Еліміздегі жылыжайлар сұранысты өтеу үшін жеміс-жидектерге түрлі химиялық қоспалар қолдану арқылы кәсіптерін жүргізіп отыр. Денсаулыққа зиянсыз екені айтылып жүргені, табиғи жолмен өскен жемістердің дәмі дәмдірек әрі қауіпсіз болатынын тұтынушылар жақсы біледі. Қыс мезгілінде жылыжайлардың жұмысы қыза түседі. Дамыған елдер химиялық қоспалардың орнына табиғи жолмен пайдалы жәндіктерді, кенені және түкті араны өсіру арқылы зиянкестерден биологиялық әдіспен қорғау мақсатында оларды жылыжайға жіберіп, органикалық таза өнім алу әдісін жолға қойған екен. «Болашақ» бағдарламасымен Австралияның Квинсленд университетінде оқыған Аймекен Нығыметова бұл әдісті елімізде алғаш рет енгізіп отыр. Бұл жоба Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті және Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясына жүзеге асып отыр.
Аймекеннің айтуынша, энтомофагтар зиянды жәндіктерді жеу арқылы немесе зиянды организмнің ішіне өзінің генетикалық материалын енгізу арқылы өлтіреді.
– Жобамыз қатарынан үшінші жыл жүзеге асып келеді. 9 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Ресейде өзіміз сияқты компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласу үстіндеміз. Оның ішінде өнімдерімізді Ресей нарығына шығаруды көздеп отырмыз. Бұл үшін көрші елдің бекітілген стандарттары бар. Мысалы, өнімнің қораптарын дайындап, кедендік талаптарға сай етіп жасау сияқты мәселелер туындап отыр. Қазіргі уақытта сапамызды жақсартуға күш салып отырмыз,− деді А.Нығыметова. Оның айтуынша, отандық нарықты жаулау үшін әлі де тұтынушылардың сенімінен шығу керек. Еліміздегі жылыжайлар көбіне шетелдің өнімін қолданатындықтан жаңа тәсілге көшуде әрі отандық өнімге қызығушылық танытып отырған жоқ. Десе де, AgroShield компаниясы тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
– Көптеген компанияға тегін үлгілерді береміз. Кейін өздері қызығушылық танытып, химиялық қоспаның орнына біз ұсынған табиғи жолмен өнім алу әдісіне көшеді. Өйткені бұл әдіс адам денсаулығына әлдеқайда пайдалы екенін көпшілік жақсы біледі. Барлық жылыжайлардың бұл әдіске көшпей отырған себебі, химиялық қоспалар біз ұсынып отырған әдіске қарағанда анағұрлым арзанға түседі. Бірақ еліміздегі кейбір жылыжайға қолдануға арналған жәндіктерді шет елдік компаниялар тасымалдап отыр. Әрине, олардың бағасы қымбатқа түседі. Біздің өнім шетелдік бәсекелестерге қарағанда 30-50% арзан. Өнімді жеткізу уақыты 3-4 есе қысқарған, – деді жоба жетекшісі. Оның айтуынша, химиялық қоспаларға қарағанда тірі организмдердің күту жұмыстары бар. Сол себепті бағаның қымбат болатыны тікелей кеткен шығынға байланысты болмақ. Алдағы уақытта отандық кәсіпорын өз өнімдерін сыртқа экспорттауды жоспарлап отыр.
Ерке ЕРҚОҢЫР