Түркияның тізесі Еуропаға қатты батты

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

Еуропа босқындардан қор­қады. Неге? Өйткені халықты нәпақасынан айырады. Бір мы­сал. 2017 жылы Франция астанасы, туризмнің бір бас қаласы – Парижге 34 миллион турист келіп, қазынаға 20 мил­­лиард евро құйған. Ал был­­тырғы 2018 жылы бұл көр­сеткіш 14,06 миллиард дол­ларға дейін құлдырады: не­бәрі 19,1 миллион саяхатшы ғана ат басын бұрған.

Түркияның тізесі Еуропаға қатты батты

Әлеуметтік желілер мен ин­тернет ресурстарда пікір қал­дыр­ған туристер көшелерінде босқындар мен қайыршылар қап­таған Парижде бұрынғы пери­зат­тылық, паңдық жоқтығына қын­жы­лыс білдіреді. Туристік мақ­та­нышының бейнесіне нұқсан кел­генін түсінген Франция би­лігі босқындарды тәртіпке кел­ті­руге, қаланың бедел-ажарын көтеруге күш салуда. Мәселен, 11 жасқа дейінгі барлық жас туристердің Париждегі қоғамдық көліктерде тегін жүруін енгізуде. Бұл – жергілікті мэрияның қала тартымдылығын арттыру бойынша кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі. Ал жергілікті парламент 2020 жылдан бастап, француз астанасында қоғамдық көлікті бар­лық адам үшін тегін ету сце­нарийін қарастыруда.

Бірақ бұл Парижден көңілі қалған миллиондаған туристі кері қайтара алмауы ықтимал. Биылғы жазда жүздеген заңсыз мигрант жергілікті Пантеонды басып алып, өздеріне бас қаладан баспана беруді талап етті. Тәртіп сақшылары Пантеоннан күштеп шығарған соң олар наразылық акциясын шаһар көшелерінде жал­ғастырды. Босқындардың жағ­дайы аянышты: мыңдаған адам Париж көшелерінде, көпір астында кемпингтік шатырларда немесе жылу құдықтарында тұ­рады. Бірқатары жантәсілім етеді.

Еуропаның босқындар тас­қы­ны астында қалғаны брекзит, яғни Ұлыбританияның Еуроодақтан бөлінуі бойынша референдум кезінде зор рөл атқарды. «Сен үсті-басы кір, ниеті лас бөтен біреуді өз үйіңе жіберер ме едің? Онда неге олардың елімізде тайраңдауына жол беруіміз керек?» деп үндеді брекзитті жақтаған ұрандардың бірі.

Осындай жағдайға жетпеуі үшін ЕО мүшелері – Дания, Норвегия, Швеция, Германия да босқындар қабылдаудан бас тарта бастады.

Түркия президенті Режеп Ер­доған Еуропаның ең осал тұсын біледі. Және соны өз мүддесін ілгерілету үшін пайдаланады.

Жақында ол Сирияның мил­лиондаған босқындарын Еуропаға жіберетіні жөнінде мәлімдеме жасады. Президенттік сарайда жария етілген оның сөзін түріктің NTV арнасы таратты. Ердоған мырза Түркияны пана­ла­ған си­риялық босқындар саны 4 мил­лион­ға жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, бұлардың проб­лемасымен болашақта Еуропалық одақ елдері айналысуы керек.

Осының алдында, биылғы қыр­күйекте БҰҰ Бас ассамблеясы мінберінен сөз сөйлеген Режеп Ердоған Түркия мен Сирия ше­ка­расы бойынша 480 шақырымдық қауіпсіздік аймағын құруды жос­пар­лап отырғанын жариялады. Сол буферлік аймаққа Анкара 2 миллион сириялық келімсекті орналастырмақшы болды.

