Иордания королі Дубай әмірінің жарының тағдырына араша түсті

Дубай әмірі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумның экс жұбайы болған, Біріккен Араб Әмірлігінен қашып шыққан Хайя бинт әл-Хусейн ханшайымның тағдырында күтпеген өзгеріс болды.

Иордания королі Дубай әмірінің жарының тағдырына араша түсті
Суретте Хайя ханшайым, БАӘ әмірі және Иордания королі

Хайя бинт әл-Хусейн екі баласын және 40 миллион долларды алып, жұбайынан қашып шығып, БАӘ-ні тәрк еткен еді. Ханшайым Лондондағы Кенсингтон сарайы жанындағы жекежайға орналасып, ажырасуға арыз берген. Бұл туралы шілденің соңында айқын болды.

Arabian Royal Agency ақпарына сәйкес, Иордания королі ІІ Абдолла ибн Хусейн – ханшайымның ағасы. Ол қарындасын Иордания елшілігі өкілінің Ұлыбритания астанасындағы орынбасары етіп, ханшайымды еліне күшпен қайтарып алуға жол бермеген. Енді Хайят бинт әл-Хусейн мен оның екі баласы дипломатиялық қол сұғылмау құқығына ие, ал британ билігі оларды БАӘ мен жұбайы Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға бере алмайды.

Дегенмен, басылым Британия билігі ханшайымды дипломат ретінде қабылдай ма, әлде жоқ па оны қарастыратындығын жазады.