Әйелдерге шетелге шығу құқығы берілді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №118

Сауд Арабиясының билігі әйелдерге қамқоршы ер азаматтың рұқсатынсыз шетелге шығу мүмкіндігін енгізді. Жаңа ережеге сәйкес,  21 жастан асқан әйелдер шекара асу үшін төлқұжат жасауға өтініш бере алады.

Әйелдерге шетелге шығу құқығы берілді

Осыған дейін елдегі әйелдер шетелге сапарлау немесе төлқұ­жат алу үшін әкесі, күйеуі немесе басқа да туыстық байланысы бар ер азаматтың рұқсатын алуы керек болатын. 1948 жылы қабылданған Адам құқықтары жө­ніндегі жалпыға ортақ дек­ларацияға сәйкес, еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерді таңдау адамның ең маңызды құқығы саналады. Әйелдер құ­қы­ғын кеңейткен жаңа жарлық бойын­ша, енді әйелдерге некені тір­кеу, ажырасу немесе балаға туу ту­ралы куәлік алу құқығы бері­ле­ді. Сауд Арабиясындағы бірқатар гендерлік өзгерістер ханзада Мұхаммед ибн Салман тұсында басталды. Ол әйелдерге көлік жүргізуге, спорттық шараларға баруға рұқсат берді. 2016 жылы хан­заданың бастамасымен жа­рия­ланған экономиканы дамы­ту­дың 2030 жылға дейінгі жос­парында жұмыс істейтін әйел­дердің үлесін 22 пайыздан 30 пайыз­ға дейін арттыру көз­делген. Ел­дегі оң өзгерістерге қарамас­тан, Сауд Арабиясынан қашуға талпынған әйелдердің де саны ар­тып келеді. Мәселен, 2018 жы­лы Канада 18 жастағы Рафак Мұ­хаммед әл-Кунун деген қызға саяси баспана берді. БҰҰ оны «бос­қын» деп таныды. Ата-ана­сымен бірге Кувейтте жүрген ке­зін­де қашып шыққан бойжет­кен Тайландқа келіп, қонақүйден видео жазған. Видеода қыз ша­шын кескені үшін ата-анасының қысымына ұшырағанын, Ислам дінінен бас тартқаны үшін Сауд Арабиясында өлім жазасына ке­сілуі мүмкін екенін айтып, көмек сұ­раған. Халықаралық ұйым­дар­дың назарын аударған видеодан кейін Рафак Мұхаммед әл-Кунун Канадада тұруға мүмкіндік алды.

Өткен жылы Amnesty International Сауд Арабиясы билігін «ел­дегі саяси қызметпен айна­лы­сатын белсенді әйелдерге қа­тыс­ты азаптау шараларын қолданды» деп айыптаған. Бүкіләлемдік эко­номикалық форумның ба­ғалауынша, жыныстар ара­сын­дағы теңдік бойынша Сауд Ара­бия­сы 149 мемлекеттің ішінде 141-орында тұр.