Инфляция: ресми дерекке қалай сенеміз?
Инфляция: ресми дерекке қалай сенеміз?
301
оқылды

Үкімет қанша жерден инфляцияны тежеп ұстауға тырысса да, елдегі тауар ба­ғасы мен тариф құны ауыз­дықтауға көнбей, ала қа­шып барады. Әсіресе, биыл азық-түлік кәдімгідей қым­баттаған. Ұлттық эко­но­мика министрлігінің Ста­тистика комитеті де мұ­ны растап отыр.

Жуырда Статистика комитеті 2019 жылдың 11 айындағы ин­фляция деңгейін жариялады. Баспасөз хабарламасынан қаз-қалпында үзінді келтірейік:

«2019 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан Республикасында инфляция 4,7% құрады. Баға азық-түлік тауарларына ағым­дағы жылғы он бір айда (2019 жыл­ғы қараша 2018 жылғы жел­тоқсанға) – 8,4%, азық-түлік емес тауар­ларына – 4,3%, ақы­­лы қызметтерге 0,4% жоға­ры­лады».

Алайда Үкімет жариялайтын инфляция деңгейі мен базар­дағы бағаның айырмасы жер мен көктей. Жалпы, Қа­зақстанда инфляция сыртқы сауда көлеміне байланысты есеп­телсе, тауар құны ішкі сұранысқа қарай белгіленеді. Тағы да ресми статис­тикаға сөз берейік:

«Ағымдағы жылдың басынан (2019 жылғы қараша 2018 жылғы желтоқсанға) бағаның өсуі ұнға – 24,8%, күрішке – 23,5%, жармаларға – 22,6%, мұз­датылған балыққа – 17,3%, қой етіне – 15,9%, сиыр етіне – 15,4%, нанға – 15,2%, жылқы етіне – 14,6%, картопқа – 14%, макарон өнімдеріне – 12,1%, құс етіне – 11,6%, шошқа етіне – 10,6%, сары майға – 10,2%, кофеге, ет өнімдеріне – 9,6%-дан, мәйекті ірімшікке – 9%, жұ­мыртқаға – 8,6%, тоқаш және ұн­нан дайындалатын өнімдеріне – 8,3%, шайға 6,9% белгіленді. Темекі өнімдері – 11,7%, сал­қындатылған сусындар – 11,6%, алкогольді ішімдіктер 7,2% қым­баттады. Бағаның төмендеуі құмшекерге – 18,6% жаңа жи­нал­ған көкөністерге 8,4% тіркелді».

Мемлекеттік мекеме қалай жұмсартып жазғанымен, қа­тал шын­дыққа тура қарауға мәж­бүр боламыз. 2019 жылы Қа­зақстандағы бөлшек сауда құны мен тарифтер көтерілген, оның ішінде азық-түлік тауарлары ай­тарлықтай қымбаттаған. Статистиканы сайратпай-ақ, ба­зар­дағы бағаны да көріп жүр­міз. Барған сайын ішің удай ашып, қолыңды қалтаңа тереңірек сүңгітесің. Қарапайым азаматтар арасында бағаның өсуіне на­разылық бар. Дүкенде сауда жасап, коммуналдық қызметтің ақысын төлеген адам бағаның қалай өскенін бірден байқайды.

Осы орайда мынадай сұрақ көкейіңді қытықтайды:

әр үйдің дастарқанында тұруы тиіс негізгі өнімдердің (ұн, күріш, жарма, қой еті, сиыр еті, жылқы еті, құс еті, картоп, ма­карон, май) бағасы биыл неге соншама шарықтап кетті?

Бұл сауалға әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін. Тұтынушы билікті кінәлайды. Сатушы сауданың заңын алға тартады. Сарапшылар инфляцияның себебін тиімсіз ақша-несие саясатын жүргізуден, Қазақстан экономикасының шикізат экс­портына ғана сүйенуінен іздейді. Ал Үкімет өкілдерінің пікірінше, бағаны реттеу – бизнеске кедергі. Экономиканы дамыту үшін алдымен бәсекелестікті арттыру керек. Сол себепті 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап нарықтағы мемлекеттік баға жойылған. Қазір жеке кәсіпкерге тауарыңды арзанға сат деп бұйыру – заңға қайшы.

Алайда біздің ойымызша, мәселенің мәнісі басқа жерде жатқан сияқты.

Біріншіден, 2018 жылдың соңынан бастап мемлекет тара­пынан азаматтарды әлеуметтік қолдау көлемі едәуір артты.

Екіншіден, мемлекеттің, квази­­мемлекеттік құры­лым­дар­дың және бизнестің жалақыға жұмсайтын шығындары көбейді.

Ортайған қазынаның орнын қалайда толтыру қажет екені айтпасақ та түсінікті.

Амал жоқ, қайтадан Статис­тика комитетіне жүгінеміз. Ресми органның дерегі бойынша «2018 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанда инфляция 4,6%-ды құрады. Баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы он бір айда (2018ж. қараша 2017ж. желтоқсанға) – 3,8%, азық-түлік емес тауарларына – 5,9%, ақылы қызметтерге 4,2%-ға өсті».

Бірақ былтыр қымбаттаған азық-түліктің тізімі әлдеқайда қысқарақ еді, бөлшек сауда ба­ғасының өсу қарқыны да тө­менірек еді. Үзіндіге назар ауда­рыңыз:

«Ағымдағы жылдың басы­нан (2018ж. қараша 2017ж. жел­тоқ­санға) бағаның өсуі қантқа – 21,2%, қырыққабатқа – 13,3%, мәйекті ірімшікке – 11,3%, консервіленген сүтке – 9,8%, қышқыл сүт өнімдеріне – 6,7%, жаңа сауылған сүтке – 6,6%, сары майға – 8,8%, күнбағыс майына – 6,6%, жұмыртқаға – 3,8%, жылқы етіне – 9,1%-ға, ет өнімдеріне, шұжық өнімдеріне – 6,6%-дан, шошқа етіне – 6,2%, сиыр етіне – 5,9%, қой етіне 5,6%-ға белгіленді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасына 21,1%-ға тіркелді».

Яғни бұл статистикаға сүйен­сек, Қазақстандағы инфля­ция деңгейі 2019 жылдың 11 айында 2018 жылдың ұқсас кезеңі­мен салыстырғанда 0,1% жоға­ры­лаған. Былайша айтқанда, теңіз­дің тамшысындай ғана көрсеткіш.

Дегенмен биыл азық-тү­лік құны былтырғыдан гөрі анағұр­лым аспандаған. 2018 жылы 3,8% қымбаттаса, 2019 жылғы қым­батшылық 8,4%-ға жетіп жы­ғылған. Тек коммуналдық қызметтер ғана өткен жылғы деңгейін сақтап қалған. Демек, Үкімет әкімшілік тетіктердің ар­қасында коммуналдық қызмет көрсетушілерге ықпал етіп, инф­ляцияны тежеу мәселесін қа­ғаз жүзінде шешіп алды. Оның есесіне, табысының көбін азық-түлікке жұмсайтын қарапайым тұрғындардың әл-ауқаты әлсіреп қалды.

Қазақтың ауыз әдебиетінде «Өтірік пен шынның арасы қан­ша жер?» деген сұрақ бар еді. Біз сұрақтың сәл-пәл өңін айналдырып, жауапты ор­гандарға қарата қойсақ дейміз: елдегі ресми инфляция мен нақты инфляцияның арасы қанша жер?


Еркебұлан НҰРЕКЕШ