«Ұлт бағдарламасы деуге болады» – драматург Роза Мұқанова
«Ұлт бағдарламасы деуге болады» – драматург Роза Мұқанова
382
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын тәуел­­сіздік жо­­лын­дағы ұлт бағ­дарламасы деуге болады.

Ендігі ұранымыз да, бірлік-бағытымыз да, ұстанған сая­са­тымыз тәуелсіздіктің мәң­­­­­гілігіне қызмет ету. Мемлекет басшысы бұл жолы да ұлттық ұстанымды ай­қындап, нақтылап берді. 30 жылда қандай жетіс­тіктерге жеттік? Ендігі шығар белес, алар асуымыз қандай? Ендігі белестің басында қандай күрескерлік керек? Тәуел­сіз­діктің мұраты, мемле­кеттің болашағы, ұлт құн­дылығы сияқ­ты қағидалар жо­лында қоғам неге дайын болуы шарт? Осы сауалдың барлығына Мемлекет басшысының «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» мақа­ласынан терең жауап алдық. «Біз әділетті қоғам мен тиімді мем­лекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мы­салы, тұр­ғындардың тұрмысын жақ­сарта түспесек, еліміздің же­тістіктері мен халықаралық та­­­­быстарын мақтан ету артық. Аза­мат­та­рымыз экономикалық өсім­нің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қа­былдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық аза­маттардың мүд­десін бірдей қор­ғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» депті Мемлекет басшысы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті қоғам құ­­­руда, халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл ширығып тұрған қоғамды нәтижеге бірден қол жеткізген олжалы бағыт болды. Қоғамдағы кез келген оқиға шешімін таба бастады. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің негізі қаланды. Жасырып-жабатын, жалған есепке құрылған науқаннан, қа­ғазбас қоғамнан арылуға жол ашылды. Жүйенің мұндай кем­шіліктерін жеңу үшін 30 жыл аз емес. Енді өз тарихымыздың ақ­таңдағын анықтап, бұғауда жатқан тарихи шындықты са­налы ұрпаққа жеткізу керегі мақаладан анық аңғарылады. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғы­сынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлт­тың жадын жаң­ғыртуға мүм­кін­дік береді», – дейді. Бұл бүгінгі та­­рих­шылар үшін де, қалам­герлер мен ки­ногерлер үшін де алға қойыл­ған үлкен мүм­кіндік әрі жауапкершілік. Президентіміздің: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуел­сіздік үшін нағыз күрес күн­делікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік сая­сатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ре­тінде жер бетінде сақталамыз» деген сөзі қайра­тымызды шың­дап, жүрегімізге жетті.