарайды қайта салған. Бұл II Мехмет негізін қала­ған­нан кейін болған ең үлкен өзгерістердің бірі. 1854 жылы бұл сарайдың құрылысы жалғастырыл­ған, 400 жыл бойы Ұлы Османлы мемлекетінің басты сарайы болып қал­ған. Ал 1923 жылы музей ата­ған. Міне, біз осы музейде тұрмыз. Жемиленің айтуынша, бұл аумақ­ты толық аралап шығу үшін кемі 15 күндей уақыт керек. Өйткені бұл музейдің ауданы — 700 000 шаршы метр. Бұдан бөлек, музейдің сыр­ты­­нан 1400 метр болатын қоршау­мен айналдырыла қоршал­ған. Топқапы жәдігерлерінің саны 65 мың шамасында көрінеді. Ал біз жарты күнде ең қызықты орында­ры­на ғана бас сұқтық.

Бұдан соң шағалалары шарқ ұрған Мәрмәр теңізінің үстінде, ақша бұлттай алаулаған көңіл күй­мен ақ кемеде отырып, балық­тың түр-түрінен әзірленген ас іштік.

Екінші күні түске дейін Turkish Airlines компаниясы ұшқыштары­ның жаттығу орталығында болдық. Ұшқыштарды әзірлеу құрылғы технологиялары мен әдіс-тәсілдері жыл сайын жаңарып отыратын орталықта өзіміз де ұшақ симуля­тор­ларын жүргізіп көрдік. Бұл орталықтан жыл сайын 10 мыңнан астам адам ұшқыштыққа тәрбие­ле­ніп отырады екен. Оларға еш дамылсыз, тоқтаусыз 24 сағат бойы сабақ жүргізіледі. Осыған қарап-ақ компанияның жолаушының сәтті жолы үшін істейтін жауапты жұмысына тәнті боласың.


Сонымен қатар бұл базада борт­серіктерді де тәжірибеден өткі­зіп, біліктілігін шыңдап, апат­ты жағдайларда қандай әре­кет­тер істеу керегін үйретеді. Біз барған тұста түркиялық әуе компанияда жеті жылдан бері қызмет етіп келе жатқан аға ұшқыш жас ұшқыш­тарға өз кеңесін беріп жатты. «Бірін­­шіден жас ұшқыштарға бе­рер кеңесім – қауіпсіздік. Жақ­сы ұшқыш экипаж үшін де және өз өмірін сеніп тапсырған жолаушы­лар үшін де жауапты екенін сезінуі тиіс. Командада жұмыс істеу өте маңызды. Ұшқыш­тың өмір сүру стилі ерекше. Ол күтінуі тиіс, физи­калық қалпы жақсы болуы керек. Денсаулығы мықты әрі әрдайым біреулер үшін жауапты екенін ойдан шығармауы керек. Сол үшін де демалысы, әлеуметтік өмірі, өмірдегі белсенділігі оның кәсібіне тығыз байланысты», – деді ол.

Тurkish Airlines компаниясы­ның ұшақтары 1992 жылдан бері Қазақстанға ұшып келе бастады. Қазіргі уақытта Астана мен Алматы қаларынан күн сайын Түркияның бірнеше қаласына тікелей рейстер ашылған. Шамамен әуекомпания жылына 120 мың қазақстандықты тасымалдайды екен.

Turkish Airlines компаниясы жыл сайын қатарынан Еуропаның ең үздік әуе компаниясы атағын жеңіп алады. Мұның сыры мен себебіне біз осы сапарымызда көз жеткіздік. Аузын айға білеген Еуропа елдері оңайлықпен мұндай мәртебені түркиялық компанияға жайдан-жай бермейді екен. Бұл компания сол атаққа сай халыққа қызмет етіп келе жатқан әлемдік үздік әуекомпания екеніне көзіміз жетті, көңіліміз сенді.

Сол күні журналистер Turkish Airlines компания басшылығымен кездесу өткізді. Компанияның Азия елдері және Қиыр Шығыста сату вице-президенті Тунджай Еминоглы әуе жолы компаниясы­ның болашағы, оның даму саты­лары мен мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, Turkish Airlines әуе компаниясы Еуропа, Азия, Африка аймақта­ры­на тасы­мал­дау жұмыстарын жүргі­зіп келе­ді. Компания 1933 жылы 20 ма­мыр­да құрылған. Әуеком­па­ния ең сапалы әрі ең жаңа техно­ло­гиялар негізінде жабдықталған. Ұшақ­та­ры­ның орташа жылы – 3 жыл. Сон­дай-ақ Turkish Airlines Еуропа мен Азиядағы ең жоғары сапалы дайындық орталықтарына ие. 2006 жылы желтоқсан айында компания Star Alliance қатарынан көріне білді.


Тағы бір айта кетерлігі, журна­лис­тер жағы бизнес класпен ұш­тық. Компанияның жүзі жылы қызметшілері ерекше мәзірін ұсын­ды. Дәмі тіл үйірер дәмді тағам­дар, жоғары сапалы қызмет, жайлы орын... барлық жағ­дай жа­сал­ған. Ұшақ ішінде өз үйіңде отыр­ғандай сезіне­сіз. Қалаған киноң­ды көре­сің. Газет-жур­нал­­­дың түрлі-түрлісі бар. Ұшақтың ұшу ақ­па­ра­ты да (биіктік, темпера­тура, қашық­тық т.б.) көз алдыңда тұрады.

Бизнес-кластың тамақ­танды­ру деңгейі өте жоғары сапалы. Онда қалаған уақыты­ңыз­да көңі­лі­ңіз қалаған ас мәзірінің түрлеріне тап­сырыс бере ала­сыз. Бизнес-класта ұшқан ұшақ жолау­шы­ларына әуежай­лар­да арнайы дема­лыс орындары ұйым­­­дастырылған. Межелі орынға ерте бара қалсаңыз, әлгі де­ма­­лыс орын­да­рына қа­лағаныңызша ұйық­тап алу­ға төсек жайлар да қарас­ты­­рылған. Жуы­нып-шайы­нып алу үшін душ кабина­лары да жұмыс істейді. Киіміңді де үтіктеп аласыз. Өзіңіздің сүйікті тамақ түрлеріне де тапсырыс бересіз.

Turkish Airlines компаниясы жолсеріктерді тек ағылшын мен түрік тілін білетіндерді ғана емес, ұшақ қатынайтын елдің төл тілін білетіндігіне қарап таңдайды. Мәселен, біз мінген ұшақта қазақ тілінде білетін жолсерік болды. Сондықтан тіл білмейтін елдің азаматы өзін емін-еркін ұстап, қалаған затына тапсырыс береді, жолаушы ұсыныс-тілектері мен сұрақтарына өз ойындағыдай жауап алуға толықтай мүмкіндік алады. Біз отырған бизнес-класта қазақ және орыс тілдерін жетік білетін жолсеріктер қызмет көрсе­тіп жүрді. Бұның бәрін әуе компа­ния­сының ұзақ жылдар бойы жетіл­дірген тәжірибесі деп қана емес, өзге бәсекелес әуе компания­лары­нан басып озар артықшылығы деп бағалар едік.

Turkish Airlines – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін толық пайдалана білетін, жолау­шы­лар тасымалдауда барынша заман талаптарына сай жетістік­тер­ді қолдана алатын бірегей ком­па­ния. Ол қолжетімді билет­тері­мен қатар ол өз тұтыну­шыларына барын­ша жағдай жасауға тырыса­тын­дығы­мен-ақ халық ықыласына бөленіп отыр.

***

... Стамбұлдың сиқыры бар. «Сәулеті келіскен әсем шаһарды бір көрген адам қайтадан көргісі келіп тұрады» дегенді жиі еститін едім. Рас екен. Мәрмәр теңізі мен оның үстінде қалықтап қанат қаққан ақ шағалалармен мен де қимай-қимай қоштастым...

Нұр-Сұлтан – Стамбұл – Нұр-Сұлтан