Тіл тигізген тележүргізушілер еларалық қатынасқа сызат түсіреді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №150

Тау мен тасты су бұзады, ел арасын сөз бұзады демекші, екі елдің арасына сына қағуға абайсызда яки қасақана айтылған бір ауыз сөздің өзі жетіп жатыр. Ал оған тележүргізушілер де «үлес» қосатыны бар. Жалпы, басқа мемлекеттің немесе ұлттың ар-намысына тіл тигізе­тіндер көбеймесе, азаймай тұр. Мысалы, күні кеше ғана «Россия 1» арнасынан көрсетілген «Прямой эфир» бағдарламасында Андрей Малаховтың бір ауыз сөзінен кейін Ресей елшісінің орынбасарының Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігіне барып шағым естуіне тура келді.

Тіл тигізген тележүргізушілер еларалық қатынасқа сызат түсіреді

Министрлікте А.Малаховтың Қыр­ғызстан азаматы Исламбек Акба­ровқа қатысты айтқан қисынсыз пікірі туралы сөз болған. Айта кетейік, Ресейде таксист болып істейтін қырғыз азаматы Исламбек Акбаров ресейлік миллиардер Владимир Маруговтың ұлы мінген мотоциклмен соқтығысқан, мотоцикл тізгініндегі Александр алған жарақатынан көз жұмды. А.Малаховтың бағдарлама­сы­ның бір көрсетілімі осы оқиғаға ар­нал­ды. Малахов бағдарламада И.Ак­ба­ровты жол-көлік апатын қа­сақана жасауы мүмкін деп қалды. «Оған 100 мың доллар бер, олар оның отбасын, барлық ауылды, туыстарын бақытты ете алады және өз елінде 10 доллар ғана табыс табатын олар өмірінің со­ңына дейін ондай ақша (100 мың дол­лар – ред.) таба алмайды» деп қырғыз көлік жүргізушісін ғана емес, тұтас елдің намысына тиетін сөз айтты. Ма­лаховтың осы сөзі қырғыз әлеуметтік желілерінде наразылық туғызып, желі қолданушылары журналист кешірім сұрасын деген талап қойды.

Бұл туралы Ресейдің Қырғыз­стан­дағы елшілігі Facebook-тегі парақ­шасында: «Малахов – біздің батыры­мыз емес. Тележүргізуші Андрей Малаховтың пікіріне байланысты бір ғана нәрсе айтуға болады. Бір адамды ренжіту оңай, бірақ одан соң өмір сүру қиын. Ал егер тұтас халықты өкпелет­сең, одан да қиын» деген жазба жа­риялады. Ал тележүргізушінің өзі Star­Hit-ке берген сұхбатында: «Өзім­нің журналист ретіндегі жұмысымның бір бөлігін орындаған сияқтымын. Татьяна Моругова бірінші рет оқиғаға кінәлінің өзінен болмаса да, өкілінен кешірімі мен өкініш сөзін естіді. Менің сөзімді кейбір қырғыздардың дұрыс түсінбегені үшін мен де өкі­не­мін. Мен бейбіт және тату көршілік қатынасты, сондай-ақ әділдік пен сөз бостандығын қолдаймын», – деп ақталды.

Ал 2016 жылы тағы да сол «Россия 1» арнасының «Вести недели» бағдар­ламасының жүргізушісі Дмитрий Киселев Венгрияда 1956 жылы болған антикеңестік көтеріліс туралы репор­тажында «...бұл тату-тәтті тұрып жат­қан КСРО еліндегі алғашқы «түрлі-түсті революция» болуы мүмкін» де­гені үшін басы дауға қалды. Венгрия­ның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырып алып, Венгрия мемлекетінің «1956 жылғы көтеріліс пен олардың қаһармандарына қатыс­ты кез келген құрметсіз ұстанымды қабылдай алмайтынын» жеткізген. Айта кетейік, Венгрияда 1956 жылдың 23 қазанында посткеңестік режим билігіне қарсы қарулы көтеріліс бұрқ еткен. Бұл қақтығысты 11 қарашада кеңес әскері күшпен басқан болатын.

Биыл 7 шілде күні Грузияның «Рустави-2» телеарнасындағы эфир кезінде Георгий Габуния өзінің «Пост­скриптум» авторлық бағдарламасында Ресей президентін боқтап салды. Әри­не, бұл ешкім күтпеген оқиға бол­ды. Телеарна басшылығы Георгия Габу­нияны бұл қылығы үшін екі айға жұмыстан шеттетті. Көп ұзамай те­леар­на басшылығы ауысты. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Грузия ел­шілігін шақырып алмаса да, Мемле­кеттік дума тележүргізушінің қылы­ғына ашуланып, Грузияға арнайы экономикалық шара қолдануды ұсын­ды. Алайда Ресей президенті де­пу­таттардың ұсынысынан бас тартты.

Тележүргізушілер этикасын сақта­майтындардың бірі Владимир Со­ловьев екенін көрермен жақсы біледі. Ол өзінің «Кто против» бағдарла­ма­сында украиналық журналист Все­волод Непогодиннің сөзін көтере алмай, студия қонағына дауыс көтер­гені бар. Олар бағдарламада Иосиф Сталиннің совет тарихындағы рөлі туралы дауласып қалған-ды. Соловьев Украинада Гитлер жағында соғысқан Степан Бандердің (Ресейде ол басқар­ған ұйымға тыйым салынған) образы қатты насихатталып жатқанын айтқан болатын. Ал сарапшы Непогодин С.Бандер фашистер жағында емес, сталинизмге қарсы соғысты, себебі Бандердің басқа амалы болмады, басқа балама болмады деді. Міне, осы кезде Соловьев оны боқтап-боқтап, студиядан шығуын талап етті. Жалпы, Соловьевтің тележүргізуші этикасын сақтай бермейтініне көрермен де үй­ренгендей. Себебі оның оспадар қы­лық­тары үшін басқа елдің сыртқы іс­тер мекемелері елші шақырып, са­был­тып жатқан жоқ.