Зарина Құтпанова – дрон ұшыру бойынша еліміздегі алғашқы PhD кандидат.
Зарина Құтпанова: Дрон технологиясы дамып келеді
384
оқылды

Дрон жасау, дрон ұшыру, оны басқару, робототехника, ІТ саласында үлкен жетістіктерге жетіп, әлем елдерімен байланыс орнатып, жас шәкірттер тәрбиелеп жүрген қазақтың қаршадай қызы жақында Атырауға келген болатын. Бір өзі үлкен жүкті арқалап жүрген қазақтың дарынды жасымен сұхбат құрып үлгердік.

– Зарина, дрон саласы сізді несімен қызықтырды, таңдауыңызға не себеп болды?

– Осы жерде сізге бір шындықты ай­тайын. Жалпы, «Ұшқышсыз ұшатын аппа­раттар жақында ғана пайда болды» деген қате пікір. Негізінен, мұндай құ­рылғылардың тарихы сонау 1849 жылы басталған. Аустрия әскері Венециядаға көтерілісті басу үшін ұшқышсыз аэро­статтар арқылы бомба тастаған. Кейінірек Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де ұшқышсыз ұшатын аппа­раттар қолда­нылған. Осындай технологиялық өзге­ріс­­тер дронды адамның күнделікті өмі­рі­мен байланыстыра бастады. 

Қазір шыны керек, әлем бойынша дрон саласы өте жақсы дамуда. Дрон – поли­ция, дрон – агроном, дрон – құтқарушы, дрон – жауынгер, дрон – өрт сөндіруші – бәрі-бәрі қазір ақиқатқа айналды. Дрондар адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне пайдасын тигізіп жатыр. Сондықтан осындай смарт, яғни «ақылды» жобаларды өмірге енгізуге қазақ жастарын неге тартпасқа деген ой келді. 

Сіз білесіз бе? Әлемдік нарықтағы зерт­теулер соңғы 7 жылда дрон сатып алушылар қатарының көбейгенін көрсетіп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – дронның болашағы зор деген сөз.

– Жастар деп қалдыңыз, шәкірт тәрбиелеуде қандай жетістіктеріңізді атап өте алар едіңіз?

– Шыны керек, мен үшін ең үлкен жетістіктерім – студенттерім. Өзім Аста­надағы ІТ университетте жұмыс істеп жүрмін ғой. Жастар дрон саласын меңгерсе деген ниетпен бастапқыда клуб құрған болатынбыз. Сол кезде дрон саласын тегін меңгер деп университет ішінде дыбыс зорайтқышпен жарнама жасап жүргеніміз есімде. Қазір университет базасында ұшқышсыз ұшу аппараттары алаңын ашып қойдық. Университетте 6000 студент болса, оның ішінде орталыққа тұрақты келіп жүрген 50 студентім бар. Ал 10 студент нақты дронмен айналысуда. Мен үшін бұл үлкен бір нәтиже. 

Дрондарды біз жасанды интеллект арқылы басқарып отырмыз. А пунктінен В пунктіне жету, ортадағы кедергілерді айналып өту деген сияқты дүниелерді бағ­дарлама арқылы басқарамыз. Әлемге та­нылған Tesla сияқты көліктерді, авто­пилот­тарды білеміз. Біздің шәкірттеріміз де осындай әлемдік брендтердің жұмыс істеу технологиясын білуі керек. 

– Жалпы, осы салаға келуіңізге қандай жағдай түрткі болды?

– Біздің үйімізде екі-ақ қыз. Үйде ұл бала болмағандықтан, әкемнің жанында жүріп өстім. Менің қолымда  үнемі кілт-сайман  жүретін. Үйіміз бір қабатты. Бірақ әкемнің гаражы екі қабатты. Он жасымнан бастап, үйдегі сағаттарды ақтарып, ондағы құрылғыларды жұмсақ ойыншықтарға салып, түрлі зат жасайтынмын. Кішкентай кезімнен әкеме көмектесіп жүргендіктен, маған осындай қол еңбегімен айналысатын сала жақын болды. Мамандығым инженер. Қазір ІТ, бағдарламалау, жасанды интеллект, робототехника салаларына қарай ойысып кеттім. Осы салалар бойынша Үндістан, Түркия, Корея, Қытай мемлекеттерінде қосымша білім алдым. Шыны керек, өзім қарапайым отбасынан шыққан қызбын. Біздің үйде 700 мыңға, 1 млн теңгеге дрон сатып алатын жағдай болған жоқ. Сөйтіп, кей жерде ақылы түрде курстардан, компа­нияларға барып, тәжірибеден өтіп жүрдім. Мұнымен не айтқым келеді? Ең бастысы, адамда бір нәрсені үйренсем, білсем деген ниет болу керек. Сол кезде ғана адамға мүмкіндік ашылады. Әрі қарай әрекет. Ал әрекет түбі берекет екенін өздеріңіз де білесіздер. 

– Нені армандайсыз? Уақытыңызды жоспарлайсыз ба?

– Instagram парақшамдағы әр постыма комментарий қалдырушы оқырмандарым маған 10 жылдан кейін отыратын лауазым таңдап қойды. Ол дрон индустриясының министрлігі. Әзіл ғой. Дегенмен осы дрон саласын Қазақстанның медицина, қорғаныс, әлеуметтік салаларына кедергісіз енгізетіндей жағдай жасағым келеді. 

Уақыт – адам баласына берілген ең үлкен нығмет. Мен уақытымды жоспар­лаймын. Үйде сол үшін арнайы қабырғам бар. Кесте сызып, жасайтын жұмыстарымды белгілеп қоямын. Әйтпесе, барлық істі ойда ғана ұстап жүру нәтиже бере бермейді. Сондықтан жастарға уақытты дұрыс жос­парлауды ұсынар едім. 

Ал әлеуметтік желілерге шектеу қою керек. Өйткені ол жерде жұлдыздардан бөлек, таныс-тамырдың туған күні, қуанышы бар. Бәрін құттықтап, көңіл бөлгің келеді. Бірақ уақыт қазір өте аз. Және уақыт атомдық жылдамдықпен өтіп жатыр. Кез келген дүниеде баланс болуы керек. Адам өзіне де көңіл бөлуге тиіс. Тіпті, күніне 1 минуттан болса да, бір жаңа әдет қалыптастыруға, тіпті кітап оқуға болсын көңіл бөлсеңіз, түбі міндетті түрде үлкен нәтижеге алып келеді. Сондықтан жақсы әдет қалыптастыруды күнделікті 1 минут уақыт бөлуден бастасақ екен деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА