АИТВ-дан айығудың амалы бар ма?
АИТВ-дан айығудың амалы бар ма?
189
оқылды

Қазақстан АИТВ індетіне шалдыққан жастары көп елдер қатарында.

Елімізде 20 мыңнан аса адам осы сырқат бойынша тіркеуде тұрса, оның 532-сі – 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер. Оларға медициналық тұрғыда толық ем көрсетіліп жатқанмен, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету жағы ақсап тұр.

       Бұл мәселе көбісін толғандырады. Өйткені созылмалы дертке шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің қоғамнан шет қалмауы маңызды.  Енді психо-әлеуметтік қолдаудың жаңа әмбебап стандарттары ұлттық медициналық білім беру жүйесіне енгізілетін болады. Анығырақ айтсақ, созылмалы дертке шалдыққан балалар мен жасөспірімдерді, жастарды психологиялық-әлеуметтік тұрғыда қолдауға арналған оқулық мектептерде, жоғары оқу орындарында арнайы пән ретінде оқытылмақ. Мамандар қазір осы мәселені қолға алып жатыр. Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин ұсынылған модульдің тиімді тұсы көп екенін айтады. «Біз бұл модульді АИТВ-мен өмір сүретін балаларға ғана емес, басқа да созылмалы аурулармен жұмыс істеу сапасын жақсарту үшін медицина қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орнына дейінгі және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына енгіземіз деген үміттеміз», – дейді ол.


DSC06622.jpg

     «АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен ауыратын балалар мен жасөспірімдерді психо-әлеуметтік қолдау» оқу модулін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе отырып, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұсынды. Модуль дәрігерлерді, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді созылмалы ауруға шалдыққан балалармен және жасөспірімдермен сапалы жұмыс істеуге үйрететін болады. Оқу модулін енгізу әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалардың жағдайын оңалтуға септігі тиетінін айта кету керек.

–Гепатит, туберкулез, АИТВ және диабет сияқты созылмалы аурулармен өмір сүру, тіпті ересек адамдар үшін оңай емес. Созылмалы аурулармен ауыратын балалар ерекше қолдауға мұқтаж және бұл үшін кешенді түрде жұмыс істеу қажет, – ЮНИСЕФ-тің  Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.

     Қазақстанда соңғы жылдары АИТВ-ны жұқтыру және инфекцияның анадан балаға берілу көрсеткіші төмендеді. Дегенмен бұл сырқаттан толығымен айығудың жолы әлі де анықталған жоқ. Қазір әлемдегі бірнеше зертхана аталған дерттен айықтыратын дәріні іздеумен айналысып жатыр.

    – Жүкті әйелдерде АИТВ бар екені анықталса, бірден дәрі береміз. Осыдан кейін сау бала туылып жатыр. Жыл сайын АИТВ-мен ауыратын әйелдерден 500-ге жуық бала өмірге келеді. Олардан 99 пайыз бала сау күйінде туылып жатыр, – Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының клиникалық сұрақтар бойынша маманы Гүлжаһан Ахметова.

      Аталған дертке шалдыққандар бұрын күніне 6-7 таблетка дәрі ішсе, қазір ол бір таблеткаға дейін азайған. Бұл бүгінгі медицинаның жетістігі деуге болады. Мамандар балаға дерті туралы ертерек айтып, ашық сөйлескен абзал деп санайды. Ол  үшін ата-аналардың өзіне көрсетілетін психологиялық көмекті күшейту маңызды болып тұр. «Елімізде созылмалы аурулармен ауыратын бала көп. Олар ертең қандай азамат болады? Өздерін қоғамда қалай сезінеді? Бұл – өте маңызды нәрсе. Қазір АИТВ дерті асқынып, СПИД-ке айналып жатыр. Бала дәрі ішеді, бірақ әсері болмайды. Неге? Баласына қарамайтын отбасыларды көріп жүрмін, өкінішке қарай. Бала ата-анасы көңіл бөлмегесін өзін қоғамға керексіз сезінеді, дәрісін уақытылы ішпейді. «Ауырамын, мен жаманмын» деп ойлайды. Қазір еліміз суицидтен алдыңғы орында тұр. Ертең баланың осындай әрекетке бармасына кім кепіл? Ол кінәлі емес қой. Бізде бір өкініштісі, ата-аналар көп нәрсені түсінбей жатады. Ашылып сөйлеспейді, өздерін де, баласын да қоғамнан төмен санайды. Сондықтан ата-анамен де жұмыс істеудің маңызы зор. Психолог мамандар, әлеуметтік қызметкерлер жетіспей жатады. Осы мәселелерді шешуіміз керек», – дейді Гүлжаһан Ахметова.