Жаңа жыл – жағымды өсім
Жаңа жыл – жағымды өсім
387
оқылды

Жаңа жыл жақсы жаңа­лық­тар ала келді. Жаһандық дағ­дарысқа, дүниежүзілік алапат пандемияға және елдегі эко­номикалық қиындықтарға қа­ра­мастан мемлекетіміз зей­нетақы, шәкіртақы, жалақыны көтеруге күш салуда. 2021 жы­лы елімізде өзге де өмірлік маңызды көрсеткіштер өзгерді. Олармен таныс бола отырыңыз.

Өсті, өсті, не өсті?

Өткен жыл аяқталар тұста, 2 жел­тоқсанда өмірге жолдама алған, «2021-2023 жылдарға ар­налған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтар­дан бастап келесі көрсеткіштер өзгерді: айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – был­тырғы 2 778 теңгеден 2 917 теңгеге дейін (139 теңгеге) өсті. АЕК жәрдемақы мен басқа да әлеу­меттік төлемдерді, сондай-ақ айып­пұлдарды есептеу үшін пай­дала­нылады. Қазақстанда осы жылы зей­нетақының ең төменгі мөлшерi – 43 272 теңге, ал базалық зей­нета­қы төлемінің ең төменгі мөл­шері – 18 524 теңге болып бел­гіленді. Са­лыстыру үшін айтсақ, бұл көрсет­кіштер 2020 жылы тиісінше 40 441 және 17 641 теңге болған. Ең төменгі күнкөріс шегі (күн­көріс минимумы) былтырғы 32 668 теңгеден биыл 34 302 тең­геге дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін қолда­нылады. Тек ең төменгі жалақы (ЕТК) өз­геріссіз, 42 500 теңге көлемінде қалды. 2021 жылғы 1 қаңтарда жасы бо­йынша және еңбек сіңірген жылдары бо­йынша берілетін зейнетақы мөл­шері 7%-ға артты. Биыл жаңадан тағайын­да­латын зейнетақы мөлшерін есеп­теу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 46 АЕК-тен (134 182 тең­геден) аспауы керек деп бекітілді. Зейнетақы да осы со­маға орай есептеледі. 2021 жылы мемлекеттің әлеу­меттік міндеттемелері біраз ауырлай түседі. Өйткені бірден бірнеше төлем өсуде. Нақтылай кетсек, мемлекеттік базалық зейнетақы төлем; мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу бо­йынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін мем­жәрдемақы; бала кезінен І топ­тағы мүгедек балаға күтім жасай­тын отбасыларға арналған мем­жәр­демақы мөлшері күнкөріс шегінің 5%-ға өсуіне байланысты 1 қаңта­рынан бастап ұлғайтылды. Бұдан басқа, АЕК-тің 5%-ға өсуі­­­не байланысты №1 және №2 ті­зім­дер бойынша мемле­кеттік ар­найы жәрдемақылар; бала тууына байланысты біржол­ғы мемжәрде­ма­қы; бала 1 жасқа толғанға дейін, оған күтім жасау бойынша мемжәр­де­мақы; ар­найы мемжәрдемақылар; «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» немесе кеңес кезінде «Батыр ана» атағын алған, «І, ІІ дәрежелі Аналық Даң­қы» орденімен марапатталған көп­ба­лалы аналарға берілетін жәр­дема­қы да 1 қаңтардан бастап ұлғайтылды.

Бәрі салыстырудан басталады!

Бұл өзгерістерді нақты мы­сал­­мен түсіндіре кетсек. Мүге­­дектігі бойын­ша ай сайын төлене­тін мем­лекеттік әлеуметтік жәр­дем­­­ақы І топтағылар үшін 2020 жы­лы 62 723 теңге болса, 2021 жылы 65 860 теңгеге, ІІ топ­тағылар үшін – 49 983 теңгеден 52 483 теңгеге, ІІІ топ­­та­ғылар үшін – 33 975 тең­геден 35 675 теңгеге дейін өседі. Асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері асырауындағы 1 балаға 2020 жылғы 28 095 теңгеден 2021 жылы 29 500 теңгеге дейін, 2 балаға – 48 676 теңгеден 51 110 теңгеге дейін, 3 балаға – 60 436 теңгеден 63 459 теңгеге дейін, 4 балаға – 64 030 теңгеден 67 232 теңгеге дейін, 5 балаға – 66 317 теңгеден 69 634 теңгеге дейін, ал 6 және одан көп балаға – 68 930 тең­геден 72 378 теңгеге дейін көбейеді. кесте Бала тууына байланысты бір­жолғы жәрдемақы 1-ші, 2-ші, 3-ші сәбиін дүниеге әкелген анаға 2020 жылғы 105 564 теңгеден – 2021 жылы 110 846 теңгеге дейін, ал 4-ші және одан көп баласын босанған алтын құрсақ аналарға 175 014 теңгеден 183 771 теңгеге дейін ұлғайтылды. Перзент 1 жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы жәрдемақыға тоқталсақ, оның көлемі тұңғыш баланың күтімі үшін өткен жылғы 16 002 теңгеден осы жылғы 16 802 теңгеге дейін, 2-ші баланың күтімі үшін 18 919 теңгеден 19 865 теңгеге дейін, 3-ші балаға 21 808 теңгеден 22 899 теңгеге дейін артты. Ал егер ана 4-ші және одан көп баласын өмірге әкелсе, әрбір перзентіне ай сайын 25 962 теңгеден беріледі (былтыр 24 725 теңге болған).

