Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құрылуына және «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыға бастағанына 85 жыл толуына арналған пленум өтті. Айтулы шара қазақтың үш бәйтерегі атанған, осы одақтың іргетасын қалауға атсалысқан Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына да арналып отыр. Алдымен киелі орданың тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.
Одақ 1934 жылы құрылып, тұңғыш төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланады. Өткен уақыт аралығында одақты Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, тағы басқа да қазақтың біртуар тұлғалары басқарған. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген талай мықтыларымыз қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізіп, қуғын-сүргін құрбаны болды. Оншақты адамның себепкер болуымен құрылған одақтың бүгінде 800-ден астам мүшесі бар.
– Қазақ елі қашанда жазушылар қауымдастығын жанына сүйеу, рухына тіреу санайды. Ежелден сөз өнерін кие тұтқан, асыл сөзді ардың ісі санаған қазақ өткен ғасыр басында бір ұйымға ұйысқан ақын-жазушылар қауымдастығына да дәл осындай үлкен үміт артқан болатын. 85 жылдық тарихында сөз зергерлері сол үмітті халық қамы мен ел сенімінің темірқазығына айналдыра білді. Қазақстан Жазушылар одағының бір ғасырға жуық тарихын тарата зерттейтін болсақ, одан қазақтың қилы кезеңдерімен тұтасып жатқан, жүздеген томға жүк болатын қызығынан қасіреті басым тауқыметті тағдырлардың шежіресін көреміз. Оның бірсыпырасы жазылып та жүр. Ал қалтарыста жатқаны одан әлдеқайда мол. Жазушылар одағы 1925 жылға дейін Қазақстанның пролетариат жазушыларының ассоциациясы деп аталып, ұйымның басында Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин тұрғанын білесіздер. Бұл ұйым кейін 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы деп қайта құрылып, тұңғыш төрағалығына Ілияс Жансүгіров сайланды. Дәл сол жылдың 10 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газеті де жарыққа шықты. Оның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов болғанымен, идеялық жетекшілері Сәкен, Ілияс және Бейімбет болды, – деді еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев. Қырымбек Елеуұлы осы күні аталып өтіп жатқан шаралардың бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтты. Үш алып тұлғаның қазақ халқы тарихында алар орны ерекше екеніне жеке-жеке тоқталды.
Кеш модераторы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетов Алматы қаласы қазақ мәдениетінің, ел Тәуелсіздігінің алтын бесігі екенін, бұл қаланың ұлт руханияты үшін орны қашанда бөлек екенін айтты. Осы ретте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев сөз алып, «Өткен ғасырдың алмағайып жылдарында қазақ сөзі, қазақ рухы өз топырағында қиын дәуірді басынан кешірді. Тіліміз саясаттан, қаржы мен сот жүйесінен ығыстырылып, тұрмыстық деңгейде қолданылатын өгей тілге айнала бастады. Ұлтымыздың сан ғасырлық арман-мұратын бойына жиған қазақ сөзінің тап сондай қилы кезеңде барып пана тапқан киелі ордасы осы Жазушылар одағы болатын. Одақтың ұйытқы болуымен осы жылдары қазақ ақын-жазушылары елімізде болған барлық тарихи оқиғалардың алдыңғы шебінен табылды. Өздеріне замана жүктеген бұл міндеттерді қазақ ақын-жазушылары зор абыроймен атқарып шықты» деді.
Қала басшысының айтуынша, қазір Алматыда Жазушылар одағының 360 мүшесі тұрады. Қала әкімдігі белгілі шығармашылық өкілдерінің кештерін, көрмелерін, мерейтойларын ұйымдастырып келеді. Жиналған қауымды қуантқан жағымды жаңалықтар да жоқ емес. «Биыл зиялы қауым өкілдерімен жұмыс істеудің жаңа жүйесін енгіздік. Одақтың тікелей ұсынысы бойынша қаламгерлерге 150 грант тағайындалды. 90 грант өз иелеріне жетсе, қалған 60-ы жыл соңына дейін табысталады. Алдағы жылдары іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушының кітаптарының жарық көруіне қолдау көрсетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезегінде ақын-жазушы, драматург, сыншылардың қаламыздың, тұтастай еліміздің тыныс-тіршілігін суреттейтін әдеби шығармалар жазуына септігін тигізеді деп ойлаймыз» деген Бақытжан Әбдірұлының сөзіне жиналған қауым ризашылығын білдірді.
Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулетов баяндама жасап, ол қазақ әдебиетінің түп-тамырына, бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. ХХ ғасырдағы ел басына түскен нәубетті, зобалаң жылдар қазақ ақын-жазушыларының да қатарын сиретіп кеткеніне қынжылды. Жазықсыз жазалау мен қуғын-сүргін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де таусылмағанын айтты. Әйтсе де, талай зобалаңды басынан өткізген қазақ әдебиетінің тарихында жарқын күндері де, өрлеу жылдары да болғанын жасырмады. «Осы пленумға қатысып отырған Алаштың аса көрнекті ақыны Темірхан Медетбектің айтуынша, ол Маңғыстауда жүргенінде редакция жұмысымен жергілікті түрмеге кіреді. Сонда бір бұрышта үйіліп жатқан кітаптарды көреді. Қараса, ол Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы екен. «Түрмеге адам қамағанды талай көрсек те, кітап қамағанды бірінші рет көрдім» дейді ақын. Желтоқсан оқиғасынан кейін Бейбіт Қойшыбаев, Мейірхан Ақдәулетов, Аманғазы Кәріпжанов, тағы да басқа ақын-жазушылар жұмыстан қуылып, тергеліп, республикада репрессия ушығып тұрған кезде Жазушылар одағына кездесуге Колбин келді. Партияның қылышынан қан тамып тұрған кез. Сонда қаймықпастан қаһарлана қарсы сөйлеп, үрейдің бетін қайтарған ақынымыз Жұбан Молдағалиев, сосын Сафуан Шаймерденов ағалар болды. Олар осы тайсалмас қылықтарымен нағыз жазушының азаматтық позициясы қандай болуы керектігі жөнінде кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп кетті» деген Ұлықбек Есдәулет қазақ ақын-жазушыларының ерлігі мен өрлігіне шолу жасады. Ол Мұхтар Шахановтың Арал қозғалысын, Олжас Сүлейменовтің Жазушылар одағында Халықаралық ядролық Невада-Семей қозғалысын қалай құрғанына куә болғанына тоқталды. Мұның бәрі Жазушылар одағының, қазақ әдебиетінің тарихы екенін айтып өтті.
Туысқан түркі халықтарының ортақ ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің сәлемін аталған ұйым орынбасары Асқар Тұрғанбай жеткізді.
«Биыл керемет мерейтойлар жылы болып отыр. Үш арысымыз Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің мерейтойлары еліміз бойынша керемет жоғары деңгейде өтті. ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйым ретінде алыптардың мерейтойларын тек Қазақстанда емес, түркі халықтарының ортасында – Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстанда өткізуге атсалысты. Германияға арнайы тапсырыс беріп, «Үш арыс» атты үлкен кітап шығардық. Ол атақты арыстарымыздың шығармаларына жазылған суреттердің альбомы, картиналардың жинағы ретінде шықты», – деді ол.
Халықаралық жиынға Түркия, Тәжікстан Татарстан, Башқұртстан, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген мәртебелі қонақтар ТҮРКСОЙ ұйымының ұйытқы болуымен жарыққа шыққан Алаш арыстарына арналған «Үш арыс» кітабының тұсауын кесті. Алыс-жақыннан келген қонақтар атынан Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлы сөз сөйлеп, Орхон жазуларына түркі халықтарының ішінде қазақ тілі ең жақын тілдің бірі екенін атап өтті. Біздің терең тарихымыздан келген тіліміздің дариясын қазақ ақын-жазушылары болашаққа алып барады деген сенімін білдірді. Әлем мойындаған ақын Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, академик Мұрат Жұрынов, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов жиналған қауымды айтулы мерекелермен құттықтады.
Бұл күні әдебиеттің бүгінгі алыптары Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Әкім Тарази, Марфуға Айтқожина, Мұхтар Мағауин, Әнес Сарай, Сопы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Дулат Исабековтерге «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы берілді. Бірқатар ақын-жазушылар «Алматы қаласының еңбек сіңірген қайраткері» аталса, Жастар жылына орай бірнеше жас әдебиетшілер Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Мерекелік шара ары қарай концерттік бағдарламаға ұласты.