Қордай қақтығысы: бір жылда не өзгерді?
Қордай қақтығысы: бір жылда не өзгерді?
212
оқылды

«Бірлік – оқ өтпес сауыт» дейді қазақ даналығы. Өткен жылы Жамбыл облысы «Бей­бітшілік пен келісім» жобасын жандандырып, бірлік пен ын­­тымақтың үлгісін көрсете біл­ді. Әрине, аталған бастама Қордай ауданында бол­ған қақтығыстан кейін қолға алын­ғаны бел­гілі. Осы ақпанда бір жыл тол­ғалы тұрған дүнген-қазақ те­кетіресінен кейін татулықтың туы қалай биіктеді? Бір таразылап көрсек...

Ұлттар бірліктің қадірін ұғынды ма?

Өткен жылы бір ғана Қордай ауданында 618 шара ұйым­дастырылса, оған 15 481 адам қам­тылған. Нәтижесінде, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 23 адамға 12,8 миллион теңге қайтарымсыз грант беріліп, 24 азамат «Еңбек» бағ­дар­ламасы аясында жұмысқа орна­ласқан. 44 тұрғын тұрақты жұмыс орнына жолданып, 6 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. 4 өті­нім беруші 21,3 миллион теңге көле­міндегі шағын несиеге қол жет­кізсе, 516 адам стацио­нарлық амбула­тория­лық ем қа­былдаған. Одан бөлек, құрылымдық мекеме өкілдерінің қатысуымен 10 елді ме­кенде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілген. Онда 523 азамат түрлі мә­селелерімен қайырылып, оның 482-не түсініктеме беріліп, 41 сауал бақылауға алынған. Аталған қоғам­дық қа­был­даулар ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзекті мәселелерді елді мекеннің ішінде шешуге мүмкіндік беріп, талай тұрғынның көкейінде жүрген түйт­кілінің түйіні тарқа­тылған. Жоба шеңберінде ауданда кон­фессиялық келісімді нығайту, дәс­түрлі емес діни идеологиялардың кө­­ріністерін жол бермеу мақсатында «Дін секторы» бөлімі құрылып, тео­лог мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар елді мекендердегі 62 мешіттің 8-де имамдарды ротациялау жұмыс­тары қолға алынған. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ұлттар достығын дәріптейтін «Тағылым» фильмі түсіріліп, көп­шіліктің көңілінен шығып, кең қол­дау тауып отыр. Бұл ретте тағы бір айта кетерлігі, ауданда қоныстанған дүнген аза­мат­тар биыл Алматы, Қарағанды об­лыстарымен қатар Шу ауданына да барып егін шаруашылығымен ай­налысып келді. Қордайдағы қақ­ты­ғыстан кейін сырт өңірге шығуға жүрексініп қалған шаруаларға жер­гілікті билік қолдау мен қорғау біл­діріп, нәтижесінде Масаншы, Сор­төбе, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарынан 719 отбасы жал­пы көлемі 5 529 гектар жерді иге­ріп, 260 мың тоннадан астам өнім алды. Сондай-ақ олар басқа өңірдегі түрлі ұлт өкілдерімен тілдесіп, берік байланыс орнатып қайтты. Ал «Бейбітшілік пен келісім» жобасының ең үлкен жемісі – «Қоғамдық келісім кеңесінің» құ­рылуы. Қоғамдық-саяси ахуалдың тұ­рақтылығын қамтамасыз ету мақ­сатында құрылған кеңесте Қара­кемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу және Қарасай ауылдарының ақса­қалдары үн қосып, жыл ішінде ауыл ағайындарымен 25 кездесу өткізген. Кеңесте тұрғындарды тол­ған­дырып жүрген әлеуметтік және басқа да мәселелер қаралып, оларды шешу жөнінде ұсыныстар қабыл­данған. Осылайша «Бейбітшілік пен ке­лісім» жобасы елді ұйыстырып, та­тулық пен бірліктің айнымас үлгісін үндеген. Баянды бастама алдағы уақытта да өз жемісін бермек.

Тіліміз де, тілегіміз де бір ме?

