2019 жылғы 29 қараша Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Атаулардың тілдік мәні және ұлттық мазмұны» атты республикалық семинар өткізді.
Семинардың модераторы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Сәрсенбайұлы Мелдешов болды.
Республикалық семинар сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың өкімімен 2018 жылғы 13 наурызда бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарындағы» жобаларды орындау мақсатында әзірленген ономастикалық атауларды латын графикасында транслитерациялаудың негізгі емлелік қағидаттарын айқындайтын қос жобаны талқылауға арналды. Атап айтқанда Республикалық семинарда ҚР азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы географиялық атауларының латын графикасы негізінде жазылу ережелерін даярлаушы ғалымдар баяндама жасап, ережелерге жасалған сарапшылардың қорытындылыры таныстырылды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қыздархан Құрмашқызы Рысберген Латынграфикалы әліпби негізінде әзірленген ономастикалық ережелердің міндеттеріне тоқталып, жобаның жаңалықтарымен бөлісті. Ережедегі ұлты қазақ азаматтардың және Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің жиі қайталанатын аты-жөндерін транслитерациялау жолдарын санамалап, лингвистикалық және нормотивтік тұрғыдан зерделеді.Қазақстан аумағындағы елді мекен, ауылдық округ, жер-су атауларының транслитерациялануына қатысты жаңа тармақтардың енгізілу себептерін түсіндірді.
Ал жобаны орындаушылардың бірі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Бимолдақызы Күдеринова «Қазақ тіліндегі ономастикалық атаулардың латынграфикалы әліпби негізінде жазылуындағы қиындықтар» тақырыбында баяндама дайындап, ономастикалық атаулардың, оның ішінде антропонимдердің жаңа әліпби негізінде жазылу емлесінің «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» талаптарынан өзгеше болуының тілдік, лингвомәдени себептерін ашты.
Назарбаев Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекқызы Ағабекова ономастикалық кеңістіктің ұлттық мазмұны мен графикалық трансформациясына тоқталды. Ғалым жаһанданудың желі әлемнің ономастикалық кеңістігіне де өз лебін тигізіп отырғандығын айта келіп, дүниедегі геосаяси жағдайдың өзгеруі қоғамдық процесстердің жедел дамуы, психологиялық инновациялық суреттеулер атау беру тенденциясына өзгертулер алып келетіндігін, қазіргі Қазақстан ономастикасы белсенді дамып келе жатқан күрделі перифериялық құрылым екенгін баса көрсетті. Ғалым: «Осы уақытқа дейінгі қалыптасқан атау дәстүрлерінің жұтылып кетпеуін негізге ала отырып, әлемдік деңгеде орын алатындай бағыт ұстауымыз қажет. Сондықтан да осы ұсынылып отырған ережелердің тұтынушылардың қажеттілігін толық қанағаттандыратындай етіп жасап беру үшін ономастика саласындағы ғалымдар біріге отырып, өзара келісімге келіп құрастыру керек дей келіп, топонимдердің ережесін, антропонимдердің ережесін, номенклатуралық атаулардың ережесін, сондай-ақ эгзонимдерді бір топтастырып, электронды қосымшасын жасауды ұсынды.
Сонымен қатар, семинарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Құрманбайқызы Иманбердиева латын қарпі негізінде географиялық объектілерді дұрыс рәсімдеумәселелеріне тоқталды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Көші-қон процесін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан Асқарұлы Айтқұлов шетелден көшіп келушілердің құжаттарындағы кісі есімдерін жазу барысында кездесетін қиыншылықтарға тоқталса, ҚР Әділет министрлігі Әділет департаменті АХАТ және апостильдеуді қамтамасыз ету, бақылау бөлімінің басшысы Раушан Хабдулхамитқызы Зарирова азаматтардың аты-жөнін жазуда кездесетін жалпы проблемаларды санамалап беріп, сол мәселелерді ереже аясында шешу жолдарын ұсынды.
Семинар жұмысына ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшелері, Республикадағы құжаттау мекемелерінің жауапты қызметкерлері, ономастика саласының ғалымдары, жергілікті атқарушы органдардағы облыстық тіл басқармалары мен ономастика бөлімдерінің басшылары, мамандары, сондай-ақ зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Семинарға қатысушы мамандар тарапынан айтылған ұсыныстар мен уәжді пікірлер жарыссөз барысында талқыланды. Семинардың қорытындысы бойынша жобалар қайта қаралып, мүдделі мекемелерге талқыланған және толықтырылған нұсқасы жіберілетін болады.