– Қазақ елінің ықылым заманнан бері басынан өткені, көрген қиындығы мен жеткен жетістігі өзгелерден гөрі тарихшыларға жақсы таныс. Қазақты көбейтпеу үшін, тіпті тарих сахнасынан өшіру үшін небір қитұрқы әрекеттер жасалғаны да басқа саладағыларға қарағанда сіздерге аян. Сондықтан елдің Тәуелсіздігі жайлы бәрінен де көбірек ойлайтын тарихшылар сияқты көрінеді. Еліміздің Тәуелсіздігін алған күні тарихшы ретінде сіздің есіңізде қалай сақталып қалды?
– Қазақ отырықшы болған деген біржақты сөз. Көшпелі қоғамға лайық, соның болмысына сәйкес келетін мемлекет болған. Мемлекет болмаса, біз осыншама үлкен жерді қалай сақтаймыз? Мықты қоғам, қоғамдық мүдде, қоғамды басқарған тұлғалар болған. Бірақ бізде мықты мемлекеттік аппарат болмаған. Көшпелі қоғамның әлсіз, осал жағы сол. Соның салдарынан ХVІІІ ғасырда біздің қоғам ыдырауға ұшырады. Ең соңғы мықты хан – Тәуке өлген 1717-1718 жылдардан кейін Қайып ханның тұсында біздің қоғам ыдырауға түсе бастады. Осы сәтті көршілеріміз жақсы пайдаланды. ХVІІІ ғасырға дейін Орталық Азияда екі мықты көшпелі қоғам болды. Бірі – қазақтар, екіншісі – көршілес қалмақтар. Екеуіне де өзінің шаруашылық жүйесіне байланысты үлкен жайылымдар керек болды. Олар жайылымдарын кеңейту үшін ылғи өзара айқасқа түскен. Сол кезден бастап қалмақтарды шығыс жақ бетінен қытайлар қыспаққа алды. Өрісін тарылтты. Бізді батыс жақтан Ресей мемлекеті тығырыққа тіреді. Сол кезде қос көшпелі қоғам шешуші қанды шайқасқа түсті. Оған ар жағынан қытайлар да, бер жағынан орыстар да мүдделілік танытты. Тіпті, орыс мемлекеті қалмақтарды қаруландырды. Салдарынан 1720 жылы қазақ қоғамының басына «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген заман түсті. Содан кейінгі тарихымызды қаралы тарих деп атауға болады. ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасыр бойы біз өзге қоғамның, Ресей мемлекетінің қарамағында болдық. Тәуелділікке ұшырадық. Қазақ тарихының ең күрделі және ең қайғылы кезеңі деп осы үш ғасырды атауға болады. Ресей құрамында болған осы уақытта көптеген қиындыққа ұшырадық. Әсіресе, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ қоғамы өте күрделі жағдайға тап болды. 1917 жылы патшалық жүйе тарих сахнасынан кетті. Оның орнына кеңестік саяси жүйе орнықты. Біз кеңестік жүйеде де азаптан құтыла алған жоқпыз. Тіпті, кеңестік жүйе бізге патшалық жүйеден де ауыр тиді.
Тарихымызға қарасақ, ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырды тұтас бір кезең деуге болады. Осы үш ғасыр тұтас күйінде зерттелуі керек. Патшалық кезең болсын, кеңестік кезең болсын біз отарлық жағдайды басымыздан кешірдік. Тәуелсіз әдістеме, тәуелсіз философия тұрғысынан осы кезеңді дұрыс қорытуға тиіспіз. Тарих ғылымы алдында осы дәрежеге көтерілу міндеті тұр. Осы үш ғасырға байланысты әлі де болса толық ашылмаған архив қорлары бар. Мүмкіндігінше соларды толық ашып, жаңа деректерді жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуымыз керек. 1730 жылдан басталып, 1991 жылы аяқталатын тарихи кезең үзік-үзік емес, мүмкін болғанша бүтін күйінде ғылыми талдауға алынуға әбден лайық. Бұл шаруаны өзге емес, қазақ тарихшысы атқарғаны жөн. Өзге жұрттың тарихшысы бұл мәселені зерттей алады, оған күмәндану күпірлік болар. Дегенмен ол істің ішкі сырын ұстай алмайды. Ішкі сырын ұстау үшін ол міндетті түрде қазақ болуы шарт.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына дейінгі мезгіл қазақ қоғамы үшін өте қауіпті кезең болды. Біз өзіміздің бірегейлігімізді жоғалта бастадық. Ұлттық санамыз үлкен дағдарысқа ұшыраған, ұлттық дәстүрден, салттан, тілден айырыла бастаған қоғам болдық. Қоғамның үлкен бөлігінде ертеңге сенбеу, болашаққа күмәнмен қарау санасы үстемдік ала бастаған кез болатын. Осы жағдайды сезген зиялылыр, әрине Тәуелсіздікке қуанды. Тәуелсіздік біз үшін теңдесі жоқ, күтпеген жаңалық болды.
