Құны қымбат қысқы спорт
Құны қымбат қысқы спорт
327
оқылды

Спорттық шаралар әуелден мемлекеттің беделін арттыратын маңызды бәсекелердің бірі саналады. Қай елді алып қарасаңыз да, бірінші кезекте спортқа ерекше ден қояды. Бұл да оның маңыздылығын әлем елдерінің әлдеқашан мойындап қойғанын көрсетеді. Біздің елде жазғы спорт түрінің үлес салмағы басым. Сонымен қатар қысқы спортқа да ерекше ден қойып, оның да елімізде үлкен қарқынмен дамуына жағдай жасап келеміз.

Кейінгі кездері Қазақстанда коньки, тау шаңғысы, биатлон сынды қысқы спорт түрлеріне халықтың қызығушылығы артып, онымен тұрақты түрде айна­лысатын­дардың қатары өсу үстінде. Сон­дай-ақ өзге де қысқы спорт түрлері назар­дан тыс қалған емес. Атап айтар болсақ, қазақстандық спортшылар соңғы 6-7 жыл ішінде хоккейден бөлек  допты хоккейден де жақсы нәтиже көрсете бастады. Техникалық спорт түрлері могул, фристайл, сноуборд та халықаралық деңгейге кө­теріліп, соның арқасында бүгінде аса жо­ғары танымалдылыққа ие. Келешекте шорт-трек спорты танымалдылығы жағы­нан алдыңғы қатарға шығады деп бол­жануда. Спорт мамандары жазғы спорт түрі секілді, қысқы спорт саласының дамуы алдымен қаржыландыруға, екіншіден жүйелі жұмыстардың жүргізілуіне бай­ланысты болатынын айтып отыр. Өзге аймақтарды айтпай-ақ, «қарсыз өлке» саналатын Шымкентте де қысқы спортқа ерекше көңіл бөлінген. Байрақты бәсекелерден олжалы оралып жүрген Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева, Ақ­маржан Қалмұрзаева, Дархан Мұ­хамеджанов, Бағлан Іңкәрбек бастаған бір топ саңлақтарымыз бар. Бәрі де фрис­тайлдың акробатика түрінен бәсекеге түсіп, жарыстардан жүлделі оралып жүр. – Қазіргі уақытта жастардың қысқы спорт түріне қызығушылығы жоғары. Әсіресе, Алматы қаласында қысқы спортқа ден қойып жүргендер саны айтарлықтай өсіп жатыр. Өйткені бұл шаһарда барлық спорттық инфрақұрылымдар, нысандар, орталықтар жеткілікті деңгейде салынған. Олар халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде. Спортпен шұғылданамын дегендерге мұнда керемет жағдай жасалынған. Ала­таудың баурайында орналасқан «Медеу» мұз айдынына да келушілердің қатары күн өткен сайын көбеймесе азайған емес. Өткен жылмен салыстырғанда бұл жолы маусым  пандемияға байланысты бір айға кеш ашылды. Бастапқыда бір сеансқа 500 адамға дейін кірді. Одан кейін соңғы шыққан бұйрықта әр сеансқа 750 адамнан кіргізуге рұқсат алдық. Шектеу болғаннан кейін демалыс күндері, мейрам күндері билеттердің бәрі сатылып кетеді. Соған қарап қысқы спорт түріне бұқара халықтың қызығушылығы жоғары деп баға беруге болады, – дейді Медеу спорттық кешенінің басқарушы директоры Абылай Қондыбаев. Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық пен өткізу дирекциясы дирек­торының орынбасары қызметін атқарған, бүгінде танымал спорт менеджері Дидар Сағадиев «қысқы спорт шығыны мол спорт түрі ме?» деген сауалымызға былайша жауап берді. спорт – Қысқы спорт пен жазғы спортты са­лыстырар бұрын, алдымен екі мезгілдегі демалыс орындарының шығынын есепке алып көрсек болады. Бұл жерде қай кезде шығынның көп кететіні айтпаса да түсінікті шығар. Сол секілді өзін-өзі ақтау бойынша да қысқы спорт түрі мол пайдаға кенеледі. Негізінен екі спорт түрін үш аспекті бойынша салыстыруға болады. Біріншісі – құрал-жабдықтар, екіншісі – спорттық нысандар, үшіншісі – абономент. Үш аспектіде де қысқы спорт түріне көп қаржы кетеді. Ал жекелей спорт бойынша қарастырар болсақ, алдымен футбол мен хоккей ойға оралады. Екеуі де елімізде танымал спорт түрі. Аталған осы екі спорт түрімен айналысу үшін спорттық киімдер мен қажетті заттарды сатып аласың. Бағасын есептер болсақ, хоккейге қажетті дүниелер футболға қарағанда екі-үш есе қымбаттырақ болады. Сол секілді қысқы спорттық киімдер мен қажетті дүниелердің құны жазғы спорттық киімдермен салыс­тырғанда біршама қымбат. Қысқы спорттық нысандардың, олардың күтімінің өзі де үлкен қаржыны талап етеді, – дейді ол. Мәселен, спорттық дүкендерден қысқы спорт түрлеріне арналған  жабдықтарды сатып алсаңыз, әжептәуір шығынға бата­сыз. Айталық шаңғының ең арзаны 10 мың теңгеден басталады. Оның өзі  сапасыз «қытай ойыншығы». Әйтпесе 30-50 мың теңге аралығында. Конькилер 7 мыңнан басталады. Өлшемі мен өндірушісіне байланысты өсе береді. Содан да болар, көп азамат қысқы спорт түрлеріне қажет  жабдықтарды жалға алғанды құп көреді. Ол да арзан емес. Мысалы сноубордтың, шаңғының аяқ киімінің жалға берілетін бағасы  – 2 500-3 000, таяқшасы мен бас киімі, көзілдірігі – 1 000, қолғабы – 500, баллоны, күртешесі мен шалбары – 2 000 тең­ге. Сондықтан да болар қысқы спорт түрлері арзан деуге келмейді. «Алматы» хоккей клубының экс-дирек­торы өз кезегінде спортты қаржы­ландыру мәселесін де сөз етті. – Қысқы спорт түрінің бірін мысалға алсақ, халықаралық тұғырдан секіру бойынша аталмыш спорт түрін дамыту бойынша жыл сайын шаңғыларды, өзге де қажетті спорттық құралдарды Шаңғы федерациясы жіберіп отырады. Ал кейбір федерациялар ондай жұмыстарды мойнына алмайды. Ондай кезде қаржы мемлекеттің есебінен жұмсалады. Сондай-ақ ұлттық құрамаға кіретін спортшылардың бүкіл шығынын мемлекет көтереді. Осы кезде шет елдерде қалай деген сұрақ туындайды. Бұл жағынан әр елде әртүрлі. Кейбір мемлекеттерде барлық федерация олим­пиадаға, әлем чемпионатына және өзге де жарыстарға барарда демеушілер іздеп, спортшылар сайысқа солардың қаржысына барады. Ал бізде мемлекет қаржы­ландырады, – дейді Дидар Сағадиев. Қорыта айтқанда, еліміздегі спорттық қалалардың көшін Алматы қаласы бастап тұр. Мұнда қысқы спорт түрімен айналысу­ға барлық жағдай жасалған.  Спорттық нысандар саны да жеткілікті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары да қысқы спорт түріне жақсы көңіл бөліп отырғанын айта кет­кеніміз жөн. Анығы, спортты сүйген, спорт­қа ерекше ден қойып, көңіл бөлген халық барда ел спорты ешқашан кенжелеп қалмайды. Алдағы байрақты бәсекелерде жазғы Токио және қысқы Бейжің Олим­пиадаларында спортшы­ларымыз толағай табыстарға қол жеткізсе, ел спортының мәртебесі де асқақтай түсері анық.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