Қарағанды қашан қазақша сөйлейді?
Қарағанды қашан қазақша сөйлейді?
352
оқылды

Статистикалық деректер бойынша жергілікті ұлт небәрі 44 пайызды құрайтын Қарағанды қаласында мемлекеттік тілдің жағдайы мүшкіл. Өңірде қазақ тіліне көшуді 2020 жылға қарай 95% жеткізу көзделген. Алайда кеншілер шаһарын ұлы Абайдың тілінде сөйлетуге бір жыл емес бірнеше онжылдық қажет секілді.

Жыл сайын мемлекеттік кыз­мет­­кер­лерге мемлекеттік тілді үйре­ту үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлі­неді. Алайда тіл курс­тарына қамтыл­ған­дар­дың бар­лығы мемлекеттік тілді же­тік меңгермейді. Себебі қазір­гі қо­ғамның өзі дәлелдеп отыр­ған­дай, мемлекеттік тіл­ді мең­ге­ру деңгейі тек қана «Қаз­тест» жүйесі бойынша сынақ тапсы­рып, сертификат алғандар саны бойын­ша ғана есептеледі. Бағ­дар­лама бойынша 2019 жылға қа­рай ересек тұрғындардың 80% мем­­лекеттік тілді меңгеруі тиіс еке­­нін ескерсек, сол көрсеткішке қол жеткізудің әлі алыс екенін аңға­руға болады.

Қалада орналасқан мекеме­лер­дің барлығы бірдей құжат айна­лы­мын мемлекеттік тілде жүр­гізуге то­лық­тай көшкен жоқ. Біршама меке­ме­лер­де Тіл туралы заң талаптары сақтал­май­­ды. Құжаттарды, оның ішінде есеп-қисап қағаздарын әлі де қазақ ті­­лінде жүргізбеу, қызметкерлердің тіл курстарына қатысуын қамта­ма­­сыз етпеу, тіл мәселесінің жина­лыс­­тарда қаралмауы, жал­пы, тіл сая­са­тын насихаттауда ана­ли­тикалық, сти­листикалық талдаулар жоқтығы бай­қа­лады.

Мемлекеттік мекемелері ресми тілде сайраған Қарағандының кө­ше­ле­ріндегі жарнамалар мен көрнекі ақ­параттардың да өзге тілде жар салуы заңдылық.

Қарағанды облысында осы­мен биыл төртінші рет кезекті «Көр­­некі ақ­парат пен жарнамаға – сауаттылық!» об­лыстық айлығы өтуде. 11 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтіп жат­қан айлық барысында Қарағанды қаласының бірқатар сауда үйлері мен супер­­маркеттеріндегі көрнекі ақпа­раттар, жарнамаларға шолу жаса­лып, сауда орындарының меншік иелері, әкімшілеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай жұмыс­тар облыстың барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр.

Қарағанды облысының тілдер­ді дамыту басқармасы көшедегі жар­на­малардағы қателерді анықтау шара­сын қолдауға блогерлерді тартты. Тіл саласындағы белсенді топ мүшелері қала­дағы М.Әуезов атындағы кітап­ха­нада бас қосып, мемлекеттік ор­ган­­дар мен қоғам­ның түйткілді мәсе­ле­лерін шешуге байланысты ортақ мәмілеге келді. Бірлесіп жасайтын жұмыс жоспары талқыланды. Жексен Әбдірахман, Майра Әбдірахманова, Жаңабек Наров, Аян Шәкен секілді аза­мат­­тық қоғам белсенділері, тіл жана­­шырлары қатысқан жиында мем­лекеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­туге байланысты бірқатар жобалар талқы­ланды. Басқарма әлеуметтік желі белсенділерімен, тіл жанашырларымен бірлесе оты­­рып, көрнекі ақпараттар мен сырт­қы жарнамаларды тіл туралы заң­нама талаптарына сай ресімдеу үшін кәсіпкерлерді, жарнама а­гент­тіктерін тексеруді бастап кет­ті.

Мұндай рейдтер жыл сайын бір­­не­ше рет өткізіледі. Алайда заң та­лап­­тарын бұзғандарға әкім­ші­лік айып­пұл салынбайды. Бір ай көлемінде түзе­тіл­сін деген ескертумен шектеледі. Ал көрнекі ақпараттардың ай емес, күн санап өзгеретінін ескерсек, бұл шара­ның өзін-өзі ақтамайтыны көрініп тұр. Ескертуден бұрын, бірден айыппұл салы­натын болса, кәсіпкерлер заң тала­бын бұлжытпай орындар еді. Мұн­дай бірді-екілі рейдтер заңды қатаңдатпаса мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Облыстық тіл басқармасының жекеменшік нысандарға мемлекет­тік тілдің қолданыс аясын тексеріп ба­­руға да заң аясында құзыреті жоқ. Кә­сіпкерлерді тексеруге қо­йыл­­ған мара­торий жекеменшік ком­па­ния­лар­дың жұмысына ара­ла­­суға мүм­­кіндік бермейді. Тіл бас­қар­масы олар­ға тек әдістемелік кө­мек көрсетіп, түсін­ді­ру­мен ғана шек­теле алады.

«Жарнама туралы заңда» жар­на­маны мемлекеттік тілде беруді мін­деттейтін бап жоқ. Сол себепті кәсіп­кер­лер жарнаманы тек орыс тілінде береді. Нәтижесінде орыс­тілді ақпарат құралдары жарна­ма­дан түскен ақшаға қарық болып, қазақ газеттері некролог жария­лау­мен шектелуде.

Елімізде тіл саясаты үш негізге сүйе­не отырып жүргізіледі. Олар: тіл саясатын кеңінен наси­хат­тау, мемлекет тарапынан қар­жы­­лай кө­мек көрсету және түсін­діру. Бі­лікті жүргізілген тіл сая­саты – қо­ғамдағы тыныштық пен келі­сім­нің кепілі. Ендеше «Жар­на­ма туралы заңға» түзету енгізетін уақыт келді.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы