Халқына жақындар әкім бола ма?

Халқына жақындар әкім бола ма?

Мектепте «Егер мен әкім болсам…» деген тақырыпта шы­ғарма жазуға берілетін тапсырма есіңізде ме? Сол кез­де ауылымызды қала тұр­мақ жұмақ қылатындай қиялға беріліп, барымызды салып жа­затынбыз. Міне, сол шығар­мада ойға алғанын іске асыру­ды армандап жүргендерге 2021 жылдан бастап мүмкіндік туады. Себебі келесі жылы ауыл әкімдері тағайындаумен емес, халықтың дауысымен сайланатын болады. Бұл сая­си трансформацияға қатысты сарапшылар қандай пікірде? Болашақта қала, облыс бас­шылары да осылай сайлана ма?

Қазір елімізде әкімдер та­ғайын­далады. Яғни, облыс және республикалық маңызы бар қала­лардың басшыларын – Президент, ал ауылдық округтердің әкімдерін жергілікті өкілдік орган сайлайды. Тамшыдан құрылған теңіз секілді елдегі өзгерістің дені бір­ден кө­лемді дүниелерден емес, кішігірім трансформациялардан басталғалы отыр. Бұлай дейтініміз, облыс сынды үлкен аумақтағы бас­шыларды әлі де Мемлекет бас­шысы белгілесе, ауылдық жер­лерде кімнің әкім болатынын тұрғындар шешетін болады. Осыған дейін жүргізілген сауал­намаларда қоғам ауыл әкім­дерін сайлауды қолдайтынын білдірген. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен еді. «Ауыл әкімдерін сайлауды қоғамның қолдайтынын сауална­малар нәтижесінен көріп отыр­мыз. Бұл – өте маңызды қадам. Бұл жүйенің қалай жұмыс істей­тінін жақсылап қарастыру керек. Десек те, аталған мәселеге қа­тысты уақытты ұзартқан да жөн емес. Ауыл әкімдерінің көбінің құзырет мерзімі келесі жылы бітеді екен» деген болатын қыр­күйектегі Жолдауында. Ал күні кеше нақты шешім де шықты. «Би­лік халық алдындағы жауап­кер­шілікті сезінуі керек. Сол себепті ауыл әкімдерін сайлауға кө­шіп жатырмыз. Осылайша, жергі­лікті өзін-өзі басқару жүйе­сін ең төменнен бастап нығай­тамыз. Бұл қадам тұрғындар мен жергілікті биліктің бар мәселені бірлесіп шешуі үшін қажет. Одан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшеміз. Егер жаңа жүйе тиімді болса, одан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлаймыз», – дейді Мемлекет басшысы. Міне, былтырғы Жолдауда бір ұшы шыққан сөздің іске асатын кезі де туды. Мұны халық үніне құлақ асатын мемлекетке айналуға жасалған қадам деп бағалауға бола ма? Сарапшылар пікірі былайша көрініс тапты. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов мұны демократияға жасалған қадам деп бағалап отыр. «Республикада жүргізіліп жатқан саяси реформалар барысындағы басты бағыттың бірі деп ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы ұсыныс десек болады. Негізгі мақсат – жергілікті басқарушы органдарға тұрғындарды тарту. Сол арқылы Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында тұрғындардың өз ауыл-аймағында жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқаруға үлесін қосуға мүмкіндік берілмек. Сондай-ақ әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауыл округтерін тікелей сайлаудың нәтижесінде сол жердің тұрғындары сайлағандықтан, жауапкершілігі арта түседі. Бұл жұмыстың нәтижесіне әсер етері анық. Мұндай тәжірибе бұрын бірнеше облыста түрлі деңгейдегі әкімдерді сайлау арқылы жүргізілген болатын. Нақты нәтижелер де көрінген. Сондықтан ауыл әкімдерін тікелей сайлау демократияға жасалған қадам деуге әбден болады», – дейді Майгелдинов. Саясаттанушы