Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматыдағы ШОБ-ты қолдау және өнеркәсіпті дамыту шаралары, сондай-ақ «Almaty Business-2025» бағдарламасын жүзеге асыру туралы айтты.
Бағдарлама бизнеспен жұмыс істеудің бес негізгі институционалды бағытын қамтиды. Оның құрамына Qolday кәсіпкерлік орталығын, несие беру үшін жеке және микроқаржы институттарын құру, Алматы қаласы аумағында өндірістік парктерді ұйымдастыру, кейбір кәсіпкерлерге жеке әрі шағын өндірістерін ұйымдастырулары үшін жеңілдетілген несие ұсыну енеді.
Е.Оразалин пандемияға әрі жылдың күрделі болғандығына қарамастан несиелеуді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, өндірісті, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыс орындарын сақтау шараларының Алматы экономикасына оң әсер еткенін атап өтті.
Мәселен, Qolday кәсіпкерлік орталығы өткен жылы істерін жаңадан бастағандарға, жалпы кәсіпкерлерге 90 мыңға жуық кеңес берді. «Бір терезе» қағидаты бойынша 500-ден астам рұқсат құжаттары ұсынылды.
Орталықта ШОБ өкілдеріне өз бизнесін дамытуға қатысты түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардан рұқсат құжаттарын алу үшін тегін қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар түрлі қаржы институттарында қаржыны жеңілдікпен алуларына көмектеседі.
«Біз орын алған кемшіліктерді жойып, істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 5 миллионға дейінгі көлемде гранттар бердік. Олар грант алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде өз бизнестерін тегін жүргізе алады. Екінші кезеңде бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша әрі заңгерлік және бухгалтерлік кеңестер көрсетіледі. Егер екінші кезеңде өз бизнестерін дұрыс жүргізіп, оны кеңейтуді қаласа, онда олар біздің шағын қаржы институттарымызға жүгініп, 6%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуларына болады», – деді Е.Оразалин.
Жалпы, бизнеске қаржылай қолдау көрсетуге 12,2 млрд теңге бөлінді. Қаржыландыруды «Almaty Finance» несиелік ұйымы және «Алматы» МҚҰ жүзеге асырады. «Almaty Finance» 500 миллион теңгеге дейін ірі және орта жобаларға несие беруді қарастырады, «Алматы» шағын және микробизнеске бағытталған әрі мұнда несиенің ең жоғарғы мөлшері 70 миллион теңге деңгейінде белгіленген. Жалпы алғанда 40-тан астам жобаға несие берілді.
Өндірістік парктерді ұйымдастыру тетігі де ойдағыдай жұмыс істей бастады. Осы орайда мақсат қалалық әкімдік ірі бизнеске бос ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіруге немесе жаңа орын салуы үшін 6%-бен жеңілдетілген несие береді.
«Мұнда осы жобаға қосымша ретінде өндірістік парктер резиденттерінің жылына 2%-дық мөлшерлемемен несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл – елімізде баламасы жоқ акция. Біз бүгінде осындай үш жобаның ойдағыдай жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Үш жоба толығымен жабдықталған. Істерін жаңа бастаған кәсіпкерлер осы өндірістік орындарды жалға алды. Бұлардан өзге, біз Индустриялық аймақта осыған ұқсас өндірістік парктерді құру үшін жалпы алаңы 40 мың шаршы метр болатын 4 жер учаскелерін қосымша бөлдік. Барлық құжаттама, ережелер әзірленді және қабылданды. Бүгінде Индустриялық аймақтағы 4 өндіріс паркіне әлеуеті жоғары қатысушылардан 50-ден астам өтініш келіп түсті», – деді Е.Оразалин.