«TAZA SAILAU» тәуелсіз байқаушылары таңертеңгі баспасөз брифингінен кейін сайлау учаскелеріне барып, аралық нәтижелерімен бөлісті.Жанна Ахметова, қоғам белсендісі:
– Қазіргі таңда «TAZA SAILAU» тәуелсіз байқаушылары азаматтық қозғалысының 4,3 мыңнан астам байқаушысы Қазақстанның 25 қаласындағы 3138 сайлау учаскесінде отыр. Сондай-ақ біздің байқаушылар сайлаушылардың көп қатысқанын атап өтуде. Бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының сана-сезімінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Ерқанат Көпжасарұлы, тележүргізуші:
– Сағат 14:00-ге дейін Алматы қаласының 6 учаскесін араладым. №173 учаскесінде сайлау учаскесі комиссиясының бастығы мен келген журналист арасында түсініспеушілік орын алды. Алдымен журналист өзін сайлаушы ретінде таныстырды, бірақ тұрғылықты жері нақтыланғаннан кейін ол шешімін өзгертіп, байқаушы болуға ниет білдірді. Алайда бұл тиісті құжаттармен расталмады. Содан кейін ол өзін БАҚ өкілі ретінде таныстырды. Бірақ оның редакторлық тапсырмасы бар құжаты болған жоқ. Әрине, оған кіруге рұқсат бермеген. Мен бұл жағдайды жеке шешуге бардым. БАҚ өкілдері үшін ешқандай кедергі жоқ екенін айтқым келеді.
Бигелді Ғабдуллин, қоғам қайраткері:
– Біз штабта отырмыз, еліміздің түкпір-түкпірінен ақпаратты жіберіп жатыр. Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарға тоқталғым келеді. Сайлаушылардың құжатсыз келуі, санитарлық нормаларды сақтамау, басқа атпен дауыс беру, қайта дауыс беру фактілері анықталды. Біздің тәуелсіз байқаушыларымыз осы мәселелердің барлығын жергілікті жерлерде шешіп жатыр.
Махат Садық, журналист (Ол онлайн қосылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдай туралы айтты):
– Қазіргі уақытта елордадағы 5 учаскені аралап шықтым. Бұзушылықтар бар, бірақ олар соншалықты өрескел емес. Қазір әлеуметтік желілерде көптеген жалған ақпарат пайда болғанын атап өткім келеді. Мысалы, бір адамның бірнеше бюллетень тастағаны туралы хабарланады. Бірақ барлық деңгейдегі Мәжіліс пен мәслихаттарға да дауыс беріліп жатқанын ұмытпау керек, осыған сәйкес, бір азаматқа бірнеше бюллетень беріледі. Сондықтан да біздің байқаушыларымыз алынған ақпараттың шынайылығын қадағалап отырады.