Жиында бірқатар маңызды мәселе көтеріліп, Президент елдегі болған су тасқынына қатысты атқарылған және атқарылуға тиіс жұмыстарға тоқталып өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталмыш сессияға байланысты Ақмола облысы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина өз пікірін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIІІ сессиясында елімізде болып жатқан тасқын су апаты мен одан келген шығынды, зардап шеккен халықтың мұқтаждықтары өтелетінін айтып өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады», – деп, жиынның да кезек күттірмейтін, ел иігілігі үшін жасалып жатқан қадамдарды да түсіндіріп берді. Қазақстан халқының ауыр сынақ кезінде бір-біріне қолдау көрсетуі мен ауызбірлігінің де, құтқарушылар мен волонтерлердің, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері мен бизнес өкілдерінің шет қалмай, жұмыла кіріскен еңбектерінің арқасында қазіргі таңда тасқын су ауыздықталып жатқанын атап өтті. Сын сағаты соққанда, еліміз жұмылып, табан тіресе жұмыс істеді. Қарғын суды ауыздықтауда 119 мыңнан астам адам, 45 мыңға жуық баланың қауіпсіз жерге көшірілгені де айтылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде Ассамблеяның жұрт айтып жүргендей жасанды ұйым емес екенін, заңды һәм маңызы бар қоғам екенін, ел бірлігі жолындағы ұйымдастырылып жатқан қыруар жұмыстары мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырудағы еңбегін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жүректен жүрекке" ауқымды акциясы, жұртқа жан-жақты көмек беру мақсатында құрылған республикалық және аймақтық штабтарының құрылып, су тасқыны кезінде де елден қалыс қалмай, бел шеше кіріскен еңбектері, апат болған аймақтарға жөнелтілген 1 500 тоннадай азық-түліктің де жиналуына зор үлесінің бар екені бүгінгі сессия барысында айтылды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылып, олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Осындай деректерді келтіре берсем, әрине, өте көп. Ең бастысы, Қазақстан халқының басына қиындық та, апат та келмесін, еліміз аман, жұртымыз бүтін болуын тілеймін, – деді А.Жахина.
Айта кетейік, бүгін Ассамблеяның кезекті отырысында сөз сөйлеген Қ.Тоқаев Ассамблеяның жасанды ұйым емес екенін нақты айтқан.