«Бірлік – оқ өтпес сауыт» дейді қазақ даналығы. Өткен жылы Жамбыл облысы «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жандандырып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсете білді. Әрине, аталған бастама Қордай ауданында болған қақтығыстан кейін қолға алынғаны белгілі. Осы ақпанда бір жыл толғалы тұрған дүнген-қазақ текетіресінен кейін татулықтың туы қалай биіктеді? Бір таразылап көрсек...
Ұлттар бірліктің қадірін ұғынды ма?
Өткен жылы бір ғана Қордай ауданында 618 шара ұйымдастырылса, оған 15 481 адам қамтылған. Нәтижесінде, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 23 адамға 12,8 миллион теңге қайтарымсыз грант беріліп, 24 азамат «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан. 44 тұрғын тұрақты жұмыс орнына жолданып, 6 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. 4 өтінім беруші 21,3 миллион теңге көлеміндегі шағын несиеге қол жеткізсе, 516 адам стационарлық амбулаториялық ем қабылдаған. Одан бөлек, құрылымдық мекеме өкілдерінің қатысуымен 10 елді мекенде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілген. Онда 523 азамат түрлі мәселелерімен қайырылып, оның 482-не түсініктеме беріліп, 41 сауал бақылауға алынған. Аталған қоғамдық қабылдаулар ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзекті мәселелерді елді мекеннің ішінде шешуге мүмкіндік беріп, талай тұрғынның көкейінде жүрген түйткілінің түйіні тарқатылған. Жоба шеңберінде ауданда конфессиялық келісімді нығайту, дәстүрлі емес діни идеологиялардың көріністерін жол бермеу мақсатында «Дін секторы» бөлімі құрылып, теолог мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар елді мекендердегі 62 мешіттің 8-де имамдарды ротациялау жұмыстары қолға алынған. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ұлттар достығын дәріптейтін «Тағылым» фильмі түсіріліп, көпшіліктің көңілінен шығып, кең қолдау тауып отыр. Бұл ретте тағы бір айта кетерлігі, ауданда қоныстанған дүнген азаматтар биыл Алматы, Қарағанды облыстарымен қатар Шу ауданына да барып егін шаруашылығымен айналысып келді. Қордайдағы қақтығыстан кейін сырт өңірге шығуға жүрексініп қалған шаруаларға жергілікті билік қолдау мен қорғау білдіріп, нәтижесінде Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарынан 719 отбасы жалпы көлемі 5 529 гектар жерді игеріп, 260 мың тоннадан астам өнім алды. Сондай-ақ олар басқа өңірдегі түрлі ұлт өкілдерімен тілдесіп, берік байланыс орнатып қайтты. Ал «Бейбітшілік пен келісім» жобасының ең үлкен жемісі – «Қоғамдық келісім кеңесінің» құрылуы. Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған кеңесте Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу және Қарасай ауылдарының ақсақалдары үн қосып, жыл ішінде ауыл ағайындарымен 25 кездесу өткізген. Кеңесте тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да мәселелер қаралып, оларды шешу жөнінде ұсыныстар қабылданған. Осылайша «Бейбітшілік пен келісім» жобасы елді ұйыстырып, татулық пен бірліктің айнымас үлгісін үндеген. Баянды бастама алдағы уақытта да өз жемісін бермек.Тіліміз де, тілегіміз де бір ме?
Қордай ауданында былтыр тіл мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылып, ата-ана балаларын мектептердің қазақ тілді сыныптарына бере бастады. Бұл аудандағы тіл саясатын дұрыс жолға қойып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін арттырды. Жалпы, биылға дейін Қордай ауданында 48 мектеп жұмыс істеп тұрған болса, соның 21-і қазақ, 5-і орыс және 21-і аралас мектептер еді. Онда 30 462 оқушы білім алса, соның 17 922-і қазақ тілінде, 12 540-ы орыс тілінде сауатын ашқан. Қақтығыс болған Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Қарасу, Қаракемер ауылдық округтеріндегі 16 мектепте 1 045 ұстаз жұмыс істеп жатса, соның 505-і қазақ, 456-ы дүнген, 37-і орыс және 47-і басқа ұлттың өкілдері болатын. Сондай-ақ жоғарыда аталған ауылдардағы мектептерде бала тәрбиесімен айналысып жатқан 130 педагог пен 44 балабақша тәрбиешісінің мемлекеттік тілді мүлде білмейтіні айтылған. Алайда қазір жағдай түбегейлі өзгерген. Ең әуелі қазақ тілін тілдесу арқылы меңгерту, ойын еркін жеткізе білуге жағдай жасау мақсатында SÓIlE клубы құрылды. Мұнда Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Бәйтерек және Қарасу ауылдарынан 1 500-ден аса адам ашық аспан астында тіл үйрену курстарынан өтті. Одан бөлек, Сортөбе ауылынан «Тілдер саябағы» жазғы лагері құрылып, онда ауыл тұрғындары қазақ, ағылшын және француз тілдерін үйренген. Бұл бағытта Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұстаздары мен студенттері өлшеусіз үлес қосып, дәрістер оқыған болатын. – Өткен жылдың ішінде Масаншы, Сортөбе, Ауқатты және Қарасу ауылдық округ тұрғындарына мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары үздіксіз жүргізілді. «Тілдерді оқыту орталығы» ашылып, оқыту курсына 1 009 тыңдаушы қамтылды. Облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан ауданда мемлекеттік тілді оқу курстарын жүргізетін 37 қазақ тілі пәнінің мұғалімімен келісімшарт жасалып, оған 24 оқу кабинеті бөлінді. – Бүгінгі күнге 924 адам оқу курсынан өтсе, оның 16-сы мемлекеттік қызметші, бюджеттік сала қызметкері – 830, әртүрлі сала мамандары – 68 және 10-ы студент. Оның ішінде 917 адам немесе 99,2 пайызы өзге ұлт өкілі. Атап айтсақ, биыл орталықтан қазақ тілін 829 дүнген, 58 орыс, 14 қырғыз, 6 өзбек, 4 әзірбайжан, 2 ұйғыр, 2 қарашай, 1 татар және 1 кәріс үйреніп шықты, – дейді Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет. Тағы бір қуанышты хабар – аталған ауылдық округтерде 2020-2021 оқу жылында 58 бірінші сынып ашылса, оның 41-і қазақ тілінде жұмыс істеп жатыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға арттық. Одан бөлек 12 мектепке дейінгі ұйымдарда 2 630 баланың 1 836-ы қазақ топтарында тәрбиеленуде. Бұл да алдыңғы жылға қарағанда қазақ тобында тәрбиеленіп жатқан балаларлың 174-ке артқанын көрсетіп отыр. Әрине, бұл – жанға жылу беретін ақпарат. Небәрі бір жылдың ішінде осылайша өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге ден қойып, тіліміз де, тілегіміз де бір арнаға тоғысып келеді. Сондай-ақ ұлттар мен ұлыстар ұйысып, бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отырғаны қуантады. Лайым, осынау бірлігіміз бен татулығымызға сызат түспесін деп тілейміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы