«Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» кітабының тұсаукесері өтті
«Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» кітабының тұсаукесері өтті

Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұйымдастырылған «Музей түні» шарасында «Түркістан - қазақ хандығының Ақ Ордасы» экспозициясы ашылды.

Сонымен қатар кесенеде «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітапта өз заманында елді билеп, өнегелі істерімен, ел қорғаған батырлығымен, әділетті билік айтқан шешендігімен дараланған Түркістанда жерленген қазақ хандары мен сұлтандарының өмір жолы, қоғамдық қызметі баяндалған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Музей түні» шарасына ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтары және студенттер қатысты.

Ясауи бабамыздың кесенесіндегі түрлі шараларды тамашалауға күн бата жиналған қауым бас иіп келіп, бабалар рухына құран бағыштап, кесене бөлмелерімен танысумен бастады.

«Музей түні» шарасына тек Түркістан қаласының тұрғындары ғана емес Алматы, Шымкент қалалары мен Шардара, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Арыс қалаларынан да қонақтар келіп, түнгі көрініс пен шараларды қуана тамашалады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Үлкен Ақсарай бөлмесінде құрылған «Түркістан - қазақ хандығының Ақ Ордасы» экспозициясының ресми ашылуы өтті.

Тарихи бөлменің салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастыруымен қолға алынған «Музей түні» шарасы аясында өтті.

Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі экспозиция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында
ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандарының ордасы ретіндегі көрінісін келушілерге өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында дайындалған.

Үлкен Ақсарай бөлмесі ХV-ХІХ ғасырларда сәулет өнерінде аса бағалы ескерткіш болып табылады. Бөлме бастапқы кезде дәруіштер жиналатын орын болса, ХVІ ғасырдың аяғынан ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін Түркістанда қазақ хандарының ордасы орналасқан кезде хан сарайының (ордасының) міндетін атқарған. Бұл бөлмеде саяси-дипломатиялық, әскери келіссөздер өткізіліп отырған.

Орыс деректерінде аталған бөлмеде 1694 жылдың 22 шілдесінде Тәуке ханның (1652-1717) орыс елшілерін қабылдағаны сипатталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы қазақтың бетке тұтарлары мен ақсүйектерінің мәжіліс өткізетін орны болды.

«Үлкен Ақсарай бөлмесінде қазақ хандарының ордасы экспозициясын жасауға И.В.Ерофееваның, Б.Кәрібайдың, Е.Смағұлов пен М.Тұяқбаевтың, Р.Б.Сүлейменов пен В.А.Моисеевтің, Н.А.Атығаевтың Түркістан және Қазақ хандығы жөніндегі зерттеу еңбектері негіз болды. Сонымен қатар, қазақ хандарының ордасы мен үйлеріндегі этнографиялық бұйымдар бейнеленген Дж.Кэстл, А.Л.Кун, В.Хлудовтың суреттері мен фотоальбомдары басшылыққа алынды. Ө.Жәнібековтің, М.Ш.Өмірбекованың зерттеулеріндегі ою-өрнектердің Қазақ хандығы заманындағы нұсқалары экспозицияны қосымша сәндеу кезінде пайдаланылды.

Сондай-ақ, экспозиция жобасын жасауда Х.Тұрсын, М.Қожа сынды тарихшы ғалымдардың кеңес пікірлері ескерілді»,- деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.

Экспозициялық жоба орналасатын бөлменің жалпы ауданы – 125,1 шаршы метрді құрайды. Бөлменің архитектуралық құрылысы бес ойықтан тұрады.

Экспозицияда Түркістанда жерленген Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың жүзік бетіне күмістен түскен мөрлері, хандарға қатысты Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен хаттардың көшірмелері (муляждары), сондай-ақ, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, Ясы ақша сарайында соғылған мыс ақшалар, хан тағы, хан қылышы, садақ қорамсабымен, қару-жарақтар, құран кітабы, Қабанбай батырдың қанжары, ханның сусын ішетін ыдыстары сынды көптеген жәдігерлер орын алған.

Мұнан соң келесі шара кітапхана бөлмесінде «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар» атты кітаптың тұсауын кесу рәсімімен жалғасты.

Айта кетейік, тарихи кітап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің пәрменімен жарыққа шығып отыр.

Жиынға қатысқан ғалымдар мен тарихшылар тарихи міндеттерін абыроймен атқарып, есімін келешек ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырған, Түркістанға жерленген қазақтың хандары мен сұлтандарына арналған кітаптың жарыққа шығуымен құттықтады.

Кітапта өз заманында елді билеп, өнегелі істерімен, ел қорғаған батырлығымен, әділетті билік айтқан шешендігімен дараланған Түркістанда жерленген қазақ хандары мен сұлтандарының өмір жолы, қоғамдық қызметі баяндалған. Сонымен қатар, тарихи тұлғалардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі туралы мәліметтер, құжаттар, деректер мен қорық-музей қорында сақталған хандар мен сұлтандарға қатысты құнды жәдігерлердің суреттері орналастырылған.

Бүгінде тарихи деректер бойынша Түркістанда қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны белгілі болса, олардың 14-і осы жерді Ордасы еткендігі анықталған.

Айта кетсек, Қазақ хандарынан Түркістанды астана деп жариялаған Есім хан алғаш болып Түркістанға жерленген. Одан кейін қазақтың үш жүзіне билігі жүрген Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет және ұлы ханымыз Абылай сынды хандардың мүрдесі де қасиетті жерге қойылды. Олар туралы өз заманында тарихи жырлар мен шежірелі тарихтар жазылып, халық арасына кеңінен таралғаны баршамызға аян. Соның бірі қазақ билеушілері туралы жазылған Қадырғали Жалайыридың жазбалары өткеніміз жайындағы аса құнды тарихи дерек болып табылады. Сондай-ақ, қазақ хандары туралы ғылыми білімнің негізін ХІХ ғасырдың атақты ғалымдары А.И.Левшин мен В.В.Вельяминов-Зерновтың қалағанын ғалымдар жақсы біледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ хандары Ш.Ш. Уәлихановтың, А. Добромысловтың, В.В. Бартольдтың, А.А. Семеновтың, Ш. Құдайбердіұлының, Қ. Халидидың, М.Тынышбаевтың және басқалардың еңбектерінде қарастырылды. Кеңестік кезеңде хандардың қызметі үстем тап өкілдері ретінде терістелді. Осыған қарамастан шығыстық және орыс деректерімен жұмыс жүргізген бір топ қазақстандық және ресейлік ғалымдар Қазақ хандығы мен оның билеушілеріне қатысты жаңа мәліметтер тауып, тарих ғылымының бұл саласындағы ел білімін кеңейткендер қатарында В.П. Юдинді, О.Ф. Акимушкинді, Т.И. Сұлтановты, К.А. Пищулинаны, М.Қ. Әбусейітованы, А. Исинді ерекше атап өту керек.

Басылымда қазақ хандарын тану мен танытуда еңбегі зор аталған тарихшылармен қатар, Қ. Салғараұлы, М. Мағауин, Ж. Артықбаев, Б. Кәрібаев, Е. Ерофеева, С.Жолдасбаев, М.Тұяқбаев, М. Қожа мен Х.Тұрсын сынды отандық ғалымдардың тарихи зерттеулері пайдаланылған.