Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қоғамдық дамудың, экономиканың, ғылым мен білімнің сындарлы даму жолдарын жетілдіруге арналған. Оның «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталуы да тегін емес. Сондықтан да кез келген мемлекеттің даму күші оның экономикалық, әлеуметтік бірлігімен тығыз байланысты.
Қазақстанда білім беру саласында сан түрлі реформалар жүргізілді. Жетістіктеріміз де жетерлік. Дегенмен, мемлекет басшысы талап етіп отырғандай, білім сапасын қамтамасыз етуде әлі де соңына дейін ойластырылмаған, шешімін күткен мәселелер де аз емес.
Уақыт – жайбарақаттықты көтермейді. Сондықтан да білім сапасы дегенде біз қандай мәселеге баса назар аударуымыз қажет? Мұны білім саласын мемлекеттік реттеу және оны басқару, ұйымдастыру шараларымен ұштастырғанымыз жөн.
Ел дамуы – білім сапасына тығыз байланысты. Ол мемлекет қажеттілігіне қарай үйлестірілуі керек. Сонымен, білім беру сапасына қажетті мақсаттар мен талаптарды екшеп көрелік. Мұны осы саланың үш тармағымен бірлікте қараған жөн және оның әрқайсысының міндеттері мен мақсаттарын айқындап алайық.
Мектепке дейінгі тәрбие. Бұл кезеңде балалар мектепке дейінгі сапалық дайындық алып, алғашқы сатыдан өтеді.
Орта білім беру сатысында ғылым негіздерін жүйелі түрде игеріп, және оларды өмірде, практикада пайдалану мүмкіндіктерін бойларына сіңіреді.
Техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары оқу орнында – халықаралық талаптарға сай келетін бәсекеге қабілетті, экономика мен қоғам сұранысына орай қажетті дәріс алып, білім мен тәжірибеден өтеді.
2010 жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балаларды орындармен қамтамасыз ету ең басты мәселе болғаны есімде. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бар-жоғы 30 пайыздан аспады. Балабақшалар үйі өте төменгі деңгейде болды. Сол жылдан бастап біз «Балапан» бағдарламасын іске қосып, түбегейлі жаңа ұсыныс бердік. Оның мәні – мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті пайдалана отырып, балабақшаларды құруға және олардың қызметіне жекеменшік секторды белсенді түрде тарту болды. Сонымен қатар нарықтық жағдайларда өзін-өзі реттеу және осы саладағы қызметтер сапасын көтеру тетіктерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін бәсекелестік жағдай туғызу қажет еді...
Күрделі мәселені шешу оңайға түспеді. Біріншіден, осы сектордағы лицензия беру жүйесін тоқтату, екіншіден, баланың мемлекеттік немесе жеке ұйымға орналасуына қарамастан, бөлінген қаржы балаға тікелей бағытталуы көзделді.
Бұл тәсілді ел Президенті Н. Назарбаев қолдады және мұндай тетіктер өзінің өміршеңдігін көрсетті. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар есебінен 2012 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар желісі 40 пайызға өсті. Осылай мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту 95,2 пайызға жетті.
Сан жөніндегі мәселе ойдағыдай шешілді, енді олардың сапалық деңгейін көтеру күн тәртібіне қойылды.
БҒМ мәліметі бойынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бір бөлігі толықтай бейімделмеген орынжайларда орналасқан. Көптеген ұйымдарда білікті кадрлардың жетіспеушілігі тағы бар. Ал кейбірінде білім беру компонентінің жоқтығы байқалады.
Мектепке дейінгі ұйымдар типтік ережелерге сәйкес, тәрбие жұмыстарынан бөлек, денсаулық, коммуникация (сөйлеу, әдебиет, сауаттылық негіздері), таным (математика, жаратылыстану негіздері), әлеумет (өзін-өзі тану, қоршаған әлем, экология негіздері) сияқты бағыттар бойынша ұйымдастырылған оқу қызметтерін жүргізуі тиіс. Оны жетілдіру үшін – мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне лицензиялауды енгізу қажет. Бұл – уақыт талабы.
Мектепке дейінгі ұйымдардың жаппай жабылуы және үлкен еңбекпен келген балаларды қамту жетістіктерінен айырылып қалмау үшін мұны сарабдал саясатпен, асығыстық жасамай, ойластырып жүзеге асырған жөн. Алғашқы кезеңдерде мектепке дейінгі ұйымдардың бастапқы жағдайы мен түрлеріне қарай лицензияның бірнеше деңгейін енгізіп, оларды қажетті жоғары сапа деңгейіне көтеру қажет.
Мұны жүзеге асыру қиындыққа соқпайды.
Қазақстанда орта білім баяғыдан бері салалық реформаның нысанына айналды және елеулі әлеуетке ие.
Бізде кәсіби біліктілігі жоғары, өз істеріне адал мұғалімдер көп. Қазір Сенатта «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қарастырылуда – ол мұғалімдердің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге серпін береді.
Республикада дарынды, талантты балалар жеткілікті. Оларға арналған «Дарын» республикалық орталығы және өңірлік орталықтар, сондай-ақ 120-дан астам мектеп жұмыс істейді. Оқушылар халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Тәуелсіздік жылдарында, әсіресе, соңғы онжылдықта олар 5000-нан астам марапатқа ие болды.
Мектеп оқушыларының жоғары білім деңгейін математика бойынша TIMSS (Мектептегі математикалық және жаратылыстану-ғылыми білім беру сапасын халықаралық мониторингтік зерттеу) рейтингі көрсетіп отыр. Онда Қазақстан 4 сынып оқушылары арасында 49 қатысушы ішінен 12-орынды және 8 сынып оқушылары арасында 39 қатысушы ішінен 7-орынды иеленді.
Зерттеулері білімді практикада қолдануға бағытталған PISA (Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық бағдарламасына) байланысты мәселе күрделі болып тұр. Жаратылыстану-ғылыми, математикалық және оқу сауаттылығы нәтижелері PISA бойынша 2015 жылы Қазақстан 42, 42, 53-орындарды, ал 2018 жылы — 69, 54, 69-орындарды иеленді.
Бұл – зерттеуге әлемнің 77-78 елі ғана қатысқанын ескеретін болсақ, бұл — төмен көрсеткіш. Біздің білім беру жүйеміздің беделіне нұқсан келтіреді және соңғы жылдардағы реформалардың жеткіліксіз ойластырылғанына мысал бола алады.
Алайда, шетелдік сарапшылар көптеген басқа мемлекеттердің де 2018 жылғы нәтижелері 2015 жылғымен салыстырғанда төмендегенін айтады. Олардың ішінде Австралия, Канада, Жапония, Корея, Нидерланды, Финляндия және басқалары – жалпы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының 37 елі бар. Олар әлемнің ең дамыған елдері санатына жатады. Мұндай төмендеудің артында жекелеген елдердегі кемшіліктер ғана емес (олар, әрине, бар), сонымен қатар, бұл саладағы әлемдік жүйедегі кемшіліктер бар деген сөз.
Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының нәтижелері Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің деңгейінде айтарлықтай жоғары және берік орын алып отыр.
Мұның барлығы бұқаралық мектепте тек білім ғана емес, одан да маңызды – оларды пайдалана білу, функционалдық сауаттылық мәселелері төмен екендігін көрсетеді. Дәл осы жағдай 2016 жылдан бастап орта білім беруді түбегейлі реформалауды бастауға себеп болды. "Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұнға көшу" ретінде сипатталған Реформа ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген 2016-2019 жылдарға арналған Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілді және бұл 2019 жылы аяқталуы тиіс еді.
Қазір бізде не бар? Біріншіден, Қазақстан мектептерінде жаңа мазмұнға көшу аяқталды деуге болады. Екіншіден, Назарбаев зияткерлік мектебі реформаның әдістемелік негізі ретінде танылды. Бұның өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Артықшылықтары – Назарбаев зияткерлік мектебі моделінің тәжірибелік тұрғыдан пысықталуы және оның тиімділігінің дәлелденуі, оқушыларды білім алуға, қорытынды жасауға, бағалауға, оның ішінде оқыту сапасына ынталандыратын әдістеме.
Ал кемшіліктерді енгізілетін модельдің мазмұны мен әдістемесі Қазақстанның орта мектептерінде бұрын қолданылған тәсілге қарағанда үлкен айырмашылығының болуынан іздейміз. Бұл модельдің жаппай пайдалануға бейімделуін талап етеді. БҒМ ақпараты бойынша, бейімделу жүргізілді, бірақ қаншалықты дұрыс екендігі бізге әлі де анық емес.
Тағы бір кемшілігі – Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісі оқушылардың сұрыпталған контингенті, жақсы мұғалімдер, ерекше қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдайында жүзеге асырылады. Ал қатардағы мектептерде бұл әлі де жоқ екенін мойындау керек. Мұның бәрі Назарбаев зияткерлік мектептеріндегідей барлық мектептерде қолжетімді емес, демек, ұйымдастырушылық-қаржылық бейімделу, мұғалімдерді жан-жақты дайындау, ата-аналармен тиянақты жұмыс істеу, реформаның қажеттілігі мен тиімділігін бүкіл қоғамға түсіндіру және сендіру қажет. Мұнда да жүйелі, жете ойластырылған жұмыстың жетіспейтіндігі байқалады. Осы мәселелер жекелеген ғалымдардың, мұғалімдердің, ата-аналардың, Бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның жағымсыз пікіріне алып келді.
