Токио Олимпиадасы өте ме?
Токио Олимпиадасы өте ме?
176
оқылды

Жапония астанасы Токиода өтетін  XXXII жазғы Олимпиада қыр астында. Күншығыс елінің би­лігі төртжылдықтың ең маңызды спорт додасына тың­ғылықты дайын­далып жатыр. Ұйым­дас­тыру­шы тарап осы бастан жан­күйерлер мен спорт­шы­­лардың жағ­дайын жасау­ға кірісіп кеткен.

Токио Олимпиадасының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Цуёси Ивасита төрткүл дүние көз тігетін дүбірлі додада жанкүйерлер өздерін жайлы сезін­етінін айтып сендіруде. Ал Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Тоширо Муто қауіпсіздік шаралары 2021 жылдың көктеміне дейін әзірленетінін хабарлады. Сонымен қатар медициналық сақтандыру міндетті талап болады деген де болжам бар. Себебі Жа­пониядағы ауруханалар ауру жұқтырған шетелдік туристерді емдегені үшін жұм­саған шығындарын осы сақтандыру арқы­лы жабуды көздеп отыр. Өткен жылы Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ 2020 жылы өтеді деп жоспарлаған жазғы Олимпиада ойындарын пандемияға бай­ланысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанын да жақсы білесіздер. 24 наурыз күні Халықаралық олимпиада ко­митеті Токио Олимпиадасын ұйым­дастыру комитетімен өткен келіссөзден соң төрт­жылдықтың дүбірлі додасын 2021 жылға ауыстыру туралы шешім шығарылды. ХОК президенті Томас Бах әлемдегі ахуалға байланысты осындай шешімге келгендерін айтып, бар әлем спортшыларымен бірге коронавирусты жеңетініне сенім білдірді. Бір қызығы, олимпиада бір жылға ше­герілсе де, жарыс атауы мен медальдар дизайны ауысқан жоқ. Сондықтан ауқым­ды дода тарихта «Токио-2020» болып қала береді. 2020 жылдың соңына қарай Еуропа елдерінде коронавирустың қайта өршуіне байланысты олимпиада тағы да келесі жылға шегеріледі деген қауесет тараған. Бұл сұрақтарға таяуда Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс жауап берді. Ол қайткен күнде де олимпиада ойындары 2021 жылы өтетінін мәлімдеді. Салтанатты рәсімдерді ұйымдастыру әр істі тыңғылықты атқара білетін шығармашылық топ мүшелеріне тапсырылды. Олар аз уақыттың ішінде тез әрі тиімді дайындық жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Енді аталған топқа салтанатты рәсім кезінде әлемдегі індетпен күресті бейнелеу міндеті қоса жүктелді. Токио Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы олимпиада өзгелерінен оқ бойы озық болмақ. Спорттың 33 түрі бойынша 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ Токио Олимпиадасына жаңадан 5 спорт түрі енгізілді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг. Спортшылар үшін 42 спорт нысаны жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 206 ҰОК-тен 11 090 спортшы қатысатыны айтылуда. Сонымен қатар жарысқа қатысушылардың 49 пайызы әйелдер болмақ. Томас Бахтың «Токио Олимпиадаға толықтай дайын­далған қала ретінде тарихта қала береді. Бұл үшін жапониялық серіктестеріміз бен достарымызға тек алғыс айтамыз» деуінің өзі де дайындықтың қай деңгейде жүріп жатқанын айқындай түседі. Қазір Жапония үкіметі 2021 жылы өтетін жазғы Олимпиада және Паралим­пиадада шетелдік көрер­мендерге арналған екі апталық карантинді алып тастау мәселесін қарастыруда.  Бұл туралы Киодо агенттігі хабарлады. Жан­күйерлерге Жапонияға келген соң қоғам­дық транс­портты пайдалануға рұқсат беруі мүмкін. Алайда туристер елінен ұшып шы­ғар­да және жапон жеріне келген соң коронавирусқа тест тапсыруға міндетті.  Әзірге жапондықтар шетелдік көрермендерге қатысты мәселені то­лығымен шешкен жоқ. Спортшылар ара­сында да бірқатар шектеу болады. Олар тек жарыс өтетін орын мен олимпиадалық қалашықта уақытын өткізеді. 24 шілдеде кезекті жазғы Олимпиада ойындарының тұсауы кесіледі. Жапон елі спорттағы әлеуетін ғана емес, техно­логиядағы жетістіктерін де паш етуді көз­деп отыр. Олимпиадада арнайы құрастырылған роботтар келушілерге барынша көмектесіп, жол көрсетеді. Жалпы, Токио Олимпиадасы адамзат тарихындағы ең инновациялық дода бол­мақ. Ұйымдастырушылар осы сенімнен шығу үшін байрақты бәсекеге адамның жүзін танитын жүйе енгізбекші. Яғни, жарысқа қатысатын спортшылардың, қызметкерлер мен ақпарат құралдары өкілдерінің суреттері роботтың базасында сақтаулы болады. Осылайша, аталған жүйе адамдарды автоматты түрде танып, ішке кіруге рұқсат береді. «Бұл бастама олим­пиада кезінде қауіпсіздікті арттыруға сеп­тігін тигізеді», – дейді мамандар.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