Әкім сайлау механизмі қандай?
Әкім сайлау механизмі қандай?
363
оқылды
 

Жанама сайлаудан тікелей сайлауға дейінгі жол

Қазақстанда орталық­танды­рылған мемлекеттік басқару жүй­е­сінің кеңестік заманнан мұраға қалғаны ешкімге де жасырын емес. Елімізде 1995 жылдан бастап жер­гілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту мен мемлекеттік қызмет­терді бөлісу бастамасы жүзеге асып келеді. Бұл мәселе 1997 жыл­ғы Жолдаудан бастап айтылып-ақ келеді. 2001 жылы Жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару туралы» заң қабыл­данды. Отандық сарап­шылар Жолдауда көтерілген тікелей әкім сайлаудың маңызына ерекше тоқ­талып, оның үлкен саяси ре­форма екенін еске салады. Пре­зидент көмекшісі Ерлан Қарин бірқатар саясаттанушы айтып жүрген кей­бір жағымсыз фак­торлардың ықпалы бір ғана жағ­дайда, яғни тікелей сайлау инс­титутын кенет­тен енгізгенде ғана қауіпті болар еді деген ойын біл­діреді.   KarinЕрлан ҚАРИН, Пре­зидент көмекшісі: – Қазақстанның ерекшелігі, біз әрқашанда осындай саяси реформаларды, мемлекеттік инс­титуттар өзгерісін кезең-кезеңі­мен эколюциялық жолмен енгізіп келе жатырмыз. Соның арқасында қоғамда белгілі бір дағдылар қа­лыптасты. Егер «шок-терапия» сияқты бір күнде енгізсек, әрине мұндай демо­кратиялық инсти­туттар да өз тиімділігін көрсете алмас еді. Әкімдер сайлауы бұрын енгізілген болатын. Естеріңізде болса, 2013 жылдан бастап әкім­дер жанама сайланды, яғни мәс­лихаттар арқылы 4 жылға сай­ланып келді. 2017 жылы екінші сайлау өтті. Енді халық, қоғам арасында бұл жүйе орныққаннан кейін мәслихат сайлаған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтаған кезде сайлау тікелей өтеді. Яғни, келесі жылы өтпек. Президент көмекшісінің ай­туынша, елімізде 2 500-ге жуық ауыл округтерінің әкімдері бар. Ауыл әкімдері халықпен тікелей қарым-қатынаста болған соң, бұл қадам билік пен халық арасында, мемлекеттік органдардың қара­пайым азаматтармен өзара бай­ланысын күшейтуге, жауап­кер­шілігін арттыруға үлкен серпін әкеледі. Танымал саясаткер трай­бализмге қатысты алаң­дау­шы­лы­ғын білдіріп жүрген сарап­шы­лардың ойларын да жоққа шы­ғармайды. Бұл тұста Ерлан Қарин: – Өкінішке қарай, жергілікті жерлерде азаматтық құнды­лық­тардан гөрі алдыңғы қатарға басқа да факторлар жүйесі шығып кетіп жатады. Соның бір жағы – руға, жерге бөліну. Әрине, ондай фак­тор­лардың ықпалы болуы мүмкін. Бірақ біздің қоғам үлкен өзге­рістер үстінде, жаңа саяси, әлеу­меттік нормалар қоғамдық қаты­настар жүйесіне де белсенді енуде. Сондықтан бұл азаматтар ара­сында жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына да оң әсерін тигі­зеді. Бір жағынан, жаңа айтып отырған трайбализм демокра­тиялық институттардың қызмет етуін тежеуі мүмкін, екінші жағы­нан, осындай демократиялық инс­ти­туттарды енгізу арқылы біз жоғарыда айтылған жағымсыз факторлардың ықпалын әлсіре­теміз. Бұл өзара байланысты фак­тор, – дейді. Бұл тұрғыдан жанама сайлаудан кейін тікелей сайлауға ұласып отырған бастама эволю­циялық жолдан өткен соң, трай­бализм сияқты қатерлердің ықпа­лын бәсеңдетуі тиіс. Расында да, отандық сарапшылар бұл теріс үрдістің заман ағымынан қалып жатқанын мойындайды.  

Мәслихаттарды да реформа күте ме?

