Хиуаздың әуежайы
Хиуаздың әуежайы
224
оқылды

Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі Атырау халықаралық әуежайына берілмек. Бұл туралы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» электронды үкіметі порта­лында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында айтылды. Қаулы жобасы 25 желтоқсанға дейін талқылауға ұсынылып отыр. Қарсы пікір болмаса, құжатқа Премьер-Министр Асқар Мамин қол қояды. Осылайша, 2012 жылы «Айқын» газетінде көтерілген игі бастама іс жүзінде орындалмақ.

Қазақстан журналистер ода­ғының мүшесі, «Айқынның» Атырау облысындағы тілшісі Тұрсын Қалимова 2012 жы­лы Атырау халықаралық әуе­жайына Х.Доспанова есімін беру туралы бастама көтерген сұхбат жариялаған-ды. «Құр­мет» орденінің иегері Тоты Әміровамен ұйымдастырылған сол сұхбаттың негізінде сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Алайда 2012 жылы Ономастика туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды. Бірақ Т.Қалимова жетекшілік ететін «Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру жөніндегі бастамашыл топтың» жұмысы тоқтаған жоқ.

Парижде Шарль де Голль, Белградта Никола Тесла, Тегеранда Имам Хомейни, Мәс­­кеуде «Домодедова» атын­дағы халықаралық әуежайлар бар. Жуырда Ресей Президенті 40 әуежайдың атын өзгертіп, елдің атын шығарған қоғам қайраткерлері мен шығарма­шылық тұлғалардың атын беру туралы жарлық шығарды. Көрші ел әдебиеті мен руханиятына, тарихы мен ғылымына үлес қос­қан тұлғалардың есімін ұрпақ санасында сақтау үшін осындай қадам жасады. Ал біздің елде халық қаһарманының есімі әуе­жайға берілсе, нағыз жарасым сол емес пе?!

Айтқандай, Үкіметтің «Аты­рау халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Хиуаз Доспанова есімі берілсін» де­лін­ген қаулы жобасында Нарын жалпы орта мектебі мен Н.Крупс­кая атындағы мектебіне Фариза Оңғарсынованың есімін беру, Н.Гоголь атындағы орта мектепті Ғабит Мүсірепов, Ф.Энгельс атындағы орта мек­тепті Қадыр Мырза Әлі атын­дағы мектеп деп атау туралы да ұсыныс жазылған.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