Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының басшысы Оскар де ла Хойя орта салмақтағы IBF/IBO әлем чемпионы Геннадий Головкин мен бірінші орта салмақта WBO титулының бұрынғы иегері, мексикалық Хайме Мунгия арасындағы жекпе-жек 2021 жылы мамыр айына жоспарланғанын растады.
Аталған кездесу түрлі жағдайға байланысты кейінге шегерілмесе, 5 мамырда өтуі тиіс. Бұл Мексиканың ұлттық мерекесі Синко де Майоға арналған демалыс күндеріне тұспа-тұс келіп тұр. Қазір қос боксшының командасы келіссөз жүргізуде. Бұл туралы Де ла Хойя Boxingscene.com порталына берген сұхбатында айтты. – Головкин мен Мунгия арасындағы жекпе-жекті өткізу жайлы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Екі боксшы да бұл кездесуге қызығушылық танытып отыр. Бұл, әрине бокс жанкүйерлерінің қызығушылығын оятатын айқас. Кездесуді Синко де Майо мерекесіне орай өткізбекшіміз. Аталған чемпиондық жекпе-жек осы демалыс күндерінің хедлайнері болады, – деп мәлімдеді ол. 24 жастағы мексикалық боксшының промоутері Фернандо Белтран да GGG-мен айқастың мамыр айында өткізгісі келетінін жеткізді. Ол қос тараптар арасындағы келіссөздер оң нәтиже беретініне сенетінін айтты. Негізі, Головкин мен Мунгия жекпе-жегі 2018 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда комиссия ол кезде 22 жастағы боксшы үшін мұндай титулдық жекпе-жек өткізу әлі ерте деп есептеді. Бірақ бұл Хайменің бірінші орта салмақта әлем чемпионы атануына кедергі болмады. Айта кетейік, Мунгия орта салмақтағы алғашқы чемпиондық титулына былтыр ғана қол жеткізген болатын. Индиода (Калифорния, АҚШ) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде ол Багам аралдарының боксшысы Туреано Джонсонды жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақтағы WBO белбеуін иеленді. Бүгінде тәжірибесі толысқан, шеберлігі шыңдалған Хайме Мунгия туралы көптеген спорт мамандары жақсы көзқараста. Тіпті, кейбірі оның Канелодан жылдам, Головкинге қарағанда едәуір қарымды панчер деп бағалапты. Гена жайында да айтылған оң пікірлер жеткілікті. Алдымен шетелдік спорт сарапшыларының пікірі мен болжамына кезек берейік. Boxingnews24.com порталының спорт журналисі Херардо Гранадос қазақстандық боксшы мен мексикалық Хайме Мунгия арасындағы жекпе-жек туралы ойымен бөлісті. – Гена – үздік панчер. Шаршы алаңда бірінші нөмірмен жұдырықтасады. Оны қарсыласы да жақсы біледі деп ойлаймын. Сондықтан Мунгия рингте шапшаң қимылдап, қорғанысқа баса назар аударып, қарымта шабуылға шығып отырады. Кездесу ұзаққа созылу мүмкін. Соңғы раундтардың бірінде ғана Гена Мунгияны нокаутқа түсіретін шығар. Бұл қос боксшы үшін де ауыр кездесулердің бірі болады,– деп болжады Гранада.Негізі, Головкин мен Мунгия жекпе-жегі 2018 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда комиссия ол кезде 22 жастағы боксшы үшін мұндай титулдық жекпе-жек өткізу әлі ерте деп есептеді. Бірақ бұл Хайменің бірінші орта салмақта әлем чемпионы атануына кедергі болмады.
Бокс сарапшысы, Vringe.com сайтының шеф-редакторы Антон Горюнов: – Геннадий Головкиннің рингте өзін-өзі ұстауы маған ерекше ұнайды. Кейінгі кездесуінде де Шереметадан әлдеқайда мықты екені байқалып тұрды. Рингте өзін еркін сезінді. Басымдылық танытты. Чемпиондық титулын қорғады. Енді Геннадийдің келесі жекпе-жегі бұдан да қызықты бола түседі. Оны АҚШ-тағы жекпе-жегінен кейін де айтты. Оған мексикалық Хайме Мунгия қарсылас болатынын барлық спорттық басылымдар жазуда. Бұл, әрине асыға күтетін кездесу болмақ. GGG түпкі мақсаты – өзге мексикалық боксшы Канело Саул Альвареспен үшінші айқасты өткізу, – дейді А.Горюнов. Ал бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Мунгияның кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісі Головкиннен болатынын айтады. – Головкин 2020 жылдың соңына таман Шереметамен бір кездесу өткізіп үлгерді. Мунгиямен айқас бұдан да жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені мексикалық боксшы рингте өте ширақ қимылдайды. Дегенмен Гена айқын басымдылықпен жеңуі тиіс. Өйткені ол қарсыласынан бір бас жоғары әрі тәжірибелі. Егер кездесу өтетін болса, тартысқа толы жекпе-жек болғалы тұр, – деген пікірін білдірді. Әзірге жекпе-жектің өтетін күні, орны толық нақтыланбады. Бәрі сөз жүзінде ғана айтылуда. Алдағы уақытта ресми деректер жарияланады. Кәсіпқой бокста мол тәжірибеге ие жерлесіміз Мексиканың жас жұлдызымен жолықпақшы. Бұл жекпе-жектің қос боксшы үшін маңызы зор. Бұған дейін Альварестен жеңіліп, жеңіліссіз сериясын үзіп алған Головкин енді қателеспеуі керек. Себебі жас мөлшері де ұлғайып қалған Генаға енді чемпиондық жекпе-жек бұйырмауы мүмкін. Ал Мунгияның мақсаты мүлде бөлек. Жалындап тұрған жас чемпион осы бағытынан жаңылмай, тарихта қалатын даңқты боксшы болғысы келеді. Головкин секілді танымал чемпионды жеңу – оны бұл арманына жақындата түсетіні анық. Сол үшін де бұл жекпе-жек бокс кешін ұйымдастырушылардың назарын аударып отыр. Жанкүйерлер де Головкин мен Мунгияның естен кетпес шоу сыйлайтынына сенімді.Абылайхан ЖҰМАШ