Президент өз Жолдауында ауыл­дардағы бюджет қаража­тының тиімді жұмсалуы үшін қо­ғамдық бақылауды күшейту қажетін сөз еткен еді. Сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілеттіктерін кезең-кезеңімен айқындау ұсынылып отыр.   BaimenovӘли­хан БАЙМЕНОВ, Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқа­рушы комитетінің төрағасы: – Әкімдердің сайлауы нәти­желі болуы үшін мұның бірнеше алғышарты бар. Біріншіден, «Жергілікті өзін-өзі басқару тура­лы заңды» жаңадан қабылдау керек. Екіншіден, жалпы біздің мем­­лекетте республика мен об­лыс, облыс пен аудан, аудан мен ауыл арасындағы аражікті анық­тап, әрқайсысының өз айна­лыса­тын ісі, миссиясын анық­тайтын құжат керек. Бір бөлігі – «Мем­лекеттік басқару туралы» заңында, бір бөлігі – «Жергілікті мемле­кеттік басқару мен өзін-өзі бас­қару туралы» заңда болуы керек. Бүгінгі күні бізде облыс пен ау­дан­­ның арасы толық ажыра­тыл­маған. Сол себептен 14 облыс­та орта­лықтандыру деңгейі де әр­түрлі. Танымал саясаткердің ай­туын­­ша, ауыл әкімі сайланатын болса, оның өз бюджеті болуы ке­рек және ол аудандық бюд­жеттің сметалық жолағы болмауы тиіс. Ол: – Егер ауылдың өз бюджеті болса, ауыл әкімімен қатар 7 адам­­нан тұратын ауылдық кеңес сайлануы керек. Сонда ауылдық кеңес бюджетті бекіту құзыретіне ие болуы қажет. Жергілікті өзін-өзі басқару заңында ауылдың бүкіл функциясы және бюджеттің кіріс бөлігі анықталуы керек. Мы­салы, менің ойымша, жыл­житын, жылжымайтын мүлікке салы­на­тын табыс салығы тұтас елді ме­кенде қалуы керек. Қосым­ша қандай табыс көздері бар? Облыс пен ауданнан тікелей мақ­сатты түрде жіберілетін субвен­ция не дотациялар анықталуы тиіс. Яғни, «мақсатты түрде» дегенім ол қара­жатты басқа мәселеге жұмсай алмайды. Жергілікті мәсе­лелерді шешуде ауыл әкімі­мен ауыл кеңесінің өз құзыретінің болуы маңызды, – дейді. Ә.Байменовтің пікірінше, жер­гі­лікті өзін-өзі басқару ісінде ауыл әкімімен қатар, ауылдық кеңес­терді сайлау көзге көрінбей жүр­ген жаңа жетекшілерді табуға кө­мектесумен қатар, жергілікті жерден сатылап өсетін жаңа саяси элитаның қалыптасуына сеп бол­мақ. Келешекте бұл азаматтар аудандық, облыстық, респуб­ликалық деңгейге дейін сатылап өсіп, тұтас мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс. sailay1 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардағы ревизиялық, яғни тексеріс комис­сияларының да рөлін арттыру қажет деді. Үкімет пен Есеп ко­митеті заңнамаға тиісті түзету­лерді ұсынуы керек. Әлихан Бай­менов тексеріс комиссияларын толық мәслихаттар қарамағына беру керек деген пікірде. Екінші­ден, мәслихаттар толыққанды жұмыс істеуі үшін онда тұрақты төраға жұмыс істеуі керек. Себебі орталықтан қадағалау жүйесінің тиімсіздігін осы жылдар аңғартты. Сондай-ақ шетел тәжірибесін ұмыт­пау керек. Бұл тұрғыдан конституциялық құрылымы ұқсас әрі тоталитарлық жүйеден шық­қан Польшаның тәжірибесі маңыз­ды. Өкінішке қарай, әлемді жай­лаған пандемия кезінде денсаулық сақтау саласының кемшін тұстары да ашылды. Әлихан Байменовтің ойынша, денсаулық сақтау сала­сында облыс пен аудан ара­сын­дағы өкілеттілікті бөліп беру ке­рек. Оның ішінде, дәрігерлердің жалақысы, құрал-жабдықпен қам­­ту, әдістемелік басшылығы – облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасында болса, сол жердегі мемлекеттік емханаларды ағым­дық басқару, ғимараттарын жөн­деу ісі – аудандық деңгейде болуы керек. Әкімді тікелей сайлау баста­масы бюрократиялық кедергілерді жоюға, билік пен азаматтар ара­сында мығым көпір салуға қан­шалықты әсер етпек? Елімізде стратегиялық бағдарламалардың нақты жүзеге асуы үшін не істемек керек? Саясаттанушы Досым Сәт­баев өзінің Facebook-тегі п­а­рақ­шасында сапалы тәуекел-ме­неджмент қалыптастырудың уа­қыты келгенін жазады.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