Қару «қорқынышқа» айналды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Өткен аптаның соңында екі түрлі штатта бір тәулік ішінде 13 cағат айырмашылықпен болған екі қанды оқиға АҚШ халқын дүр сілкіндірді. Мексикамен шекарада орналасқан Эль-Пасода қарулы азаматтың  халық үстінен оқ жаудыруынан 22 адам қаза тауып, 24 азамат жараланған. Шұғыл шақыртумен алты минутта жеткен полиция қылмыскерді оқиға орнында ұстаған. Артынша қоғамдық орында адамдарды жаппай атқылау оқиғасы Огайо штатындағы Дейтон қаласында тіркелді. 24 жастағы қылмыскер оқ жаудыра бастағанына отыз секунд өткенде сол маңдағы түнгі клубтарды тексеріп жүрген полиция қолынан қаза тапқан. Отыз секунд ішінде ол 9 адамды оққа ұшырып, тағы 27 тұрғынды жаралап үлгерген. Енді оқиғаны тарқатып айтсақ.

Қару «қорқынышқа» айналды

Мексикалықтар дүкен аралауға жиі келетін шекаралық Эль-Пасодағы жаппай кісі өлтіру оқиғасына жауапты Патрик Крусиес қылмыс жасаған жеріне мың шақырым қашықтықтағы Аллен қаласынан арнайы келген. 21 жастағы азамат қаруды заңды түрде сатып алған. Бірнеше сағаттан кейін Огайода 24 жастағы Коннор Беттс 9 адамды өлтіріп, 27 адамды жаралаған. Қаза тапқандардың қатарында оның әпкесі Меган Беттс те болған. Бұл жолы да қылмыскердің қаруды Техастан заңды түрде тапсырыс беріп алдырғаны анықталды.

Эль-Пасодағы қанды оқиғадан 20 минут бұрын онлайн хабарландырулар жариялайтын сайтта әлдекім «Бұл шабуыл латынамерикалықтардың Техасты басып алуына берілген жауап» деп жазған. Төрт беттен тұратын құжатта автор биыл наурыз айында Жаңа Зеландияның Крайсчерч қаласында 51 адамды атып өлтірген қылмыскердің әрекетін қолдайтынын білдірген. Полиция мәтін авторы Патрик Крусиес болуы мүмкін деп топшылайды. Әзірге жаппай кісі өлтіру фактісіне не себеп болғаны белгісіз. Бірақ қарулы шабуылдан бұрын жарияланған мәтін мен қылмыстың латынамерикалықтар тұратын қалада (Эль-Пасода 680 мың латынамерикалық тұрады) ұйымдастырылуына қарап, оқиғаның астарынан расистік көзқарастар іздеп жатқандар да бар. Олардың бір тобы қайғылы оқиғаға байланысты Дейтонға арнайы келген Дональд Трампты наразылық шеруімен қарсы алды. New York Times басылымы тілшілерінің айтуынша, наразылар «Трамптың осыған дейін айтқан имиграцияға қарсы сөздері расистік экстремизмге қозғау салып отыр» деп есептейді. Бірақ Дональд Трамп өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарды. Ол журналистермен сұхбатында өз сөзі қоғамдық көңіл күйге аса қатты әсер етпейтінін айтқан. Техастағы конгресс мүшесі Вероника Эскобар Дональд Трамптың мойнына артылған жауапкершілік туралы пікір білдірді.

– Мен Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, оған атыс құрбаны болған сайлаушыларымнан естігендерімді жеткізгім келеді. Ол өз сөздерінің салмағы мен салдары бар екенін түсінуі керек. Трамптың мексикалықтар, мигранттар және өзге де азшылық өкілдері туралы айтқан расистік мәтіндегі сөздері басқа адамдардың бойында жеккөрініш сезімін туғызады, – деді ол.

Дональд Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде жасаған мәлімдемесінде жаппай кісі өліміне соқтыратын факторлар ретінде БАҚ-тың жауапсыздығы мен компьютерлік ойындарды атады. АҚШ президенті «Ақпарат құралдары елдің қауіпсіздігі үшін жауапты. Жалған ақпарат жылдар бойы жеккөрініш сезімінің өршуіне әкеп соқты. Жаңалықтар шынайы, объективті болмайынша, мәселе ушыға береді» деді.

Демократиялық партия өкілдері мен бірқатар қоғам белсенділері жаппай кісі өлімін қару ұстауға шектеу қою арқылы ғана тоқтатуға болады деп сенеді. АҚШ Конституциясына сәйкес, азаматтарға қару ұстау құқығы берілген. Демократтар қарудың барлық түрін қатаң қадағалауға алып, шапшаң атылатын жартылай автоматтық қаруларға тыйым салуды ұсынады. Мұндай шектеулер қазірдің өзінде үкіметінде демократиялық партия мүшелері басым штаттарда күшіне енген. Республикалық партия өкілдері әдетте «америкалықтардың қару ұстау құқығына құрметпен қарау керек» деп, бұл салада қатаң шектеулер енгізуге асықпайды. Сарапшылардың бір тобы мұны партияның Дональд Трамптың сайлау кампаниясына қолдау көрсеткен лоббистермен байланысынан көреді. Бірнеше азаматтың өлімімен аяқталған оқиғалардан кейін, оның себебін қылмыскердің жеке наразылығы мен психикалық ауытқудан іздеу әдетке айналған. Осы жолы да қатаң сюжетті видеоойындарды кінәлаған Трамп сөзі интернетте #VideogamesAreNotToBlame (Ойындар кінәлі емес) хэштегін пайдаланған белсенділердің жаппай пікір білдіруіне ұласты. Геймерлер компьютерлік ойындар арқылы күйзелісті жеңіп, жаңа достар тапқанын, сындарлы ойлауға бейімделгенін жазған. Олардың арасында Трампқа бағытталған «Қарудың еркін сатылымын шектеу шарасын байқап көрсеңіз қайтеді?» деген мысқал үндеулер де бар.

Қоғамдық орында жаппай кісі өлтіру АҚШ тарихындағы алғашқы оқиға емес. Gun Violence Archive тобының мәліметінше, жаппай кісі өліміне құрбан саны төрт адамнан артық болған оқиғалар жатады. Жыл басынан бері аталған деректер базасында осындай 253 оқиға (276 адам қаза тауып, 1054-і жараланған) тіркелген. 2012 жылы 14 желтоқсанда Коннектикуттағы Сэнди Хук бастауыш мектебіне келген қарулы қылмыскердің қолынан 20 бала мен 6 ересек адам қаза тапқан. «Сэнди Хук» оқиғасынан бері АҚШ-та 2 078 қоғамдық шабуыл тіркеліп, 2 458 адам қаза тапқан. Қанды оқиғалар кезінде 9 119 адам жараланған. АҚШ – дамыған елдердің арасында қолданыста жүрген қару саны және онымен байланысты қылмыстардың тіркелу жиілігі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Gun Violence Archive тобы қарудың қатысымен тіркелетін өлімдердің көбейіп келе жатқанына назар аударады. Бір қызығы,   2016 жылы қарудан болған 39 мың өлімнің тек 2 пайы­зы ғана жаппай кісі өлтіру фактісіне жатқызылған. 14 мың адам қасақана кісі өлтіруден, 24 мың азамат қару көмегімен суицид жасаудан қаза тапқан. Бұл қару еркіндігі қоғамдық орынға шығып, айналасының бәрін қырып салатын ішкі террактіден бөлек, екеуара жанжал кезіндегі кісі өлімі мен суицид санының да артуына үлес қосып отырғанын көрсетеді.