Тіл, білім, баспана – басты қажеттілік

Биыл әлеуметтік төлемдерде ғана емес, әлеуметтік салаларда да тың өзгерістер жүреді. Мысалы, Тіл комитеті 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінен алы­нып, Білім және ғылым министр­лігіне беріледі. Ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жыл­ғы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-ші отырысында осындай тапсырма берді. Бұл мемлекеттік тілдің дамуына серпін беру, өрісін ашу үшін қажет. Өйткені тілді үйренуде білім беру жүйесі басты рөл ойнайды. Қ.Тоқаев бұл қадам мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін ба­рынша арттыруға ықпал ететінін жеткізді. Бұл мәселеде Үкімет енді Еуропа елдерінің тәжірибесін үлгіге алатын болады. Дамыған елдер тіл үйрету барысында негі­зінен, оқу орын­­дарындағы жас­тарға көбірек мән береді. Тіл комитетінің БҒМ қара­ма­ғында болуы қазақ тілін оқыту әдіс­­темесін әзірлеу және оны үй­рету ісіне қатысты әлеуетті бір ор­та­­лыққа шо­ғырландыруға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ мұн­дай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдар­лама­ла­рының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жа­сауға септігін тигізеді. Білім жүйесінің өзінде де биыл қарқынды реформа жүргізіледі. Мы­­салы, 2021 жылы білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді. Себебі сарапшылар аудандық, қа­лалық және облыстық білім бас­қармаларының өзара байланысы на­шарлығын, олардың жұмыс жүр­гізу жүйесінде кемшіліктер мен үйлесімсіздіктер өріп жүргенін бі­раздан бері сынауда. Осыған орай жүйені өзгерту туралы шешім қа­былданды. Президенттің тап­сыр­масы бойынша Парламент тиісті заңды қабылдады. – 2021 жылы аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құ­зыреті аудан-қала әкімдіктерінен алынып, облыстық білім беру басқармаларына беріледі. Яғни, әр мектеп пен балабақшаның мә­се­лелері енді облыстың бақы­лауында болады. Мысалы, ауыл­дағы мек­­тепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп ди­ректоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал аудан­дық білім бөлімінің басшы­сы енді аудан әкіміне емес, бірден облыс­тық білім бас­­қарма­сына өтініш жібереді, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Ай­мағамбетов. Әзірге аудандық және қалалық білім бөлімдері, сонымен бірге барлық мектеп пен балабақшалар аудан әкіміне қарайды. Сәй­кесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкін­діктеріне және бюджетіне тәуелді. Салдарынан бір облыстың әр ауданында білім ор­далары мен балабақшалардың жағ­дайы әртүрлі. БҒМ ұстанымынша, биылғы өзгерістер министрліктен әр мек­теп пен балабақшаға дейінгі «жол­ды» қысқартады. Мысалы, бір ғана Қос­танай облысында 20-ға жуық аудан мен қала бар, яғни облыстағы білім беру жүйесіне қатысты 20 әкім түрлі шешім шығарады. Ал білім бө­лімдерінің облыстық білім бас­қар­­маларына берілуі шешім қабылдау ор­талығының да 20-ға қысқаратынын білдіреді. Осы жылдың басты бір әлеу­меттік бетбұрысы қазақ­стан­дықтардың БЖЗҚ-дағы жи­нақ­тарын емделуге және баспана са­тып алуға жұмсай бастауы болмақ. Қажетті заң жобасын Парламент қабылдады, Мемлекет басшысы жыл басында оған қол қойды. Енді ел тиісті ережелер мен шарттардың дайын болуын күтуде. Бұл тетік осы қаңтарда іске қо­сылады деп жос­парлануда. Ин­дустрия және ин­фра­­құ­ры­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құловтың мә­ліметінше, бүгінде ережелер мем­органдар мен ұйым­дардың келі­сімінен өтуде. «Зейнетақы жинағына баспана алу үшін азамат алдымен элек­тронды цифрлық қолтаңбасы ар­қылы уәкі­летті оператордың, яғни «Отбасы банкінің» интернет-ре­сурсында ав­торизацияланып, жеке кабинетін ашуы керек. Жеке каби­нетінде азамат өзіне қажетті сома­ны көрсете оты­рып, біржолғы зей­нетақы төлемін (БЗТ) алу ту­ралы электронды өтінішті толты­рады. Содан кейін ЭЦҚ ар­қылы өтінішін растайды. Бұл ретте БЗТ-ның мақсатты жеріне, яғни пәтер сатып алуға пайдаланылуын рас­тайтын құжаттар тізімін «От­басы банк» бекітеді», – деді министр.

АйханАйхан ШӘРІП