Қырғыз елінің жаңа президенті Садыр Жапаров кім?
Қырғыз елінің жаңа президенті Садыр Жапаров кім?
394
оқылды
−Біз сайлау жүйесін реформалай отырып оның ашықтығы мен сенімділікті сақтай алдық. Бұл елдің маңызды жетістігі, − дейді Нұржан Шалдабекова.
Қырғыз заңнамасына сәйкес, ел басшылығын қолына алуы үшін кандидаттардың бірі дауыс бергендердің жалпы санының жартысынан – 50%-ынан астамының дауысын жинауы тиіс. 50%-дан астам дауыс жиналмаған жағдайда сайлаудың екінші кезеңі ұйымдастырылады. Негізінен Қырғыз елінің заңы бойынша сайлау нәтижесін қорытындылауға 20 күн беріледі, бірақ мерзімінен бұрын сайлау өткізілген жағдайда 15 күн ішінде қорынтыды шығарылуы керек. Ал референдум нәтижелері 35 күн ішінде шығарылады. Сайлау кезінде бюллетеньдер үш түрге бөлінген: «президенттік» басқару формасы үшін, «парламенттік» және «бәріне қарсы». Қазіргі кезде Қырғыз Республикасында президенттік-парламенттік форма жұмыс істейді. Жалпы алғанда, 3 миллион 563 мың 574 қырғызстандыққа дауыс беру құқығы ұсынылды. Осынша адам саусақ таңбасы секілді биометриялық деректерін тапсырды. Белгілі болғандай, көрші елдегі сайлауға үміткерлер жалпы сомасы 124,7 миллион сом (шамамен 631,3 миллион теңге) шығындаған. Соның ішінде ең көбі 67,2 миллионы – С.Жапаровқа тиесілі екен.  width= Бішкекте сайлау күні кешке журналистермен кездескен Жапаров елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу оның президент ретіндегі басымдықтарының бірі екенін айтты. Ол болашақта үкіметтің «ашық» жұмыс істейтініне уәде етті. Президент  
–  Соңғы 30 жылда сыбайлас жемқорлық біздің өміріміздің барлық салаларында тамыр жайды. Бірақ бұдан былай біз оның жалғасуына жол бермейміз. Біз өткен үкіметтің қателігін қайталамаймыз», − деді Жапаров.
Президенттік сайысқа 17 үміткер қатысты. Жапаровтың негізгі қарсыласы Адахан Мадумаров 6,7 пайыз дауыс жинады. Мадумаров мерзімінен бұрын сайлау нәтижелерін «шындыққа жанаспайды» деп сипаттап, «әділеттілікті заңды жолмен іздеймін» деп уәде берді.

Жапаров жайында не білеміз?

