Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Димаш Құдайберген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.
Димаш Құдайбергеннен бөлек осы құрметті атақты 36 азамат алды. Еліміздің ғылыми және мәдени өміріне айрықша үлес қосқандар елеусіз қалмады. Атақ алғандардың ішінде әнші Т.Асар, ғалым А.Жұмаділдаев, киноактер Н.Есімғалиев, дирижер Р.Салаватов, балет артисі Н.Семенова және тағы басқалары бар.
Barclays Center сахнасында концерт берген Димаш Құдайберген кеше елге оралды. Ән кешіне АҚШ, Австралия, Мексика, Ресей, Чили, Болгария, Филиппин, Испания, Канада, Қазақстан, Жапония сияқты 60 елден тыңдарман келді. Әншінің қазақ әнін күллі әлемге мойындатқанына құтты болсын айтқандай, 100-ге жуық жанкүйер Н.Назарбаев халықаралық әуежайына жиналды. Қарсы алушылар арасында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен оқытушылары бар.
Әуежайға жиналғандардың арасында сүйікті әншісін қарсы алу үшін елордаға арнайы келгендер бар екен. Тарту-таралғыларын сыйлап, ерекше ілтипат көрсеткендерге әнші мен ата-анасы алғыс білдірді. Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі продюсері Қанат Айтбаев Нью-Йорктегі кеш жайында айтып, елге құрметтің бірінші орында тұратынын атап өтті. Қазақ жалауын ұстап тұрған шетелдіктерді көргенде толқығанын, төбесі көкке бір елі жетпей қалғанын сөз етті. Қолдау көрсеткен тыңдарманға, ел басшылығына ерекше риза екенін жеткізді.
Айбике ЖАНАСЫЛ