"Әй,Еуроодақ": Ердоған Еуропаға сес көрсетті

Түркия-Сирия шекарасында шайқастар күшейіп, екі шекарадағы мемлекеттің тұрғындары зардап шегуде.

"Әй,Еуроодақ": Ердоған Еуропаға сес көрсетті
дереккөзден

Сириялық күрдтер Түркияның Акчакала қаласына шабуыл жасап, салдарынан үш адам қаза тапты. Euronews ақпарынша Джейланпинар және Нусайбин қалаларында да үш адам көз жұмды. Жалпы 68 тұрғын зардап шекті.

Анкара «Бейбітшілік қайнары» операциясын жүрізіп жатқан Сирияның солтүстік шығысында түрлі деректер бойынша әуеден жасалған шабуылдан 13 бейбіт тұрғын көз жұмса, ондағаны жарақат алды. 60 мың адам үйлерін тәрк еткен.

Түріктер Камышлы қаласының батыс және шығыс аймақтарына аямай соққы жасауда, өйткені күрд жасақтарының басым көбі сонда орын тепкен. Аталған жасақтарды Түркия лаңкестер деп жариялаған еді. Түркия билігі 109 содырдың жер құшқанын хабарлады.

Операциядан бір күн кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Еуроодақты позициясы үшін сынға алды:

«Әй, Еуропалық одақ, өзіңді қолға ал! Сендер біздің операцияны басқындық деп бағалайтын болсаңдар – онда біз жай ғана шекараны ашып 3,6 миллион босқынды сендерге жібере саламыз».

Анкара операцияның мақсаты – Сирияның солтүстігінде буферлі аймақ құру екенін айтады яғни Түркиядан миллион сириялық босқын орала алатындай түрік шекарасы үшін қорғаныс белдеуі болуы тиіс.

Сирияның Сыртқы істер министрлігі Түркия президентінің Сирия мәселесі бойынша айтқан сөздерін шындықтан жаңылған жанның мәлімдемесі деп бағалады.