Алда ұзақ демалыстар келе жатыр. Бірақ бірде-бір шенеунік мас күйде, лас күйде көзге түспеуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілерге былапыт сөйлеп, жұртқа доқ көрсетуге де тыйым салынады. Халық ықыласпен тойлайтын мерекелер қарсаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев шенділерге қатаң ескерту жасады.
Ол коррупциямен күрес қарқын алған кейінгі 5 жылда Қазақстан алдын алу, ағартушылық және қылмыстық-құқықтық шараларды тиімді үйлестіруде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін мәлімдеді.
Біріншіден, оның байламынша мемлекеттік аппарат неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту және халықпен тығыз байланыстың сапасын арттыру есебінен мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтық азайды. Мемлекеттік мекемелерде 800-ден аса Оpen spaсe пен фронт-кеңселер және 100-ден аса сервистік әкімдік ашу арқылы айқындылық қағидаты жүзеге асты.
Мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдарды оңтайландыру, оның ішінде әкімшілік шығындарды азайтып, қосалқы құрылымдарды орталықтандыру жұмыстары бұл үрдіске едәуір серпін берді. Осының бәрі тұтаса келіп, ықшам әрі үнемді мемаппарат құруды көздейді.
Екіншіден, үкіметтік емес сектордың рөлі біршама артты.
– Мұнда Nur Otan партиясы, ҚХА мен меморгандар жанындағы қоғамдық кеңестер маңызды рөл атқарады. Қоғамдық ұйымдар сындарлы диалог форматына көшті, тиісінше біз мұндай серіктестік қандай нәтиже беретініне көз жеткіздік, – деді А.Шпекбаев.
Үшіншіден, ауқымды цифрландыру жұмысы, сондай-ақ 348 халыққа қызмет көрсету орталығы желісі мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тұрмыстық жемқорлықты азайтты.
Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейі біршама артты.
– Шенеуніктердің дөрекілігіне, маскүнемдігіне және басқа да жөнсіз мінез-құлқына қоғамның уақытылы назар аударуы, сондай-ақ әдептің қатаң бақылауға алынуы ескі жағымсыз әдеттерді жояды. Рас, әлі де бәрі кіршіксіз емес. Дегенмен іссапар кезінде тексерілушілердің бағынышты қызметкерлерді әуре-сарсаңға салуы тыйыла бастады. Барған жерінен сыйлық алуға, дастарқан жайғызуға болмайтынын әркім түсінді. Мерекелерде тәтті-дәмдіге лық толы кәрзеңкелер түгілі, болмашы сыйлық алудың өзі әдепті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы өрескел бұзу болып бағаланады. Мұны барлық мемқызметшінің қаперіне салғым келеді! – деп нықтады Агенттік төрағасы.
Ол келесі 2020 жылы Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның «басты белесінен» асатынын жеткізді.
– Біз тиімді алдын алуға, жемқорлыққа қарсы жаппай ағартушылыққа, жалпыұлттық парасаттылық пен сындарлы серіктестікке және бұлтартпас жазаны қамтамасыз етуге басымдық беретін, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдың жаңа кезеңіне аяқ басамыз! – деді Алик Шпекбаев.
Елдос СЕНБАЙ