– Біз тарихтың бел ортасында жүргенімізді кейде ескермей, оған мән бермей қаламыз. Дегенмен бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Егемен елдің жылнамасының жазылуы қалай? Қазіргі заман тарихы дегенде нені ескеріп, болашақ ұрпаққа нені аманаттауға тиіспіз?
– «Тәуелсіздік кезеңіндегі негізгі нәтижелеріміз, негізгі қорытындыларымыз не?» дегенде, бәрімізге белгілі нәрсе – қазақ жерінде мемлекеттік жүйенің пайда болуы, орнығуы. Қалай болғанда да, жаңа тұрпаттағы, қазіргі сұраныстарға жауап бере алатын мемлекеттік жүйе қалыптасты. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған саяси топтың ең үлкен жетістігі осы деуге болады. Мемлекеттік жүйе, мемлекеттік басқару аппаратын қалыптастырды. Сондай-ақ ол әлемдік деңгейде танылды. Бұл – біріншіден. Екіншіден – елдің саяси, экономикалық, мәдени өмірінде жағымды өзгерістер орын алды. Тарихшы, руханиятқа жақын адам ретінде айтар болсам, бізде қазір санасы уланбаған, таза, жаңа, жас буын қалыптасып келеді. Қоғам үшін, мемлекет үшін өте маңызды нәрсе – осы. Өйткені жаңа, тәуелсіз қоғам құру үшін бізге осындай санасы уланбаған жас ұрпақ, жасампаз буын керек. Осы тұрғыдан алғанда, бізде үлкен жетістіктер бар. Мемлекеттің қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жастардың үлкен бөлігі шетелдердің озық университеттерінде білім алды. Басқа өмірді көрді, өзге мәдениетпен танысты. Олардың жаңа көзқарасы қалыптасты. Бұл – үлкен жетістік. Сонымен бірге кемшіліктер де жіберілді. Оны ашып айту абзал. Кемшіліксіз қоғам бола ма? Кемшіліксіз өсу, өну бола ма? Болмайды. Проблема барлық қоғамда, ең дамыған қоғамда да бар. Біздің қоғамда ол жетіп артылады. Мәселен, біздің табиғи байлығымыздың игеру мәселесін алайық. Өз табиғи байлығымызды игеру ісінде біз әлсіздік таныттық. Қазір де танытып отырмыз. Өйткені біздің экономикалық мүмкіндігіміз, даярлығымыз нашар болды. Кеңестік жүйенің қандай екенін осы жерден анық байқауға болады. Кеңестік жүйе тарады, Орталық билік бізден кетті. Осы арада біздің өнеркәсіптік тұрғыдан әлсіз қоғам екеніміз байқалып қалды. Себебі өз табиғи ресурсымызды өзіміз игеруге келгенде дайын болмай шықтық. Бір қарағанда өте сауатты, білімді қоғам сияқтымыз. Ал бірақ біз өз табиғи байлығымызды өзіміз игере алмадық. Сондықтан шетелден өте үлкен жеңілдікпен инвесторлар шақыруға мәжбүр болдық. Осы ретте таяу арада ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары, сонда, әсіресе геология және экология салаларына байланысты жасалған келісімшарттар, Германия мемлекетін экономика саласындағы әріптес ретінде алға шығару әрекеті – бұл үлкен көрегендік, ғажап шешім. Бұл әрекеттің Алла жалғасын оңдасын дейік!
Тәуелсіздік алғаннан кейін де көптеген тарихи шындықты айтсақ па, айтпасақ па деп жалтақтаумен болдық. Осы жалтақ ұстаным Алаш қозғалысына байланысты анық байқалды. Мысалы, Алаш қайраткерлерінің атын атау, олардың көптомдықтарын шығару мәселесін Үкімет қолдады, қаржыландырды. Ол жақсы және үлкен жетістік. Бірақ Алашорда шындығын, ұлт тарихындағы орнын ең жоғары деңгейде мойындау болмады. Ел өміріндегі осы мазмұндағы құбылыстарды мойындау Кавказ, Прибалтика елдерінде байқалды. Ал бізде болған жоқ. Мен тарихи мәселені Парламент арқылы, Үкіметтің қаулысы арқылы шеш деп отырған жоқпын. Ал бірақ ол ұсақ-түйек нәрсе емес еді. Мысалы, Алашорда үкіметінің жеңіліс табуы – ұлттың жеңіліс табуы. Бұл – ұлттық трагедия. Соның артынша жүргізілген репрессия саясаты ұлттық санаға, ұлттың өміріне жасалған шабуыл еді ғой. Бұл ақиқаттан қалай үнсіз өте шығасыз? Бұл жағдай қоғамды үлкен рухани сілкіністен айырған жоқ па?