Осыдан кейін 9 қазанда Түркия Сирия жеріне әскерін кір­гізіп, жаңа тарихындағы ең ау­қымды «Бейбітшілік қайнары» опе­ра­ция­сын бастады. Оның бары­сын­да күрдтерді әрі ысырып, ор­тақ шекарада 30 шақырымдық қауіпсіздік аймағын құру көзделді. Дегенмен қазан айының соңына қарай әскери операция доғарылды. Бұл әскери ұрыс қимылдарын Еу­ро­па қатаң сынға алған болатын. Сын түрік көшбасшысының шым­байына батты. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Батыс бұлай қатаң позиция ұстанатын болса, 3,6 мил­­лион сириялық босқынды Түр­кия­дан Еуропаға аттандыруға уәде еткен Р.Ердоған ЕО-ның түрік операциясына қатысты «бас­қын­шылық» деген айқындауыш сөзді қолдануына «тыйым салды».

– Еуроодақ «Бейбітшілік қайнары» операциясына ок­ку­пация деген баға таңса, онда Түркия миллиондаған сириялық босқын Еуропаға аттануы үшін есікті ашып жібереді. Біз бұл опе­рацияны террористерге қарсы тұру үшін бастадық, – деп нықтады Түркия президенті.

Ол кейінгі төрт жыл ішінде өз мемлекетінің жалпы саны 16 мың лаңкесті тоқтатқанын жеткізді және босқындар қаптаса, Еуропаға олар арасынан лаңкестерді өз бетінше іздеуге тура келетінін меңзеді.

Бірақ Ердоған мырзаның мәлімдемесі қоқан-лоқыдан әрі аспауы мүмкін. Себебі бұл ел босқын қабылдау үшін ақы алып отырғаны жасырын емес.

2016 жылдың наурызында Түркия мен ЕО арасында реадмис­сия туралы келісім бекітілді. Құ­жат еуропалықтарға осы елден құжатсыз әрі заңсыз жолдармен келген сириялық келімсектерді кері жолдауға мүмкіндік берді. Оның орнына Еуроодақ Анкараға 3 миллиард евро көлемінде шұғыл көмек ұсынды. Тағы 3 миллиард евро 2018 жылдың соңына қарай аударылды.

Келісімге қол қойылғалы бері ЕО Түркиядан Грекияға еніп кеткен және саяси пана сұраған босқындардың небәрі екі пайызын ғана кері жіберген.

Дегенмен Батыс пен Еуразия­лық осы мемлекет арасындағы мәміленің басты құндылығы қаш­­қын­дарды қайтаруда емес, Түркияның алапат ауқымдағы босқындарды әрі жібермей, өз же­рінде орналастыруында болып отыр. Миллиондаған мигрант Еуропаға көз сүзбеуі, Грекияға қашуға құлшынбауы үшін түрік­тер оларға қолайлы тіршілік жағ­дайын қамтамасыз етуі керек. Режеп Ердоған осы мақсатта өз елінің 40 миллиард доллар шы­ғын шығарғанын айтады. Демек, еуропалықтар төлеген құн­нан әл­денеше есе асып кетеді. Мысалы, ол босқын балаларға мектепте білім беру үшін ЕО-дан көмек тым аз түсетінін алға тартады.

Сарапшылар байламынша, түріктің ақылды, адуынды бас­шысы бұл «көзірін» талай қолда­нып, батысты уысынан шығармай ұстауға тырысатын болса керек. Айталық, Грекия даулап жүрген Кипрге жақын жерде, теңіз түбін­дегі газ кен орнына бұрғы сал­ға­­ны үшін Анкараға Еуроодақ санк­­ция енгізбек болған. Сол-ақ екен, Түркия реадмиссия тура­лы келісім­нің күшін уақытша тоқ­тата­тынын жариялады.

Батыстың шыдамы қашан тау­сылары белгісіз. Еурокеңес бас­шысы Дональд Туск түрік ли­де­рінің бұл мәлімдемесін «шантаж» деп атап, олай қорқыту «орынсыз» деумен шектелді.


Елдос СЕНБАЙ