Қазақстандағы экология ахуалы жыл сайын күрделеніп барады. Әсіресе, қалаларда ауаның ластану деңгейі артып жатыр. Тіпті, қазір елорданың да жағдайы мәз емес. Бұл айналып келгенде адам өміріне қауіпті жайт. Дегенмен ауаның ластану мәселесі осы кезеңге дейін айтылып келсе де, шарасыз отырғандаймыз. Ал зиянды процесті тоқтатудың амалы бар ма?
МИНИСТР КӨМІРДІ КІНӘЛАЙДЫ
Жақында әлем елдерінің экологиясына шолу жасайтын америкалық World Air Quality порталы еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанның ауасы шамадан тыс ластанып, қауіпті деңгейге жеткенін мәлімдеді. 5 қаңтар күні таңғы уақытта ел астанасында күкірт, көміртек, азот секілді зиянды заттар мөлшері қалыпты көрсеткіштен 7 есе артқан екен. Сайттың дереккөзіне қарасақ, бір шаршы метрге 185 микрограмм химиялық қоспалар тараған. Ал негізінде ірі қалаларда бұл көрсеткіш 25 микрограмнан аспауы тиіс. Әдетте «PM-2,5», «PМ-10» деген сөз, ауаға қорғасын, цинк, кадмий сынды металдар тарап үлгергенін көрсетеді. Оның адамға аса қауіпті екені айтпаса да белгілі. Мұндай жағдайда химиялық элементтер аллергияның көбеюіне, ағзаның тітіркенуі мен обыр, демікпе сынды дерттерге де апаруы мүмкін. Сондықтан экологтер бұл жерде шұғыл өзгерістер керегін айтады. – Еліміздің барлық өңірінде экология мәселесі ушыққан. Eр өңірдің экологиялық ерекшеліктері тағы бар. Теміртауда ауа тым лас, ал батыс өңірлерінде су тазартқыш қондырғылар жоқ. Көңіл бөлінбей отырғаны шындық, іске шындап кіріссе, айналасы 1 жылдың ішінде біршама шаруа тындыруға болар еді. Ауа мәселесі дегенде ең бірінші кәсіпорындар еске түседі. Олар дұрыс жұмыс істемейді, ескі технологияларды қолданады. Кәсіпорындар стратегиялық бағытын қайта қарау керек. Сол арқылы ауа құрамындағы улы газды азайту үшін міндеттеме алуы қажет. Жылу жүйесін орталықтандыру маңызды. Әлі де қыста көмір жағатын үйлердің көп екенін білеміз. Осының бәрі ықпал етіп отыр, – дейді Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов. Ал Экология, геология және табиғи ресурстарды реттеу министрі Мағзұм Мырзағалиев көк түтіннің сейілеріне сендіріпті. Ол үшін тұрғындар көмірден түбегейлі бас тарту қажет екен. – Тұрғындардың көбі көмір жағады, сондықтан әлі де газға көшуге дайын емес. Олар сатып алып қойған көмірін пайдалануға мүмкіндік беруді сұрайды. Келесі жылыту маусымында газға көшіп үлгеріп жатса, қала ауасы тазарады дегенге үміттенгім келеді, – деп хабарлаған министр. Ведомство басшысы елордаға енді жеткен «Сарыарқа» газ құбырын меңзеп отыр. Бүгінде қала шетіндегі ауылдарда 300 ғана үй көк отынға қосылған. Тағы мыңға жуық отбасы газ қостыруға ниет білдірген. Дегенмен келесі жылыту маусымында ауылдардың түгелі газға көшіп үлгеретініне сену қиындау.AIRKAZ.ORG АУА ЛАСТАНҒАНЫН РАСТАЙДЫ
Елімізде өнеркәсіп пен жылу энергия орталықтары және көліктердің саны артқан сайын олардың ауа қабатына қосылатын улы газдары да көбейіп отыр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша жыл сайын түрлі стационарлық көздерден 2,5 млн тонна, ал көлік түтінінен 1 млн тонна улы газ атмосфераға таралады екен. Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұған назар аудармай кетпеген. Ұйым сарапшыларының 2018 жылы жасаған мониторингіне сенсек, халқымыздың 30 проценті немесе 5 миллионға жуық қазақстандық атмосфералық ауа ластанған жерде өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, 2 млн қазақстандық ауасы шамадан тыс ластанған аймақтардың аранында тұр. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, орташа есеппен елімізде ауа жыл сайын 0,28 градусқа жылынып бара жатыр. Бұл да сол өндіріс нысандарының әсерінен. Демек, жұрт жарыса айтқан жаһандық жылыну процесінің нышаны. Қазгидромет деректері мұны растап отыр. 2018 жылы Қазақстанның 13 өңірінде ауаның өте лас екені анықталған. Қазақстанның осыдан бірнеше жыл бұрын «Париж» халықаралық келісіміне қол қойғанын білеміз. Енді еліміз 2030 жылға дейін ауаға бөлінетін улы газдың мөлшерін 1990 жылдағыдай азайтуы тиіс. Яғни, парниктік газдар, соның ішінде көмір қышқыл газын мүмкіндігінше шектеп, ауадағы мөлшерін кем дегенде 55 процентке дейін түсіруі тиіс. Бірақ жоғарыдағы Қазгидрометтің қорытындысына қарап, «бұл міндеттің орындалуы неғайбіл» деген ойға қаласыз. 2017 жылы эко-белсенді Павел Александровтың бастамасымен елімізде ауаның ластану деңгейін анықтап отыратын Аirkaz.org жобасы іске қосылған. Бұл жоба қазір де жұмысын жалғастырып жатыр. Біз аталған сайттың Қазақстандағы қалаларда ауаның ластану деңгейіне жасаған зерттеуін шолған болатынбыз. PM-2.5 көрсеткіші (ауа құрамындағы қауіпті бөлшектер) бойынша елімізде ең ахуалы нашар қалалар көшін Өскемен бастап тұрғанын аңғардық. Жалпы, PM-2.5 көрсеткіші бойынша 150-ден асқан аймақ қауіпті саналады. Ал 400-ден асқан болса, экологтер мұны апатқа балайды екен. Жоғарыда айтқан Өскемен қаласы PM-2.5 көрсеткіші бойынша 357 мен 784-тің аралығында тұр. Алматы қаласының ауасы 117-292 аралығында тұрса, Нұр-Сұлтан қаласы 135-156 шегінде жүр. Көбі Теміртау қаласының ауасы тым ластанғанын айтып жатады, мұнда да жағдай күрделеніп, 167-деңгейге барған. Бұл кешкі сағат 18.00-дегі көрсеткіш. Ал кешкі 21.00-ден кейін қалаларда ауа тіптен ластана түседі екен. Қоғам белсенділері мен экологтер былтырдан бері 2021 жылды «Экология жылы» деп жариялау керегін айтып, ұсыныс тастаған болатын. Біз айтып отырған ауаның ластану мәселесі экологияның бір бөлігі ғана, одан да өзге проблемалар жетіп артылады. Демек, шындығы сол, табиғатымыз қысылтаяң шақта тұр. Ал мұны шешудің амалын ойламай, созып жүре берсек, келе шекте бұдан өткен қиындыққа ұшырамасымызға кім кепіл?!