Алаш қозғалысы туралы монография жазу бөлек нәрсе, біз «Алаш ісі» аталатын соттың материалдарын бүкпесіз, түгел шығаруымыз керек. Сонда халыққа Алаш қайраткерлері не үшін сотталып, не үшін атылғаны түсінікті болады. Біз осы күнге дейін соны істей алмай отырмыз. «Алаш ісі» сот материалдары көптомдық құжаттар жинағы түрінде әлі жарық көрген жоқ. Олардың бәрі жабық қорда жатыр. Сол жабық қорды ашу туралы Парламентке 5-6 рет хат жолдадым. Өкінішке қарай, жағымды нәтиже шықпады. Қазіргі кезең елге, әсіресе жас буынға аталарының қандай қасіретпен өмірден озғанын түсіндіретін кезең емес пе? Енді бір 10-15 жылдан соң «Алаш ісі» сияқты сот материалдарының керегі болмай қалуы да әбден мүмкін. Өйткені ұрпақ ауысады. Ұлттық жадтың қандай өзгерістерге ұшырауы мүмкін екендігін тура қазір айту қиын. Біз қазір Алаш туралы жартыкеш шындық жағдайындамыз. Ол не үшін керек? Бұл, алысқа бармай-ақ қояйық, қазақ қоғамы ХХ ғасырда қандай жағдайға ұшырағанын білуіміз үшін керек. Біз қандай терең апатқа түсіп кеткенімізді түсіну үшін қажет. Біз қандай тереңнен шығып келе жатқанымызды сезіну үшін керек. Мұны аға буын да, жас буын да білуі тиіс. Онсыз бүгінгі тарих тарих болмай шығады.
– Еліміздің тарихын білу мектептен, жоғары оқу орындарынан басталады. Тарих – мемлекеттің идеологиясын танытатын негізгі пәннің бірі. Біз тарихты оқытуды дұрыс жолға қоя білдік пе? Оқулық жайы қалай?
– Оқулық жазу процесіне қатысқандардың бірімін. Бұрынғы жүйе бойынша 10-11- сыныптардың тарихын жазуға атсалыстым. 11-сыныптың тарихын жазған топты басқардым. Мектеп оқулықтарына жаңа сюжеттер, жаңа тақырыптар енді. Кенесары Қасымовтың қозғалысы, 1916 жылғы көтеріліс, Алаш қозғалысы, 20-30-жылдардағы кеңестік реформа, Желтоқсан оқиғасы мүмкіндігінше жаңа көзқарас тұрғысынан берілді. Сондықтан «Оқулықта ештеңе айтылмаған, ол жоғары деңгейде емес» деуге болмайды. Дегенмен әлі де болса кемшіліктер жетеді. Мәселе мынада: біз мектепте тарихшылар даярламаймыз. Әйтсе де, кез келген Қазақстан азаматы мектеп қабырғасынан өз мемлекетіміздің тарихынан хабардар болып шығуы керек. Осы тұрғыдан сұранысқа сәйкес оқулықтар жазылуы тиіс. Мектеп, ЖОО оқулығында Қазақстан тарихында не айтылуы керектігі әлі бірқалыпқа түскен жоқ. Бұл істе Білім және ғылым министрлігі өз рөлін көрсетіп, ұйымдастыру жұмысын шешу керек. Бізде қанша министр ауысып жатыр, бірақ ешқайсысында тарих оқулығын жазып жүрген тарихшылармен кездесіп, пікір алысайық деген ой болмады. Өкінішке қарай, олар осы жұмысты атқармай отыр. Бұл міндетті жетекші университеттердің де атқаруына болатын еді, олар да тыныш. Университеттердің басшылықтары да белсенділік танытпай отыр. Құдайға шүкір, мектеп, ЖОО оқулығын жаза алатын тарихшыларымыз бар. Соны қандай тұрғыдан жазу керек деген мәселе ұйымдастыру ісіне мұқтаж. Осы ұйымдастыру мәселесі шешімін таппай тұр.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына дейінгі мезгіл қазақ қоғамы үшін өте қауіпті кезең болды. Біз өзіміздің бірегейлігімізді жоғалта бастадық. Ұлттық санамыз үлкен дағдарысқа ұшыраған, ұлттық дәстүрден, салттан, тілден айырыла бастаған қоғам болдық. Қоғамның үлкен бөлігінде ертеңге сенбеу, болашаққа күмәнмен қарау санасы үстемдік ала бастаған кез болатын. Осы жағдайды сезген зиялылыр, әрине Тәуелсіздікке қуанды. Тәуелсіздік біз үшін теңдесі жоқ, күтпеген жаңалық болды.
