Тәуелсіздік күні қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған қайырымдылықпен елге танылған жандарды «Жомарт Жүрекпен» марапаттау рәсімі өтті.
Сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлігі», «Үздік ұйым» аталымдары бойынша берілді.
Туған өлкесінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» болып Атыраулық Gaz stroy montazh KZ танылды. Аты озғандар қатарында «Ажар» балабақшасына демеушілік көмек көрсетіп, өз қаражатына мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізген Солтүстікқазақстандық Геннадий Зенченко басқаратын «Зенченко и К» шаруа қожалығы да бар.
Ал «Жыл тұлғасы» Жамбыл облысының паралимпиадалық чемпионы, жүзу бойынша халықаралық деңгейдегі спорт шебері Зульфия Ғабидуллинаға бұйырды. Ол өз есебінен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіп жүр. Жезқазған өңірінің Атымтай жомарты Бекзат Алтынбеков те осы аталымда үздік атанды.
«Туған өлке» аталымында демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін жеңімпаздардың бірі «Алматы менеджмент университеті» ҚБ, Азаматтық альянстың президенті Асылбек Қожахметов болды. Сондай-ақ осы аталым жеңімпазы Маңғыстау облысының кәсіпкері Нұржан Еділов Рахат ауылына 295 млн теңгеге спорт кешенін салып берген.
«Үздік ұйым» аталымында 2018-2019 жылдар аралығында 46 млн теңгеге қайырымдылық жасаған Мұқаш Искандиров басқаратын «Қазфосфат» ЖШС алға шықты. Сонымен қатар Айдын Рахимбаев басшылық ететін BI Group ірі инвестициялық-құрылыс холдингі де жеңімпаз. Холдинг Түркістан облысы, Арыс қаласында 100-ден астам қираған үйлерді қалпына келтірді. «BI – Жұлдыз-ай» әлеуметтік жобасы үнемі қайырымдылық акцияларын өткізеді. Осы жоба аясында науқас балаларға, көпбалалы отбасыларға, көмекке мұқтаж адамдарға тұрақты түрде қолдау көрсетіледі.
Волонтерлік қызметке белсенді қатысқаны үшін «Ерен ерлігі» номинациясы бойынша сыйлық иегерлерінің бірі Арман Қасымов болды. Арман – «Өмірзақ-Сервис» мұнай компаниясында жұмыс істейді, белсенді волонтер. Ал Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақы жеңімпаздары қатарында Қостанай облысынан «Үміт-Надежда» тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қоғамы» бар. Үмітшілер 14 жыл бойы халықтың әлсіз топтарын қолдауға бағытталған 20-дан астам жобаны, соның ішінде арбадағы спорттық бал билері бойынша республикалық жобаларды іске асырды. Сонымен қатар «Өмір тынысы» трансплантацияланған науқастардың қоғамдық бірлестігі де үздіктер қатарында. Бірлестік өмір сүру ұзақтығын арттыру және сапасын жақсарту мақсатында ағзаларды трансплантациялаған тұлғалар арасында спорттық белсенділік бағдарламаларын ілгерілетумен айналысады.
Топ жарғандардың бірі «Ұлы Тағзым» қоғамдық қоры Ұлытаудың табиғи, тарихи-мәдени және рухани мұрасын зерттеумен, сақтаумен және насихаттауды қолға алған.
Қор тарихи-мәдени ескерткіштердің археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарын, өңірдің табиғи, материалдық және материалдық емес мұраларына зерттеулер жүргізуде. «Ұлытау» мұражай-қорығымен бірлесе отырып, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне (Маврикий, 2018) қазақ жылқы өсірушілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптарын енгізу бойынша жұмыс жүргізді: айғыр қосу, қымыз мұрындық және бие байлау. Қор жыл сайынғы «Терісаққан көктемі», «Ұлытау қымызы», «Көкмайса», «Жезкиік» этно-фестивальдерін өткізу арқылы этнотуризмді дамытумен белсенді айналысады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