Марат Шибұтовтың тікелей сайлауға қатысты бірнеше нюансты атап өткен мақаласында мынадай деректер бар. Процедура енгізілсе, елде әкімдердің төрт түрі болады: тікелей сайланатын – ауыл, ауылдық округ әкімдері (2 212 адам), жоғарғы әкімшілік-аумақтық бірлік депутаттары сайлайтын – аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері (48 адам), жоғарғы әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының келісімімен тағайындалатын – облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда басшылары (20 адам) және аталған жоғарғы әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының келісімімен тағайындалатын – облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар, облыс әкімдері, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда әкімдері (237 адам). «Ойыма Серік Жақсылықовтың 2019 жылы жазылған «Қазақстанның оңтүстігінің ірі ауылдары мен ауыл аумақтарын дамытудың мемлекеттік саясаты» атты жұмысы оралып отыр. Елімізде 10 мыңнан астам тұрғын тұратын 150-160, бәлкім одан да аз ауылдар бар. Яғни, оларды қалаға айналдыру керек. Бірақ әлі олай болмай жатыр. Міне, осы «ірі» ауылдарда сайлау қызық болады. Мәселен, Нұр-Сұлтанның шетінде орналасқан Қосшы ауылында 50 мың тұрғын бар. Қырғыз елімен шекарадағы Қордайда кемі 25 мың адам тұрады. Бұларды кәдімгі ауыл деуге келмейді. Ондағы ақша айналымы да басқаша. Сондықтан әкім сайлауы қызу өтеді деп ойлаймын», – дейді Марат Шибұтов. Сарапшы сонымен бірге саясаттың тек қала емес, ауылда да бар екенін айтып отыр. Қатты кедергілер болмаса, саяси өмір дереу күш алып кетуі мүмкін деген пікірде. Сайлау өткізілсе, Қазақстан халқының 40 пайызы дауыс береді деген сөз. Яғни, бүгінде ауылда 7,72 млн адам тұрады деген есеппен айтқанда солай. Қолда бар деректерге сәйкес, бүгінде ауыл халқы ең көп облыс ретінде Түркістан белгілі. Мұнда халықтың 79,8 пайызы – ауыл тұрғыны. Ал минимал үлесі бар облыс – Қарағанды. Мұнда облыс тұрғындарының бар болғаны 20,2 пайызы ғана ауылда тұрады. 14 облыстың жартысында ауыл тұрғындарының үлесі 50 пайыздан жоғары. Бұл дегеніміз, тікелей сайлаудың қандай деңгейде өтуі мүмкін екенінің көрсеткіші бола алады. Ендеше ауыл әкімдерін сайлау жақсы үрдіске айналса, аудан, одан қала берді облыс басшылары да осы тәсілмен орынға жайғасуы мүмкін. Мұны Президент өзі айтқан. Саясаттанушы Айдос Сарым бұл тәжірибе барлық минус пен плюсті анықтауға көмектеседі дейді. «Бізде аймақтық ерекшеліктер, криминал топтар және басқа да көзқарастар бар. Осының бәрін ескеріп, жан-жақты қарастыру керек. Себебі сайлау адамдардың өмірін күрделендіретін кезекті бір мәселеге айналмауға тиіс. Сондықтан мынадай механизм қажет деп есептеймін: ауыл әкімдерінің сайлауын өткізіп, кем-кетікті, әлсіз жерлерді жөндеп, қажет болса, заңнаманы түзетуге болады. Бұған да уақыт керек. Міне, осыдан кейін барып әкімдердің келесі деңгейін сайлауға көшкен дұрыс. Мысалы, аудан әкімдерін сайлайтын болдық, оны да сынақтан өткізейік. Содан соң тағы жылжимыз. Меніңше, 5-7 жыл уақыт керек», – дейді сарапшы. Сонымен, биыл біраз ауылдың әкімі бағдарламасын ұсынып, «мені сайласаңыз, бүйтем де сүйтем» деп уәде береді. Құр сөз жүзінде емес, нақты іспен көрсетсе, құба-құп. Бәлкім, ауылдың нағыз көркейер кезі шынында жақындап қалған болар?

Жадыра АҚҚАЙЫР