Гонконгта 44 ереуілші жауапқа тартылады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №118

Гонконгта үкіметке қарсы наразылық жалғасып жатыр. Жексенбі күні полиция мен наразылар арасында қақтығыс болып, 44 демонстрантқа «қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін» айып тағылды. Сотта айыптаушы тарап жеңіске жетсе, азаматтар он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыптау мәлімдемесінде «Наразылар жол жүру белгілері, жарық шамдары мен қоршауларды бүлдірді. Қолдарына кірпіш пен темір істік сияқты өмірге қауіп төндіретін заттар алып, полицияға шабуылдады» делінген. Полиция дерегінше, жексенбі күнгі қақтығыстан кейін 16-41 жас аралығындағы 49 адам ұсталған (32 ер, 17 әйел). Олардың қатарында қару ұстағаны үшін айыпталған азамат та бар.

Гонконгта 44 ереуілші жауапқа тартылады

Гонконг үкіметінің азаматтарын Қытайға экстрадициялауға рұқсат беретін заң қабылдауына қарсылықтан басталған наразылық бірнеше аптадан бері басылмай тұр. Қала көшелеріне шыққан мыңдаған азаматтың белсенділігі Гонконг үкіметінің аталған заңға мораторий жариялауына әкелді. Бірақ халық наразылығы демократиялық реформалар туралы талапқа ұласып, үдей түсті.

1842 жылы Гонконгты иеленген Ұлыбритания 1898 жылы аралдың жаңа территориялар деп аталған басым бөлігін Цин империясынан 99 жылға жалға алған. Қытай 1911 жылы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялағанда Ұлыбритания бұрынғы келісімнің күшін жоймай, міндеттемелерін орындауды жалғастыра берген. 1997 жылы жалға беру мерзімі аяқталған кезде Қытай «бір мемлекет, екі жүйе» саясатының аясында Гонконгқа 2 047 жылға дейін автономия берген. Келісім бойынша қорғаныс пен сыртқы саясат Қытайдың міндетіне кіргенімен, заң қабылдау, полиция қызметі, ақша бірлігі мен миграция сияқты ішкі мәселелер Гонконгтың билігінде қалды. Гонконгта Қытаймен салыстырғанда еркіндік көп. Бірақ жергілікті халық жылдан-жылға белсенділерге қысым артып келе жатқанын айтады. Соңғы жылдары елде жалпыға бірдей сайлау құқығын беру туралы талаптар күшейіп, Гонконг жастары арасында Қытайдың орталық басқару жүйесіне деген наразылық өршіген. Өйткені Гонконг басшысын 1 200 адамнан тұратын сайлау комитеті тағайындайды. Олардың дені – Бейжіңнің қолдауымен келген азаматтар. Заң шығарушы органның 70 мүшесінің басым көпшілігі қызметке Қытайдың ықпалымен келеді.

Гонконг – Қытайдың бір бөлігі. Дегенмен онда тұратын халық негізінен этникалық қытайлар болғанымен, жергілікті азаматтар өздерін «қытайлық» деп есептемейді. Гонконг университеті жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, халықтың көбі өзін «гонконгтық» деп атаған. Азаматтардың 11 пайызы ғана өзін «қытайлық азамат» ретінде сезінетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 71 пайызы «Қытайдың азаматы болуды мақтан тұтарлық дүние көрмейміз» деген.

Қытай әскери гарнизонының басшысы, генерал-майор Чэнь Даосян Гонконг үкіметін қолдайтынын, қылмыскерлерді заң талаптарына сай жазалау керегін айтты. Оның бұл мәлімдемесі «Гонконг­т­ағы наразылықты басуға Қытай әскері қолданылуы мүмкін» деген қауіпті өр­шітті. 24 шілде күні Қытай қорғаныс ми­нистрлігінің ресми өкілі У Цянь наразылық шарасына Қытайдың араласу ықтималдығы туралы журналистер сұрағына «Гон­конг Қытай әскерінен қо­ғамдық тәртіпті сақ­тауға көмектесуін сұ­раса, әскер көшеге шы­ғады» деп жауап бер­ген.