Жаңа жылдан бастап кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуді қарастырған заң жобасы күшіне енеді. Егер көпбалалы отбасында кәмелетке толған студент болса, ол студент екенін растайтын анықтама арқылы 23 жасқа толғанға дейін жәрдемақы тиесілі балалар санатына енеді. Президент заң жобасына қол қойса, 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 балаға – 74 388 теңге жәрдемақы төлене бастайды.
Сенатта қаралған заңға сәйкес, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар табысы аз отбасыларды азық-түлік жиынтығымен және гигиена құралдарымен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етілмек, тіпті оқушылардың мектепке дейінгі жол жүру шығыны де өтеледі. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелері туралы қосымша баяндама жасаған сенатор Нұртөре Жүсіп айтып берді. Сенатор жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2020 жылдан 2023 жылға ауыстырылатынын, сондай-ақ бұдан кейін мүгедектігі бар адамдар оңалту қызметтерін өздері таңдай алатынын жеткізді.
– 2020 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызмет порталын енгізуді көздейді, ол қызмет алушылар мен жеткізушілердің өзара тікелей іс-қимылы үшін цифрлы алаңды қамтамасыз етеді. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдар өздеріне тиесілі, олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келетін неғұрлым сапалы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өз бетінше таңдай алады, – деді Н.Жүсіп.
Сенат отырысында, сонымен бірге «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң қабылданды. Заң еңбек өтілі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты белгілеуді, сондай-ақ 2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу жөніндегі әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа есеппен 30 пайызға арттыруды көздейді. Заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек өтілі 5 жылдан асатын әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің коэффициенті қайта қаралатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, әлеуметтік төлемдерді жаңадан алушылар мен бұрыннан алып келе жатқандар арасындағы алшақтықты болдырмау мақсатында еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылған бұрынғы алушылар үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мөлшеріне жаңа өлшемдерді қолданып, әлеуметтік төлемдерді бір мәрте қайта есептеу ұсынылыпты.
Заң жобаларын қарау барысында сенатор Б.Шелпеков министрге бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы сомасының айырмашылығына назар аударуды ұсынды, олардың бірі 14 мың, басқалары 100 мың алады, «бұл маңызды мәселеге айналуы мүмкін» дейді депутат. Ал сенатор С.Бектұрғанов тұрмысы төмен отбасылардағы балаларға кепілді әлеуметтік көмек топтамасын жүзеге асыру тетігіне назар аударды.
«Егер мектеп оқушыларының жол жүруі мен тамақтануы туралы аз-кем түсінікті болса, азық-түлік, тұрмыстық химия, мектеп формасы мен мектепке керек-жарақтарымен қамтамасыз етуде проблемалар туындауы мүмкін. Тауарлар мен оларды жеткізу және азық-түлік жиынтығын беру мен басқа да тауарлық көмек көрсету бойынша қызметтер кімнен сатып алынатынын алдын ала ойластыру қажет», – дейді ол.
Айтқандай, жаңа жылдан бастап барлық жерде мүгедектігі бар жандарды мемлекеттік органдарға жұмысқа орналастыру басталады. БАҚ өкілдеріне жауап берген сала министрінің айтуынша, мүгедектігі бар білікті мамандар департамент басшысы, басқарма басшысы секілді қызметтерге тағайындалады.
«Бұрын құрылыста жұмыс істеген адамдар бар, яғни оның жинаған тәжірибесі мен біліктілігін пайдалану керек. Сондықтан осы азаматтар құрылыс саласындағы тиісті ведомствода басшылық лауазымдарды атқара алады. Біз ел азаматтарын экономикалық белсенділікке тарту үшін осындай кешенді шараларды ұсынып жатырмыз», – деді Б.Нұрымбетов.
Айдана БЕГІМ