Қордай ауданында былтыр тіл мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылып, ата-ана балаларын мек­тептердің қазақ тілді сыныптарына бере бастады. Бұл аудандағы тіл саясатын дұрыс жолға қойып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін арттырды. Жалпы, биылға дейін Қордай ауданында 48 мектеп жұмыс істеп тұрған болса, соның 21-і қазақ, 5-і орыс және 21-і аралас мектептер еді. Онда 30 462 оқушы білім алса, соның 17 922-і қазақ тілінде, 12 540-ы орыс тілінде сауатын ашқан. Қақтығыс болған Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Қарасу, Қаракемер ауылдық ок­­руг­теріндегі 16 мектепте 1 045 ұстаз жұ­мыс істеп жатса, соның 505-і қазақ, 456-ы дүнген, 37-і орыс және 47-і бас­қа ұлттың өкілдері болатын. Сон­дай-ақ жоғарыда аталған ауыл­дардағы мектептерде бала тәр­биесімен ай­налысып жатқан 130 педагог пен 44 балабақша тәр­биешісінің мем­лекеттік тілді мүлде білмейтіні ай­тылған. Алайда қазір жағдай түбе­гейлі өз­герген. Ең әуелі қазақ тілін тілдесу арқылы меңгерту, ойын еркін жеткізе білуге жағдай жасау мақ­сатында SÓIlE клубы құрылды. Мұн­да Масаншы, Сор­төбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Бәй­терек және Қарасу ауылдарынан 1 500-ден аса адам ашық аспан астында тіл үйрену курс­тарынан өтті. Одан бөлек, Сортөбе ауылынан «Тілдер саябағы» жазғы лагері құрылып, онда ауыл тұрғын­дары қазақ, ағылшын және француз тілдерін үйренген. Бұл бағытта На­зар­баев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақ ұлттық қыздар педаго­гикалық университетінің ұстаздары мен студенттері өлшеусіз үлес қо­сып, дәрістер оқыған болатын. – Өткен жылдың ішінде Ма­саншы, Сортөбе, Ауқатты және Қа­­­­­ра­­­су ауылдық округ тұрғындарына мемлекеттік тілді оқыту жұмыстары үздіксіз жүргізілді. «Тілдерді оқыту орталығы» ашылып, оқыту курсына 1 009 тыңдаушы қамтылды. Облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан аудан­да мемлекеттік тілді оқу курс­тарын жүргізетін 37 қазақ тілі пәнінің мұ­­­ғалімімен келісімшарт жасалып, оған 24 оқу кабинеті бөлінді. – Бүгінгі күнге 924 адам оқу курсынан өтсе, оның 16-сы мемле­­кеттік қызметші, бюджеттік сала қызметкері – 830, әртүрлі сала мамандары – 68 және 10-ы студент. Оның ішінде 917 адам немесе 99,2 пайызы өзге ұлт өкілі. Атап айтсақ, биыл орталықтан қазақ тілін 829 дүнген, 58 орыс, 14 қырғыз, 6 өзбек, 4 әзір­­­байжан, 2 ұйғыр, 2 қарашай, 1 татар және 1 кәріс үйреніп шық­ты, – дейді Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет. Тағы бір қуанышты хабар – атал­ған ауылдық округтерде 2020-2021 оқу жылында 58 бірінші сынып ашылса, оның 41-і қазақ тілінде жұмыс істеп жатыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға арттық. Одан бөлек 12 мектепке дейінгі ұйымдарда 2 630 баланың 1 836-ы қазақ топтарында тәрбие­ленуде. Бұл да алдыңғы жылға қа­рағанда қазақ тобында тәрбиеленіп жатқан бала­ларлың 174-ке артқанын көрсетіп отыр. Әрине, бұл – жанға жылу беретін ақпарат. Небәрі бір жылдың ішінде осылайша өзге ұлт өкілдері мемле­кеттік тілді үйренуге ден қойып, тіліміз де, тілегіміз де бір арнаға тоғы­сып келеді. Сондай-ақ ұлттар мен ұлыстар ұйысып, бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отырғаны қуантады. Лайым, осынау бірлігіміз бен тату­лығымызға сызат түспесін деп ті­лейміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы