Еуропалық Одақ пен Орталық Азия тығыз әріптестік орнатуы қажет

Бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізу үшін аймақтық және аймақаралық ынтымақтастықты талап ететін қазіргі тығыз байланыстар заманында Еуропа мен Орталық Азия бұдан бұрын соншалықты жақын болған емес. Ал өзара тығыз әріптестіктің жемістері сондай айқын болмады.

Еуропалық Одақ пен Орталық Азия тығыз әріптестік орнатуы қажет

Біз Орталық Азия үшін маңызды өзгерістер кезеңіне куә болып отырмыз. Орталық Азия мемлекеттері ашылып, реформаларды жүзеге асырып, өзара аймақтық ынтымақтастықты ілгерілетуде. Олар тәуелсіздіктің нығаюы мен өзара байланыстардың артуы арқасында күшейе түсті. Қысқасы, Орта Азияның саяси салмағы оның географиялық орналасуымен анықталған Шығыс пен Батыстың маңызды әріптесі рөлімен айқындалады. Дегенмен, бірқатар сын-тегеуріндер әлі де бар.
Бүгінгі жаңа оң саяси ахуалда Еуропалық Одақ және оған мүше барлық мемлекеттер Орталық Азиямен әріптестікке жаңа көзқарасын айқындады. Біздің жаңа стратегиямыз аймақтың тұрақтылығы мен өркендеуін қолдап, қазіргі кең ауқымды ынтымақтастығымызға негізделіп, азаматтарымыздың игілігін көздейтін жаңартылған ЕО – Орталық Азия әріптестігін құруға бағытталған.
Еуропалық Одақ – аймақтың табиғи әріптесі. Біздің көршілермен әріптестікті және интеграцияны арттырудың маңыздылығын растайтын тарихымыз бар және біз бұл тәжірибемен саяси ойындардан аулақ ашық бөлісе аламыз.
Біз Орталық Азия елдерін әлеуметтік, экономикалық немесе экология сияқты салаларда тұрақты болуын қолдаймыз. Бұл тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру, азаматтық қоғам үшін жағдай жасау, заң үстемділігі мен тиімді басқаруды нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жастар мен әйелдер үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.
Сонымен қатар біз аймақтың гүлденуіне үлес қосқымыз келеді. Әлемдегі жеке инвестициялардың ең ірі көзіне айналған Еуропалық Одақтың қолайлы іскерлік климат жағдайында аймақтағы тұрақты өзара байланыстарды орнату бойынша жобаларға салмақты және сапалы инвестицияларды бөлуге әлеуеті бар. Осы мақсатта Еуроодақ аймақтың экономикасын реформалау мен жаңғыртуға, соның ішінде жеке сектордың күшеюі мен дамуына үлес қосуды жалғастырады. Сондай-ақ Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерінің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіруіне басты қолдаушы болып қала береді.
Осы екі негізгі аспектіден басқа, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия екі аймақты біріктіруге, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі байланыстарды нығайтуға ортақ күш жұмылдырып, бұл әрекеттердің тұрақты, ашық және қағидаларға негізделген тәртіпте, қарызсыз және сапасыз инфрақұрылымнан аулақ жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге ұмтылатын болады.
Еуропалық Одақ қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын басқару, лаңкестікке және есірткі айналымына қарсы күрес сияқты бірде-бір жеке мемлекет жалғыз төтеп бере алмайтын қауіп-қатерлерді еңсеру үшін Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа дайын.
Ауғанстандағы бейбітшілік мәселесі халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде Орталық Азиядағы серіктестеріміздің белсенді қолдауын қажет ететін тағы бір мәселе. Ауғанстанды тиісті аймақтық форматтар мен бағдарламаларға еліктіру, сондай-ақ Ауғанстан мен Орталық Азия әріптестерінің аймақтық және үшжақты ынтымақтастық жобаларын қолдау, біздің бірлескен жұмысымыздың басымдылығы болып қала береді.
Осы аптаның демалыс күндері Бішкек қаласында Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдерінде сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы аймақтық басқосуы өтеді. Еуропалық Одақтың басты айтары – біздің әріптестігіміз аймақтың және Еуропалық Одақтың азаматтарына нақты тиімділіктер әкеледі, соның ішінде одан әрі тұрақты және әртараптандырылған экономика, студенттерге Еуропада тәжірибе жинауға, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ бейбіт және қауіпсіз аймақты орнату. Бүгінгі заманда біз екі аймақ арасында тығыз әріптестік орнатуымыз қажет. Осы мақсатқа жету үшін бірге күш жұмылдырайық.

 

Федерика МОГЕРИНИ,
Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және
қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі,
Еуропалық Комиссияның Вице-президенті,

Невен МИМИЦА,
Халықаралық ынтымақтастық және
даму жөніндегі еуропалық комиссар