АҚШ агробизнеске инвестиция құяды
АҚШ агробизнеске инвестиция құяды
127
оқылды

Премьер-Министр Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапары аясында америкалық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Үкімет басшысының АҚШ-тағы аса ірі ет өнімдерін өндіруші – Tyson Foods компаниясының басшылығы – президенті Н.Уайтпен және директорлар кеңесінің төрағасы Д.Тайсонмен келіссөзінің қоры­тындысы бойынша Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды.

Бұл құжат бірінші кезеңде Қазақстанда қуаттылығы тәу­лігіне 2 мыңға жуық мал басын құрайтын заманауи ет өңдеу кешенін салуды қарастырады. Кәсіпорын қазақстандық на­рық­тың қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, өнімді шетел на­рықтарына экспорттауға мүм­кіндік береді. Осылайша, елдегі жылдық ауыл шаруашылығы кірісін $1 млрд-тан астам қар­жымен қамтамасыз етуге ықпа­лын тигізеді.

– Tyson Foods – Қазақстанға ет өңдеуді дамытуға және фер­мерлік шаруашылықтардың мал басын арттыруға серпін беруі үшін қажетті тәжірибесі бар әлемдік деңгейдегі компания. Кәсіпорынды ашу ет индустрия­сының ғана емес, АӨК-тің басқа да шектес салаларын – вете­ри­нарияны, аграрлық машина жасауды, мал азығы дақылдарын өсіруді, мал бордақылау алаңда­рын ашуды, т.б. дамуын ынта­лан­дыратын болады.

Жоба Қазақстанның ауыл ша­руашылығында ондаған мың жа­ңа жұмыс орнын құруға мүм­кін­дік береді, – деді Асқар Мамин.

Tyson Foods қазақстандық Kusto Group компаниясымен бір­лескен жобаны жүзеге асы­рады. Өндірістік циклде қазақ­стандық фермерлерге «Экс­теншн» америкалық қызметі­нің үлгісі бойынша ақпарат­тық­консультациялық қызмет көр­сетеді. Онда атап айт­қан­да, кеңес беру, жергілікті жерде кадр біліктілігін арттыру және кә­сіптік-техникалық оқы­ту қа­растырылған.

Үкімет басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл қала­сына және Небраска штатындағы Дакота-Сити қаласына барып, Tyson Foods компаниясының өндірістік қуаттылықтарымен, технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобасымен танысты. Ал Омаха қаласында Премьер-Министр Небраска штатының губернаторы Д.Ри­кеттспен және суару жүйеле­рі нарығындағы көшбасшы Valmont Industries компания­сы­ның президенті С.Каниевскимен кездесті. Тараптар механика­лан­дырылған суару, телекоммуни­кациялар, жаңартылатын энер­гетика, инфрақұрылымдық құ­рылыс, сондай-ақ аграрлық ғы­лым және білім салаларындағы ынтымақтастық перспектива­ларын және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Келіссөз қорытындысы ­бо­йынша А.Маминнің және П.Рикеттстің қатысуымен Ауыл ша­руашылығы министрлігі, Kusto Group қазақстандық ком­паниясы және Valmont Industries арасында Қазақстанда тиімді суару және ауыл шаруа­шы­лығындағы өнімділікті жақ­сарту қағидаттары туралы Ке­лісімге қол қойылды. Құжат Қа­зақстанда 2022 жылы қуатты­лығы жылына 1 мың машина фрон­тальді және айналма суа­ру­ды құрайтын Valley ирригация­лық жүйелерін өндіру зауытын салуды қарастырады. Амери­­калық ирригация техноло­гиялары өсімдік шаруашылы­ғының ­өнім­ділігін арттырып, ауыл шаруа­шы­лығындағы су шығынын 50%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан ары еліміздегі кә­сіпорын өндірісін телекомму­никацияларға, жаңартылатын энергия мен инфрақұрылымдық құрылысқа арналған жабдықтар шығаруға дейін кеңейту жос­пар­ланған. Қазақстанда өндірілетін өнім отандық нарық қажетті­лік­терін қамтамасыз етіп қана қой­май, сыртқы нарыққа экспорт­тық әлеуетті дамытуға жол ашады.

Valmont Industries бас кеңсе­сін аралау кезінде Үкімет бас­шысы кәсіпорынның өндірістік қуаттылықтарымен және техно­логиялық процесімен танысты.

– Valmont Industries озық тех­нологияларын пайдалану өсімдік шаруашылығы және мал шаруа­шылығы үшін жемшөп базасын құруда мультипликативті әсер береді, – деп мәлімдеді А.Мамин.