Жерді игеру ғарыштан басталады
Жерді игеру ғарыштан басталады
281
оқылды

Қазақстанның жалпы аумағы – 270 млн гектар. Оның 100 млн гектары ауыл шаруашылығына арналған. 100 млн гектардың 99 пайызы жалға берілген. Ресми дерекке сүйенсек, осыншама ұлан-ғайыр атырап 200 мыңдай ғана субъектіге тиесілі екен. Осы орайда, 1 қаңтардан бастап ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы алқаптар ғарыштан бақыланатын болды.

Жерді тиімді пайдалану мә­селесі бұған дейін дүркін-дүркін қозғалып қоятын. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті деп ашық айтқан. Рас, жерді жалға алып, бірақ оны игермей, босқа ұстайтындар көп. Соның кесірінен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып келеді. Жерді пайдаланудан бөлек топырақтың құнарын арттыру, суландыру, агротехникалық жұ­мыстар жүргізу, экологиялық жағ­дайды жақсарту дегендей мә­селелер бар. Міне, сондықтан жер ресурстарын ғарыштан бақылау аса маңызды бастаманың бірі деп білеміз. АШМ Жер ресурстарын бас­қару комитетінің мәліметіне сәйкес, министрлік ауыл шаруа­шылығы жерлеріне космо­мони­торинг енгізу үшін заңна­малық база әзірлеген. Пайдаланылмайтын жерлерге салық көлемі 20 есе көбейген. Ғарыштан зондтау бос жатқан алқаптарды анықтау процесін едәуір жеделдеткен. Мысалы, былтыр игерілмеген 8 млн-дай гектар анықталыпты, бұл 2016, 2017 және 2018 жылдары қол жеткізген көрсеткіштен жарты миллионға артық. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында дайындық жұмыс­тарын аяқтап, 2020 жылы бірқатар облыста жерге космомониторинг жүргізу бойынша пилоттық жоба енгізуді тапсырған. Сынақ жобасы Ақмола, Қостанай, Шығыс Қа­зақстан және Маңғыстау об­лыстарында жүзеге асырылды. Ол аймақтар кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі дәл сол өңірлерден түскен шағым шаш етектен. Сонымен, төрт өңірде 8,3 млн гектар игерілмеген жер анықталды. Оның 0,7 млн гектары – егістік, 7,6 млн гектары – жайылым. Мемлекет меншігіне 4,2 млн гектар қай­тарылды, 4,8 млн гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына тар­тылды. Осының өзі пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау кү­шейгенін анық аңғартады. 2020 жылдың желтоқсанында пилоттық сәтімен аяқталды. Үкімет биыл 1 қаңтардан бастап күллі респуб­лика аумағында космомониторинг жүйесін енгізуді ұйғарды. Иә, жер – мемлекеттің меншігі. Шаруалар Үкімет талабын орын­дауға міндетті. Біздің ойымызша, талап өте орынды. Неге? Өйткені жер «жұмыс істеуі» тиіс. Ауыл шаруа­шылығы өнімдері өндірілуі керек. Жұмыс орындары құрылуы қажет. Ауыл тұрғындары нәпақасын айы­рып, мемлекет қазынасына түрлі салық түрінде пайда түсіруі керек. Қазір ауыл шаруашылығы жер­лері түгел цифрланып бітті. Цифр­ландырудың арқасында бүкіл егістіктің, жайылымның, шабын­дықтың нақты контуры жасалады. Әркім өз аумағын Qoldau бағ­да­р­ламасы арқылы бақылай алады. Тіпті, ғарыштан түсірілген суретте жердің қаншалықты құнарлы, сапалы екені де анық көрінеді. Ең бастысы, барлық ақпарат тегін. Осылайша, жерсеріктердің дере­гіне сүйеніп, қайда, қандай егін егілгенін, қанша мал бағы­латынын тексеруге мүмкіндік туады. Яғни, тексеру үшін онда барудың қажеті жоқ. Мамандар кеңседен шықпай-ақ, бір батырманы баса салып заң бұзғандарды анықтайды. Бұл технология батыс елдерінің тәжірибесінде баяғыдан бар. Мә­селен, Франция фермерлері ғарыш мониторингін қолдана бастағалы 15 жылдан асқан. Олар негізгі төрт дақыл: бидай, арпа, соя, тритикале алқаптарын бақылайды. Ереже бойынша аумақтың 5 пайызын 1 500 адамнан тұратын жеке құрам аралап шығуы тиіс. Содан кейін агрономдар жерді тыңайту, өңдеу жұмыстарына қатысты кеңес беріп, өнімділікке болжам жасайды. Ақ­параттар арнайы порталдарда жарияланып, ақысын төлеген шаруа қожалықтарына ұсыныс жіберіледі. Аталмыш қызметке бізде де сұраныс жоғары. Басында отандық шаруалар шетелдік компа­ния­лардың көмегіне жүгінетін. Был­тыр нарықта ғарыштық бақы­лаумен айналысатын қазақ­стан­дық ойын­шылар пайда болды. Ғарыштық мониторингтің тағы бір артық­шылығы – ақпараттың ашық­тығында. Бұл сыбайлас жемқор­лықпен күресуге сөзсіз септеседі. «Алай­да космо­мони­торинг жердің игеріліп-игеріл­мегенін анық­тайтын жалғыз құрал болмауы керек», – дейді мамандар. Себебі жерсерік түсір­ген суреттен кіші­гірім кінәраттар шығуы әбден мүмкін. Мысалы, құрамында азот, парафин сияқты қоспалары бар тыңайтқыш ғарыштан өсімдік сияқты көрінеді. Егін алқабын бір жыл тынықтырып, тыңайтқыш сепкен шаруаның жерін иге­рілмеді деп тану қиянатпен тең болар еді. Жер кодексінің 4-бабында заңның негізгі қағидаты «жерді қорғау және ұтымды пайдалану» деп тайға таңба басқандай жа­зылған. Басты қағидат сақтал­маса, жер иелерін осы кодекс шең­берінде жауапқа тартып, жер те­лімдерін мемлекетке мәжбүрлеп қайтару қарастырылған. Пре­зидент тап­сырмасымен бұл істе қазақ­стандық спутниктер кеңінен қолданылады, ғарыштық түсірі­лімдер латифун­дистерден жерді алып қоятын кезде сотта айғақ ретінде көрсетіледі, мұны Парла­мент заңнамалық тұр­ғыдан бекітті. Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір сөзінде: «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал ба­сының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жемшөп дайындайтын жерлердің жетіспеуіне байланысты» деген еді. Негізі, Президент мәселенің мәнін тамыршыдай тап басып танып отыр. Қазақстан жер көлемі жө­нінен дүниежүзінде 9-орында тұр. Халық саны – 18-19 млн. Әлем­дік өлшеммен қарасақ, бұл – бір мегаполистің тұрғындары ғана. Сөйте тұра ауыл шаруа­шылығымен айналысамын деушілерге бос жер жоқ. Парадокс! Мұндай парадокс ғарыштық бақылау арқылы оңай шешіледі деп ойлаймыз.

еркебуланЕркебұлан НҰРЕКЕШ