Жапон императоры тақтан бас тартты
Жапон императоры тақтан бас тартты
304
оқылды

Жапония императоры Ахикито Токиодағы император сарайында өткен салтанатты жиында тақтан кететінін мәлімдеді. Ол – Жапония тарихында көзі тірісінде биліктен бас тартқан алғашқы монарх. ВВС-дің хабарлауынша, 85 жастағы Ахикитоның жоғары лауазымнан кетуіне денсаулы­ғының нашарлауы себеп болған.

Жапония императоры ретінде сөйлеген соңғы сөзінде Ахикито отыз жылға созылған билігі кезінде үздіксіз қолдау көрсеткені үшін халыққа алғыс білдірді. Ахикито кешегі түннің ортасына дейін им­пе­ратор қызметіндегі соңғы сағат­тарын өткізді. Бүгіннен бас­тап, билік Ахикитоның мұрагері Нарухи­то­ға өтті. Жапон қоғамында жаңа император тұсында басталған жаңа кезең «Рейва» (тәртіп пен үйлесімділік) деп аталады. 
Салтанатты жиын император сарайында өтіп, оған премьер-министр Синдзо Абэ, император мұрагерлері Нарухито мен Масако­ны қосқанда 300 адам қатысты. Им­­ператор отбасының символы са­налатын мемлекеттік мөр, қасиет­­­ті қылыш пен бағалы тас ортаға әкелінді. Билікті тапсыру­дың қысқа рәсімі кезінде Синдзо Абэ импе­ра­тор­ға «Императордың жүрген жо­лын жүрегімізде сақтап, Жапония үшін жарқын болашақ құруға барымызды саламыз», – деді. Өз сөзінде император Жапо­нияға бейбітшілік пен өрлеу тілеп, ел ертеңіне үмітпен қарайтынын білдірді. «Жаңадан басталатын рейва кезеңінің жемісті әрі тұрақты болғанын қалаймын. Жапониядағы және әлемдегі барлық адамның бақытты болуын шын жүрегіммен тілеймін», – деді ол. Осыдан кейін жиналған жұртшылыққа бас иіп, ілтипат білдірген император әйелі Мичикомен бірге залдан шығып кетті. 
Император екі бірдей отаны басы­нан өткерді. 2012 жылы жүре­гіне ота жасатқан Ахикито, 2013 жылы қатерлі ісік диагнозымен тағы да дәрігерлер көмегіне жүгінген. Мінберден аз көрінетін император 2016  жылы сөйлеген сөзінде  денсаулығына  байланысты тақтан кеткісі келетінін айтқан. Қоғамдық пікірді зерттеу үшін жүргізілген сауалнамалар жапон халқының императорға шын жана­шырлық танытып, жағдайын түсі­нетінін көрсеткен. Осыдан кейін Парламент император отставка­сына рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. 
Нарухито – Жапонияның 126 императоры. Ол 1989 жылы әкесі Ахикитоның билікке келуінен басталған Хэйсэй дәуірін аяқтап, жаңа Рейва кезеңін бастайды. 59 жастағы Нарухито – Оксфорд университетінің түлегі. Оның 2001  жылы туған Айко есімді жалғыз қызы бар. Жапония заңдары әйел адамның император болуына рұқсат бермейді. Сондықтан Нарухито тақтан кеткен жағдайда, оның орнына Айконың туысқан ағасы Фумихито ханзада отырады. 
Жапониядағы монархия – әлем­дегі ең көне мұрагерлік басқа­ру жүйелерінің бірі. Ғалымдар оның басталуын біздің заманымыз­ға дейінгі 600 жылдар деп болжай­ды. Бұрын Жапония император­лары Құдайға теңестірілген. Бірақ Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония капитуляцияға ұшырап, сол кездегі император Хирохито (Ахикитоның әкесі) өзін жеңілген халықпен бірге санап, императорды Құдай көру үрдісіне нүкте қойды. 
Бұрын Жапония император­лары қарапайым халықпен өте аз кездесетін болған. Сондықтан болса керек, император Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жапония жеңілісін радиодан хабарлаған кез­де, халық қатты таңғалған десе­ді. Кеше биліктен кеткен Ахикито Жапониядағы император туралы түсінікке біршама өзгерістер әкелді. Таққа отырғаны­на екі жыл толған кезде ол әйелімен бірге Нагасакиде жанартау атқылауынан зардап шеккен адамдар алдында тізерлеп отырып кешірім сұраған. Ахикито Жапонияның бейресми елші­сі болып, дипломаттық қыз­мет­те әлем елдерін өте көп аралады. Оның тақтан бас тарту туралы мәлім­демесі алғашында 200 жылда бірінші рет болған оқиға деп қабылданғанымен, кейінірек NHK теле­арнасы VIII-XIX ғасыр аралы­ғын­да дәл осындай жолмен биліктен кеткен императорлар көп болғанын хабарлады. 
Ахикитоға «Джоко» (Ұлы импера­тор) атағы берілді. Шетелдік ақпарат құралдарына пікір білдір­ген жапондықтар бірауыздан оны қимайтынын, адамдарға жанашыр басшы образы ел есінде мәңгі сақталатынын айтқан.