Алдағы 5 жылда импортты толығымен ығыстыру үшін Қазақстанда жыл сайын кем дегенде 20-30 ірі жылыжай іске қосылуы тиіс. Бұл туралы «Ауыл» партиясының үгіт-насихат тобы «Шелек фермерлері» кооперативі ұжымымен кездесуде мәлімдеді.
Соңғы жылдары елімізде жабық топырақтағы көкөніс өндіруде оң үрдіс байқалады. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы есебінен елімізде заманауи жылыжайлар саны өсті, органикалық өнім көлемі ұлғайды (ГМО-сыз). Алайда аталған бағыттың даму қарқыны әлі де төмен және маусымаралық қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.
«Сондықтан алдағы 5 жылда импортты толығымен ығыстыру үшін Қазақстанда жыл сайын кем дегенде 20-30 ірі жылыжай іске қосылуы тиіс. Ал ондай жобалардың жоғары қаржылық сыйымдылығын ескере отырып, күрделі шығынға баруға дайын инвестор мен кәсіпкерді табу өте қиын. Осыған байланысты «Шелек фермерлері» сияқты өндірістік және тұтыну кооперативтерін дамыту қажет», – дейді Мәжіліс депутаттығына үміткер Әзімхан Сатыбалдин.
Себебі «Шелек фермерлері» кооперативі мен олар жүзеге асырған жобаның бірегейлігі бар, ол – жеке аулалардың адами және жер ресурстарын тиімді пайдалану. Бірнеше жыл бұрын Филип Моррис компаниясы үшін темекі өсірген жергілікті тұрғындар оның қызметі тоқтағаннан кейін арықарай қалай немен айналысарын білмеді. Сол кезде жергілікті қоғамдастық қоры жылыжай кешенін құру үшін грант бөлуді ұйымдастырды және осыған орай жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұсақ шаруаларды кооперативке біріктірді. Қазіргі уақытта кооператив өнімдері Алматы қаласының сауда желілеріне жеткізіліп жатыр.
Әзімхан Сатыбалдиннің пікірінше, әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі де осы тәжірибені барынша көбейтуі тиіс. Сонымен қатар, жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қаржылық ресурсы арқылы мұндай кооперативтерге қайтарымсыз гранттар беру керек. Себебі көптеген жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұсақ шаруалардың өтімді кепілдік базасы жоқ, тіпті олар болған жағдайда да жеке алынған несиелердің көлемі мұндай кешендерді салуға жеткіліксіз.