Қырғыз елінің бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда өз еркімен отставкаға кеткенін білеміз. Заң бойынша Президенттің міндетін атқаруы тиіс парламент спикері де ел басқаруға құлықты емес екенін білдірді. Сөйтіп, көшедегі наразылық білдірушілер тобының жетекшісі Садыр Жапаров «бір оқпен екі қоян» атып, бір күнде қырғыз басы атанып шыға келді. Қазан айының басында түрмеде отырған Садыр Жапаров айдың ортасында мемлекеттің басқару тізгінін қолына алғаны қалай? Экс-депутат Садыр Жапаровтың жасы 52-де. Алғаш рет Жоғарғы Кеңеске 2005 жылы келді. 2007-2009 жылдары сол кездегі президент Құрманбек Бакиевтің кеңесшісі қызметін атқарды. Сонымен бірге мемлекеттік наградаларды тапсыру жөніндегі комиссияның мүшесі, кешірім жасау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік агенттіктің комиссары болды. Президент Жапаров 2010 жылы екінші рет "Ата-Жұрт" партиясынан Парламентке сайлауға түседі. 2012 жылдың қазан айында Бішкекте "Кумтор" алтын кен орнын ұлттандыруды ұрандатып митинг ұйымдастырады. Дәл осы митинг кезінде партия жетекшісі Қамшыбек Ташиев Ақ үйдің қоршауынан өтіп, артынан жақтастары ереді. Бұл әрекеті үшін Ташиев пен Жапаров билікті күшпен басып алмақ болды деп айыпталып, 17 айға бас бостандығынан айырылады. Бір жылдан кейін Жапаров депутаттық мандатын тапсырды. Келесі жолы барымта жасауға басымдық берді. 2013 жылдың қазан айында Ыстықкөл облысының Саруу ауылында "Құмторды" ұлттандыру талабымен митинг өткізілді. Қатысушылар Ыстықкөл облысының сол кездегі өкілетті өкілі Эмиль Каптагаевпен бірнеше адамды кепілге алып, оларды өртеуге уәде берді. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) ақпаратына сәйкес, бұл бассыздыққа Жапаров телефон арқылы нұсқау берген. Артынша жазадан құтылу үшін шетел асып, Кипр мен Ресейді паналайды. Ол жақта жүргенде "Саясаттағы 10 жыл" деп аталатын кітап жазған. Төрт жылдан кейін Жапаров Қырғызстанға қайтамын деп шешеді. Сөйтіп, қырғыз-қазақ шекарасында ұсталып, 11 жарым жылға сотталды. Түрмеде жатқанда күре тамырын кесіп өлмек болады. Бұл әрекеті оппозиционерлердің назарына ілігеді. Жапаров жақтастары көктемде алаңға шығып саясаткерді босатуды талап етеді.

Жаппаровты неге жақтырмайды?

Біріншіден, Бакиев жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік агенттіктің комиссары лауазымын атқарған кезде Қазақстанға Қырғыз билігі қарқыра өзенінің алқабындағы жерді берген. Осы мәселе бойынша ешқандай қарсы пікір білдірмегені үшін жақтастары оны кінәлі деп санайды. Екіншіден, Жапаровтың ағасы 2007 жылы "Жырнагал" көмір шахтасын игеру тендерін жеңіп алады да жұмысқа қытайларды шақытады. Жергілікті тұрғындар бұған наразылық білдіреді. 2012 жылы шахтада өрт шығады. Кейін шахта су асытында қалып, жұмысын тоқтатады. Үшіншіден, Жапаровтың әпкесі Райкулға қылмыстық қудалаудан қашуға көмектесті деп айыпталды. 2007 жылы Максим Бакиев "Ыстықкөл" банкін басып алды, Жапаров әпкесі бұл банкте басшылық қызметте болған. 2014 жылдың қазан айында сот Жапаровтың әпкесін сырттай жеті жылға бас бостандығынан айырады. Биылғы жылдың ақпан айында Райкүлге халықаралық іздеу жарияланды.

Жаңа президенттің құрметіне концент өтеді

Бүгін Бішкекте 500-ге жуық адам орталық алаңға жиналды. Бұл алаңда Садыр Жапаровтың президенттік сайлаудағы жеңісіне арналған концерт өтеді. Қырғызстанның басты шыршасының жанына сахна, жабдықтар және алаң бойына 10-ға жуық пластик қоқыс жәшігі орналастырылды. Іс-шараға Садыр Жапаров келіп, ел тағдырын сеніп тапсырғаны үшін қырғыз халқына алғыс білдіреді деп жоспарлануда. Бұған дейін елдің патрульдік полиция қызметі департаменті «Ала-Тоо» орталық алаңы арқылы өтетін жол жабық деп хабарлаған.

Көрші ел басшыларынан құттықтау келді

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, дауыс беру нәтижесі ол ұсынған Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекеттілігін одан әрі нығайту бағдарламасы бүкілхалықтық қолдауға ие болғанының куәсі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, Президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты. Ресей президенті Владимир Путин Садыр Жапаровты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Кремль сайтында жарияланды.
«Сіздің мемлекет басшылығындағы қызметіңіз орыс-қырғыз байланыстарының одан әрі дамуына ықпал етеді деп сенемін. Бұл Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға негіз болады», - делінген хабарламада.