Атап айтқанда, критериалды бағалау жүйесі сынға ұшырады. Меніңше, көпшілік оның артықшылықтарын жете түсінбейді. Ал бұл шындығын айтсам, тақырыптың мазмұны көрінбейтін «ағымдағы бағалаудың басқыншылығынан», фрагментті үйренуден, жаттап алудан құтылудың жолы.
БЖБ (бөлім үшін жиынтық бағалау) және ТЖБ (тоқсан үшін жиынтық бағалау) арқылы критериалды бағалау бұрынғы сабақ бағасынан әлдеқайда көп ақпарат көлемін қамтиды. Ол оқушыларды өткен бөлімдерге терең талдау жасауға, бағалаудың негізділігін түсінуге және оны өз бетінше жүргізе білуге, сыни ойлауға үйретеді.
Халық үшін дағдылы емес, бұл жаңалықтарды қабылдау тек қазақстандықтар үшін ғана емес, өзге мемлекеттер үшін де оңай емес. Мысалы, дәл қазір Германияда мектепте ағымдағы бағалардан бас тарту мәселелері талқылануда – және айтылып жатқан ойлар бірімен кереғар. Белгілі бір дәрежеде жаңа мазмұнға және оқытуды бағалауға қатысты қазақстандық ой-пікірге ұқсас көрініс байқалады.
Орта білім берудің жаңа моделін енгізу кезінде оны әзірлеушілер қоғамда осындай пікірталастың туындауы мүмкін екенін ескермеді. Қазір соны көріп отырмыз.
Оның үстіне, түбегейлі жаңа үлгіге 4 жыл ішінде көшу міндетінің қойылуы барлық білім беру жүйесі үшін стресс болды. Сынақ мерзімі өтті, бірақ білім беру жүйесі жаңа үлгіге іс жүзінде әлі де бейімделген жоқ. Міне, осыдан әртүрлі сын туындайды.
Бұл жаңа мазмұнды енгізудің жылдамдатылған режимінің тікелей салдарынан болды деп есептеймін. Оны елемеуге немесе бас тартуға болмайды. Керісінше, оны үлгінің ішкі және сыртқы бағасының құнды көрінісі мен жетілдіру көзі ретінде пайдалану керек. Және оның перманентті жетілдіру көзіне айналдыру қажет.
Қазір Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Орта білім берудің жаңа үлгісін одан әрі дамыту мен меңгеруге байланысты барлық мәселелер онда толықтай көрініс табуы тиіс деп ойлаймын.
Техникалық және кәсіптік білім беру республикада айтарлықтай табысты дамып келеді. Оның маңызды аспектісі – дуальды оқыту.
Техникалық және кәсіби орта білім тәжірибесіне қатысы бар кәсіпорындардың саны өсуде – олардың саны 27 095, ал қамтылған студент саны 70 895. Дуальды оқытудағы жұмыс берушілерді ынталандыру үшін Техникалық және кәсіптік білім берудегі жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа әдістемесі әзірленді, онда өндірістік практикаға арналған шығындар (оқу құрал-саймандарымен қамтамасыз ету, тәлімгерлерге еңбекақы төлеу) ескерілген. Орта есеппен кәсіпорынға мемлекеттік тапсырыс құнының 20% көлемінде дуальды оқыту шығындары өтелетін болады. Бұл – аз емес.
Техникалық және кәсіптік білім берудегі білім беру сапасын жетілдіру жолдары мен шешілмеген мәселелерін айта кетелік.
Осындай оң динамикаға қарамастан, кәсіпорындардың белсенділігінің төмендігінен дуальды оқытуда студенттерді қамтудың көрсеткіші төмен.
Оған бизнес кадрларды даярлауды өз мойнына алуға дайын болмауы; оқушы жұмыс орындарының жеткіліксіздігі (негізінен шағын және орта бизнес қатысады, бұл 1-5 практиканттан артық емес); бизнес үшін елеулі ынталандырудың болмауы; студенттердің басым көпшілігінің кәмелетке толмағандықтан (15-17 жас) кәсіпорындарға жіберілмеуі (мұнда тиісті құқықтық норма енгізу қажет) себеп болып отыр.
Кәсіпорындардың дуалды жүйеге қатысуына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан қарауға қол жеткізу қажет. Бұл кәсіпорындарға белгілі бір артықшылықтар мен ынталандыру бере алады.
Назар аударалық мәселе бар. Еңбек нарығының қажеттілігін талдау, болжау жүйесін жетілдіру және бұл деректерді мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және түлектерді жұмыспен қамту кезінде ескерген жөн;
Ұлттық біліктілік жүйесін, кәсіби стандарттарды және оқу бағдарламаларын дамытуды жалғастыру керек;
Осының негізінде бітірушілердің біліктілігін сертификаттауды, сертификаттау орталықтарының жұмысын дамытуды, оларды толыққанды аккредитациялауды жүзеге асыру қажет.
Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейтуге қатысты ҚР Заңнамасына енгізілген өзгерістер Жоғары білім беруді дамыту, сапасын арттыруға жаңа серпін берді. 27 мемлекеттік жоғары оқу орны Коммерциялық емес акционерлік қоғамға ауысты. Бұл қызмет тиімділігін арттыруға және жоғары оқу орнын дамыту үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындарының дербестігін одан әрі арттыру керек – бұл әлемдік тренд және ол сапаға дұрыс әсер етеді.
Қазақстанда жоғары білім беру сапасы мемлекет, тәуелсіз аккредитациялау, реттелетін кәсіптер бойынша біліктілікті сертификаттаумен бақыланады.
Мемлекет мұндай бақылаудың әртүрлі тетіктеріне ие. Оларға заңнамалық қамтамасыз ету, лицензиялау, мемлекеттік тапсырыс (білім беру гранттары), МЖМБС(мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты), оқу материалдарының сапасын қамтамасыз ету, мемлекеттік бақылау (оның ішінде заңнаманың орындалуын бақылау) жатады. Көптеген дамыған елдер әлдеқайда аз мүмкіндікке ие. Біз едәуір алдамыз, бірақ оны жетілдіру қажет.
Әлемнің жетекші елдеріндегі жоғары оқу орындарын тәуелсіз аккредиттеу бүгінде жоғары білім беру сапасын жетілдірудің негізгі, оның үстіне, халықаралық тетігі болып табылады.
Оның екі маңызды артықшылығы бар.
Біріншіден, аккредиттеу қызметі әлемдік стандарттар (халықаралық аккредиттеу бірлестіктері мен желілерінің стандарттары мен ережелері) бойынша жүргізіледі. Бұл ЖОО-ны немесе бағдарламаны аккредиттеуді жүргізу кезінде ЖОО-ның қызметіне халықаралық озық тәжірибені автоматты түрде енгізуге жол ашады.
Екіншіден, аккредитациялық агенттіктер аккредиттеуден кейінгі кезеңде де жоғары оқу орнына мониторинг жүргізіп, оң дамытуға жағдай жасайды, әрі жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету саласында әлемдік тәжірибені игеруде нақты көмек көрсетеді.
Қазақстанда аккредитациялық қызмет қабылданған халықаралық нормаларға, атап айтқанда, Болон процесіне сәйкес белсенді түрде жүзеге асырылады. Аккредитациялық қызметтердің қазақстандық нарығында жұмыс істейтін агенттіктер білім сапасының кепілдігі бойынша беделді халықаралық бірлестіктердің (желілердің) құрамына міндетті түрде кіруі керек және өз жұмысында олардың үздік тәжірибесі мен ұсыныстарын (әрине, қазақстандық мүдделерді ескере отырып) басшылыққа алуға міндетті. Осылайша, аккредиттеу ұйымдары жұмыс сапасының қажетті деңгейін қамтамасыз етеді.
Аккредиттеу қызметін одан әрі дамыту мақсатында аккредиттеуді заңнамалық және өзге тұрғыдан да қамтамасыз етуді жетілдіру, дамыту керек. Бұл оның тәуелсіздігі, білім сапасы саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту тұрғысынан және Қазақстанға озық әлемдік тәжірибені тиімді енгізуге қатысу үшін қажет.
Аккредиттеуді заңнамалық және өзге де қажетті тұрғыда оны қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру көзделген. Сондай-ақ, жоғары білімнің Европалық кеңістігі Париж коммюникесінің (2018 ж.) ұсыныстары бойынша "жоғары білімнің Еуропалық кеңістігінде сапаны қамтамасыз ету жөніндегі стандарттар мен басшылық принциптердің" имплементациясын дамыту қажет. Бұл Болон процесінің ресми мүшесі ретінде біздің еліміз үшін зор маңызы бар.
Жоғары білім берудің түпкілікті нәтижелерін дұрыс бағалау, бітіруші түлектердің біліктілігін тәуелсіз сертификаттау үшін құқықтық базаны жетілдіре берген жөн.
Жоғары оқу орындарының дербестігі заңнамалық тұрғыда шешілгенімен заңға тәуелді актілермен әлі толық көлемде бекітілмеген, және жоғары оқу орындарының өздері де бұл дербестікті, ең алдымен, білім беру сапасы мүддесі тұрғысынан белсенді түрде пайдалануы қажет.
Қазақстан білімі замана сұранысына орай дамып, өсіп келеді. Бұл Тәуелсіздік әкелген үрдіс. Оны оқушы да, тәрбиеші де, оқытушы да , студент те, ата-ана да түсінгені жөн. Сонда ғана қоғамдық ой да, әлеуметтік жауапкершілік те арта береді.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты,
Түрік әлемінің математикалық қоғамының президенті