Кемел ағаны кеңінен тани түстік
Кемел ағаны кеңінен тани түстік
273
оқылды

Ұзақ жылдар теле­жур­на­листика саласында ең­бек етіп, соның қыр-сы­рын жетік меңгеріп, мәнді, мағыналы туындыларымен көптің көңілінен шығып жүрген талантты інім, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Махат Са­дықтың майдангер жа­зу­­шы Кемел Тоқаев жө­нін­де түсірген деректі фи­ль­мін көріп терең ойға қал­дым. Уақыт алыстаған сайын таудай тұлғалардың сан тарау қырлары, жар­қын келбеті жарқырап ашы­ла түседі екен.

Кеше ғана Жазушылар ода­ғында бірге қызмет еткен Кемел ағаны толық танып білмеген екен­біз. Қысқа өмірде адам жанын зерт­теп, түсіну кейде тіптен мүм­кін емес сияқты. Бір қарағанда өте қарапайым, шыншыл, көп ашыла бермейтін ағаның тауқы­метті тағдыры, ішкі жан азабы, ғұмырлық философиясы өте те­рең­де көрінеді... Біз Кемел Тоқаев­ты шебер журналист, қазақ әде­­бие­тіндегі детектив жанрының не­гі­зін қалаған қабырғалы қалам­гер ретінде таныдық.

«Ер – елдің қорғаны, намыс – ердің қорғаны» дейді дана хал­қымыз. Көненің көзі, әкесі Тоқа­ның артында қалған жалғыз тұяғы, жазушы Кемел Тоқаев шынында да кесек тұлға еді. Өмір дариясына салған қайығын аласұрған тағдыр толқыны асықтай иіріп, оңды-солды қанша лақтырса да жанын таза, жүрегін жылы, арын биік ұстай білген азамат. Өзінің ауыр да қасіретті өмір жолында қаламына сүйеніп өтті. Шығармаларына тұтас ұлттың тағдырын арқау етті. Өйткені ұлттың басына төнген қасірет елін сүйген кез келген азаматты айналып өтпесі белгілі. 1932 жылдағы ашаршылық Тоқаев­тың да айналасын көктей орып, тып-типыл отап кеткен. Зұл­мат жылдар жас Кемелге же­тім­дік зарын барынша тарт­ты­рады. Ағасы Қасым екеуі Түр­кіс­тандағы балалар үйін пана тұта­ды. Жығылған үстіне жұдырық де­гендей, соғыс қасында қалған жал­ғыз сүйеніші Қасымнан да айы­рады. Қасым майдан төрінде ерлік­пен қаза табады. Ағасының ізімен майданға аттанған Кемелдің өзі де қанқұйлы соғыстың бел орта­сында жүріп, талай ерлік көр­сетіп, ауыр жараланады. Май­даннан оралған соң да қоғамдық қызметке белсенді араласып, әдебиет әлемінің киелі есігін еркін ашып кіреді. Махат осынау күрделі тағдырды арқалаған кесек тұлғаны шеберлікпен жарты са­ғат­тық фильмге сыйғыза білген. Аз сөзбен, көп ойландырады. Ке­м­ел ағаның кеңістігін Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, Қазақстанның халық жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұр­шайықов, еңбек ардагері, жазу­шы­ның замандасы Баймырза Дәу­ренбеков, Мемлекеттік сый­лық­­тың лауреаты Әкім Тарази, фило­софия ғылымдарының док­торы, профессор Әбдеш Қал­мырзаев, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Қоғабай Сәр­секеев сынды белгілі тұлға­лар­дың пікірлері арқылы жарқырата аш­қан.

Жазушының өмір жолындағы айқын іздері «Солдат соғысқа кетті», «Соңғы соққы», «Ұядан без­ген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», тағы басқа шығармаларында сайрап жатыр. Өз бетінше білім алып, өмірдің талай қиын-қыстау өткелінен өткен Кемелдей кең тынысты қаламгердің шытырман оқиғаларға толы, шұрайлы тілді, шырайлы келбетті шығармалары күн өткен сайын жас ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, ұлтжандылыққа тәр­бие­лей беретіні сөзсіз.

Әсілі, детектив жанрындағы шиеленісті шығарманы жазу үшін қырандай қырағылық, қасқырдай қайсарлық, шынайы шеберлік қажет. Қайсар қаламгердің кітап­тарын қайта қолға алғанда, сұра­пыл соғыстың ішінде жанында бір­ге жүргендей күй кешесің, өзі­мен қайта тілдесесің.

Соғыс көріп, балалық шағы жетімдік пен жоқшылықта өткен қатал тағдыр Кемел ағаның сағын сындыра алмады. Керісінше, төске салған шарболаттай шыңдап шығарды. Жанына ауыр жара салса да асыл мұратынан тайдыра алмады. Отан үшін адал перзент, отбасы үшін аяулы жар, ұрпақ үшін үлгілі әке бола білген үлкен жүректі жайсаң ағаның өмір жолы артында үрім-бұтағы барда, қара ормандай қазақ халқы барда жыл­дар­мен бірге жалғаса бермек...

Осындай парасаты биік тұлға­ның нарқын асырып, парқын білер Махаттай талантты бауырға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұлтының азаттығы жолында кү­рес­­кен ардагер ағалардың аза­мат­­тық қасиеті, асқақ абыройы ке­йін­гі інілеріне жұғысты болғай!

 

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты