Кексель ісі: кедергі келтірген кім?
Кексель ісі: кедергі келтірген кім?
147
оқылды

Олеся Кексельге қатысты аты шулы қылмыстық іс тоқ­татылды. Бұл туралы адвокат Хамида Айтқалиева Facebook-тегі парақшасында жазды.

Аты шулы деп атауымызға себеп, Қазақстанның Бас проку­ратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісіне байланысты жоғары лауазымды тұлғалардың есім-сойы бірнеше рет аталған. Істі тексеріп жатқан азғантай күн ішінде құқық қорғаушы орган­дардың арасында бір-біріне қайшы мәлімдемелер жасалып үлгерді.

Ең алдымен, 18 қараша күні Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген жауабында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев О.Кекселдің не себепті тергеліп жатқанына қысқаша түсінік берді. «Бас прокуратураға бір азаматтан шағым түсті. Ол шағымында өзіне қатысты тергеу барысында Бас прокуратураның Арнайы проку­рорлар қызметінің бұрынғы басшысы Кексельдің тарапынан түсінік беру бөлігінде тергеуге жатпайтын әдісті қолданғанын айтқан»,– деді Е.Тұрғымбаев.

Негізі, тергеу барысында күдіктіні азаптады деген ақпарат министрдің жауабынан үш күн бұрын, яғни 15 қараша күні тараған. «Время» газеті жұма күні бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісі бойын­ша өткен сот отырысында адвокат Хамида Айтқалиева кәсіпкер Ерлан Набиевтің арыз-шағымын жария­лағанын жазды. Адвокаттың ай­туынша, Е.Набиев экс-арнайы прокурорлар қызметі­нің бұрғынғы басшысы Олеся Кексель мен Бас прокуратураның жедел-тергеу тобы­ның мүшесі Бауыржан Ғаббасов өзіне қысым жасағанын айтқан.

Шыны керек, көпшілік Кек­сель ханымға қатысты қылмыстық істің қалай өрбіп жатқанын адвокат Хамида Айтқалиеваның Facebook-тегі парақшасынан оқып, біліп отырды. Құқық қорғаушы меке­мелер бұрынғы прокурорлар Олеся Кексель мен Бауыржан Ғаббасов­тың үстінен Қылмыстық кодекстің 1-бөлімі 146-бабы (Азаптаулар) бойынша қылмыстық іс қозғал­ғанын мәлімдеді. Қылмыстық істі жедел-тергеу тобы жүргізіп жат­қандығы әрі оның жетекшісі Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі тергеушілерінің бірі екені де айтылды.

Алайда Кексель ісі ұзаққа со­зыл­ған жоқ. 7 желтоқсан күні кеш­ке адвокат Хамида Айтқалиева Facebook-те Олеся Кексельге қар­сы қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. «Біз дәл осындай заң­сыздық болады деп күткен жоқпыз. Өздерінің күшіне өте сенімді адам­дар көпшіліктің алдына шығып қылмыстық істің жабылғандығын хабарлады. Бұл Ішкі істер министр­лігінің жұмысына нұқсан келтірді. Бұл жоғары деңгейдегі келісім­дердің дәлелі емес пе? Барлық адал адамның алдында комедия ой­налды», – деп жазды адвокат.

Адвокаттың «жоғары дең­гейдегі келісімдердің дәлелі ме?» деп күдіктенуінің жөн бар. Кексель ісі көпшілікке жарияланған 15 қа­рашадан 6 күн өткенде 21 қараша күні бұрынғы Бас прокурор, қазіргі сенатор Қайрат Қожамжаров Олеся Кексельге қатысты іс тоқ­тады деп мәлімдеген болатын. Бірақ дәл сол күні Ішкі істер ми­нистрлігі тарапынан Сенат депута­тының сөзін теріске шығарған мәлімдеме жасалып, тергеудің жалғасып жатқаны айтылды. Сондай-ақ кәсіпкер Е.Нәбиевтің азаптау туралы арызы бойынша ІІМ тергеу басқармасы қылмыстық істі 2019 жылдың 19 қыркүйегінде тіркегені белгілі болды.

Айта кетейік, Кексельге қа­тысты қылмыстық істі тоқтады деп құқық қорғау органдарынан бұрын мәлімдеген Сенат депутаты Қ.Қожамжаров 2017 жылдың жел­тоқсан айынан бастап Бас про­курор болып қызмет атқарды. Тер­геліп жатқан күдіктілерді «азап­тады» деп айыпталған Олеся Кексель 2018 жылдың қаңтарында Бас проку­ратураның Арнайы пркурорлар бөлімінің басшысы болып таға­йын­далды. О.Кексель, экс-Премьер-Министр С.Ахметовтің, денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевтің, Эко­номика министрі Қ.Бишім­баевтың және т.б лауазымды тұлға­лардың қылмыстық ісін тергеуге басшылық жасаған.

2019 жылдың наурыз айында Қайрат Қожамжаров Бас прокурор қызметінен босатылып, Парламент Сенатының депутаты болып та­ғайындалды. Ал 27 мамырда «Время» газеті Олеся ханымның қызметінен кеткенін хабарлап, онымен бір мезетте лауазымды қыз­мет атқарған Мақсат Дүйсенов пен Талғат Татубаевтың да крес­лосын босатқанын жазды.

Осы оқиғадан екі айдай өткенде 25 шілдеде ҚазТАГ-та Олеся Кексельдің Германияда екені ха­бар­ланды. Агенттіктің жазуынша, ол мәліметті басқа іс бойынша өтіп жатқан баспасөз мәслихатында қазақстандық белгілі заңгер, адвокат Жан Кунсеркин айтқан. Адвокат баспасөз мәслихатында Олеся Кексель қылмысқа күдікті Гүлнар Мұсабаевадан Иманғали Тасмағам­бетовке қарсы куәлік беруді талап етіп, азаптаған деп мәлімдеді.

Осылайша, Олеся Кексельге қатысты қылмыстық іс тоқтады делінгенімен, ол істі тергеп жатқан ІІМ нақты ресми мәлімет берген жоқ. Кексельдің ісіне кедергі келтіріп, тергеуді тоқтатқан қандай «күш» екені де белгісіз қалып отыр.