Атырауда Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі Маржан Төреханова ұстазы, «Қазақтың бұлбұлы» атанған опера әншісі, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенованың 90 жылдық мерей тойына арнап шығармашылық кешін өткізді. Жарты ғасыр бұрын алғашқы өнер сапарын Гурьев қаласынан бастаған бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова ән салған Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының сахнасында бұлбұл әншінің шәкірті Маржан Төреханова ұстазының репертуарындағы әндерді шырқады.
Итальялық композитор Джоаккино Россини мен алғашқы қазақ операсының авторы Евгений Брусиловскийдің шығармалары, қазақ, орыс халық әндері, Вена опереттасының композиторы Франц Легардың шығармалары орындалды.
Қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова шараға қатыса алмағанымен атыраулықтарға арнайы бейнежолдау арқылы тілегін жеткізді. «Мұндай кәсіби әнші Атырауда ғана емес, батыс өңірінде жоқ. Бұл сөзді шәкіртім болғандықтан айтып отырған жоқпын, шыны сол. Оның дауысына көптеген елдердің сахнасында қошемет көрсетілді. Менен кейін «Бұлбұл» әнін шебер орындады. Бұл оған табиғат берген үлкен талант. Бүгінде шәкірттері Маржанның ізін жалғап, музыкалық консерваторияда білім алып, елге танылып жүр. Маржанға өнерін шарықтап, халықтың қошеметіне бөленіп аман жүр», – деп тілегін жолдапты Бибігүл Төлегенова.
Бұлбұл әншінің шәкірті деседей-ақ Л.Хамидидің «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», халық әні «Гауһар тас», Н.Тілендиевтің «Кел,еркем,Алатауыңа» әндерін тамылжытып орындаған Маржан Төреханованың ән кешінде шәкірттері Айбек Сапанов, А.Мырзаева, Ә.Жантемірова, Жұма Жайна, Дильназ Ерғали өнер көрсетіп, халық қошеметіне бөленді.
Ұстазы Бибігүл Ахметқызының мерей тойында бұлбұл әншінің репертуарындағы күрделі әндерді орындап құрмет көрсеткен әнші Маржанның бұлбұл үніне тамсанған жұртшылық концерттен соң да әншіге құрмет білдіріп, құшағын гүлге толтырды.
Маржан Төреханованың шығармашылық кешін ұйымдастырушыларға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алғыс айтты.
– Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің
әртістері мен дирижері, жетекшілері бізге осындай керемет өнер кешін сыйлағандықтарыңызға ризашылықтарымызды білдіреміз. Көрермен ғажайып әсер алды деген ойдамын. Еліміздің мақтанышы Бибігүл Төлегенованың өнерін жалғастырған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Бұл үлкен еңбек. Маржанға сізге табыс, талантты да талапты шәкірттерінің көп болуына тілектеспін,– деп атап өтті Н.Ноғаев.