Трампқа импичментті неге жарияламақ?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

АҚШ-тың атышулы президентін заңға сәйкес қызметінен кетіруі мүмкін. АҚШ-тың Қауымдар палатасы Д.Трамп Украинаға қысым көрсетпек болғаны үшін импичмент жариялау процесін бастап кетті. Алайда Америка конгресмендері неге аяқ астынан алыс-берісі аздау алыстағы Киевті қорғауға көшті?

Трампқа импичментті неге жарияламақ?

Даудың басы. АҚШ-тағы қа­зіргі саяси дағдарыс өз бастауын Украинада жаңа президенттің сай­лануынан алады. Шілде айында АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға жеткізіліп тұрған әскери көмекті ат құйрығын кескендей кілт тоқтатты. Саясатта шөптің басы да бекер қимылдамайды. Ресеймен Донбасс үшін соғысып жатқан Украина үшін америкалық қолдаудың маңызы зор. Алайда соны біле тұра Трамп жоғарыдағы шешімді қабылдады. Көп өтпей 25 шілде күні АҚШ пен Украина президенттері телефон арқылы сөйлескен. Вла­димир Зеленский әскери көмекті жал­ғастыруды сұраған болар. Осы сәтті пай­даланып, Трамп өз бұйым­тайын жеткізеді. Ол – АҚШ-тың экс-вице-президенті, Демократиялық партияның келер жылғы президент сайлауындағы басты үміткері Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге қатысты Украинада жемқорлық мәселесі бойынша қылмыстық іс ашу еді. Кейін Трамп пен оның адвокаты Руди Джулиани Зеленскийге бұл ұсынысты бірнеше ай бойы жасағаны белгілі болды.

Құпия әңгіме қалай жария бол­ды? Екі ел президенттерінің телефон арқылы жасалған әңгімесі қатаң құпия болып есептелері хақ. Алайда Трамп Зеленскийге саяси қысым көрсетіп жатқаны мәлім болды. Оны АҚШ-тың барлау қызметінің өкілі анонимді түрде хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, Д.Трамп Украинаны 2020 жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауына заңсыз араластыруға тырысқан. Оған қоса қос басшының әңгімесіне құпия мәр­тебесі берілген. Заң бойынша рапорт жа­салғанда әңгіменің жазбасы Қауым­дар палатасы мен Сенаттың қа­рауына жіберілуі тиіс. Осыған қа­­рамай, Трамп пен Зеленский әңгі­месінің жазбасын Ақ үй ешкімге бермеуге тырысқан. Аталған жайт мәлім болған кезде Конгрестегі Қауымдар палатасының басшысы, демократ Нэнси Пелоси бұл іске қа­тысты тергеу ісін жариялады. Яғни, басқаша айтқанда, Трампқа импичмент жариялануы мүмкін про­цесті бастап кетті. Пэлосидың пі­кірінше, АҚШ президенті сай­лау процесінің әділдігін бұзып, пре­зи­дент қызметінің абыройын төгіп жатыр. Енді істің анық-қанығын білу үшін АҚШ-тың Мемлекеттік хат­шысы Майк Помпое және президенттің адвокаты Руди Джулиани куәгер атануы мүмкін. Бұған дейін АҚШ-тың Украинадағы арнайы өкілі болған Курт Волкер, АҚШ-тың Еуроодақтағы елшісі Гордон Сондленд Конгресс алдында куәгер ретінде сұрақтарға жауап берді және оның жауаптары көпшілікке жарияланды. Әрине, бұл бұрын-соңды кездеспеген жайт. Себебі онда Американың сыртқы саясаты, Украинаның ішкі жағдайына орай құпия тақырыптар айтылған еді.

Халық не дейді? Ел президентін қызметінен кетіруге қатысты ха­лық­тың пікірі қақ жарылып отыр. Washington Post-ABC News жүр­гізген сауалнамаға сай, 49 пайыз америкалықтар импичментті қол­дай­ды, 47 пайызы қарсы. Бұл мәселе­дегі ұстанымға азаматтардың саяси көз­қа­расы да ықпал еткен сыңайлы. Мәселен, Трампты билік­тен кетіруді құп көретіндердің 82 пайызы де­мократтар болса, оны қолдау­шы­лардың 82 пайызы республи­ка­лықтар. Ал Дональд Трамп республи­ка­лық партиядан сайланға­нын еске салған артық болмас.

Халық өкілдері қалай дауыс береді? АҚШ конституциясы бойынша им­­пичмент процесін бастауға Кон­­грестің төменгі палатасы – Қауым­дар палатасы бастайды. Олар пре­­зи­­дентке нақты айып тағып, оны Конгрестің жоғарғы палатасы – Се­натқа өткізеді. Қазір Қауымдар пала­та­сында Демократиялық пар­тия­ның өкілдері басым – 235. Сон­дық­тан олар өз құқығын ұтымды қол­­да­нып отыр. Алайда заңға сәйкес, сенат сот рөлін атқарып, шешім шығарады. Олар тағылған айыптың ақ-қарасын анықтап, дауыс беруі керек. Егер ондағы 100 сенатордың 67-і айыппен келіссе, импичмент жүзеге асуы мүмкін. Алайда онда қазір республикалық партия өкілдері басымдыққа ие – 53, демократтар саны – 45. Осы себепті республикалықтар өз партия­ласы әрі өкілі Трампты жыға қоймас. Жықса, келер жылғы сайлауда өздері оңбай ұтылады. Басқаша айтқанда, импичмент Сенатта сәтсіздікке ұшырауы әбден мүмкін.

Сайлауға әсері. Президентті қызметінен кетіру амалы қос пар­тияға да оңай тимейін деп тұр. Бі­рін­шіден, бұл іс Дональд Трамп­тың абыройына дақ түсірді. Ол сайлауда заңсыздық жасағысы келгені анықталды. Егер 2016 жылғы президент сайлауында ресейлік хакерлер Трампқа көмектесті деген айып әлі де көптің есінде екенін ескерсек, онда қазіргі дау оның жайын қиындата түспек. Екіншіден, демократтар бұл істен өз пайдасын таппақ. Импичментпен бас қар­сы­ласын кетіруі мүмкін. Кетіре алмаса, оның абыройын төгеді, яғни келер жылғы сайлауда Трамптың мүмкіндігін шектейді. Үшіншіден, егер демократтар импичмент ісінде ұтылса, онда олардың таққан айыбы негізсіз дегенді білдіреді. Сондықтан олар да ұпай жоғалтады. Оған қоса, бұл партияның бас үміткері Джо Байденнің ұлы Хантер Байден әкесіне жақсы ат әкелмей тұр. Себебі даудың басы сол азаматтан басталды. Оның Burisma атты кипрлік компаниясы Украинада біраз былыққа батқан сыңайлы. Трамп соны пайдаланып, әкесі Джо Байденнің келесі сайлауда саяси соққы жасамақ болған. Бірақ істің арты насырға шауып кетті...


Нұрмұхамед БАЙҒАРА