Кезінде «Халық тарих толқынында» деген бағдарлама ашылып, үлкен жиын өтті. Сол жиында баяндама жасаған Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Барлық университеттерде Қазақстан тарихы кафедрасы болуы керек және ол негізгі пән болуы тиіс. Қазақстан тарихының өзекті жібі бірегейлік тақырыбы болуы керек. Бұл дегеніңіз – халық түрлі тарихи кезеңдерде өзін қалай сақтады? Оқулық сол мәселеге жауап беруі тиіс» деді. Осы ой дұрыс айтылған болатын. Тарих –идеологиялық астары, мәні бар пән. Біз өзінің ұлттық мүддесін түгендеу кезеңінде тұрған халықпыз. Куба қайраткері Хосе Мартидің «Біздің университеттер үшін антикалық дәуір, грек-рим тарихы соншалық маңызды емес. Біздің қоғам үшін маңыздысы – Куба тарихы. Куба қандай жолдан өтті? Қандай кезеңдерді басынан өткізді? Кубаның тарихта қандай проблемалары болды? Қазір қандай проблемасы бар? Оны қалай шешу керек? Осыған байланысты Куба тарихы бірінші кезекте тұруы керек. Куба тарихын білмейтін азаматты басшылық қызметке жіберуге болмайды» деген сөзі бар. Бұл бізге де тікелей қатысы бар нәрсе. Бізде де дәл солай – қазақ тарихы бірінші кезекте тұруы керек! Халқының тарихын, ата-бабасының қандай жолдан өткенін білмейтін адам қалай басшылық қызметке барады? Біздің басшылықта жүрген азаматтарымыз ана тілін, еліміздің тарихын білуі керек. Қазір мемлекеттік дамуымыз сондай кезеңде тұр. Осындай ұстанымдағы азаматтар билікте жүргенде ғана біз дамып, өсе аламыз.
– Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мемлекеттік деңгейде өзіңіз басы-қасында болған «Мәдени мұра» сияқты бірқатар бағдарламалар қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары да осындай игі ниеттен туғаны анық. Осы бағытта бірқатар іс-шаралар атқарылды. Алдағы уақытта міндетті түрде істелуі тиіс шаруаларға тоқталсақ.
– Бұл – ғажап, ұлт үшін керек бағдарламалар. Біраз шаруа тындырылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл басқаларға үлгі болатындай жағдай. Мәселен, Түркияға барған сапарымда «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы айтқанымда, олар «Мынау керемет екен» деп бас шайқады. Осы бағдарламаны іске асыру үшін алғашында 6 миллиард теңге бөлінетінін жариялады. Сол қаржы бөлінді ме, жоқ па, ол қалай іске асырылды, одан хабарым жоқ. Одан кейін «Халық тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры», «Ұлы даланың ұлы есімдері» сияқты бағдарламалар жүріп жатыр. Мемлекет қолдау жасап, мүдделілік танытып, қаржыландыруда. Бұл жағынан кемшілік жоқ. Осы бағдарламаларды іске асырудағы жүйелілік нашар. Ұйымдастыру жұмыстарында олқылық көп. Бағдарламаларды жүргізудің бір кемшілігі – осы бағдарламалар белгілі бір дәрежеде мамандар арасында талқылаудан өтіп, оны іске асыратын тетіктердің анықталмауы. Осы жағы бізде нашар. Бағдарламаны басқару тетіктері де әлсіз. Әрине, тақырыптар конкурс арқылы іріктеледі. Сол бағдарламалар қандай дәрежеде атқарылып жатқаны сараптаудан өткізіліп, ол сұранысқа сәйкес болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымдастыру жұмыстары онша қанағаттандырмайды, кемшіліктер бар сияқты көрінеді.
– Өзге елдердің 30-40 томдық тарихы тасқа басылып, жазылып қойғаны айтылады. Біз өз еліміздің толыққанды, шынайы тарихымен қашан таныса аламыз және ол қанша томға жүк болар еді?
– Мәселе оның қанша том болғанында емес, сапасында. Осындай істер көршілес қырғыз, өзбек елінде атқарылып жатыр. Өзбекстанда кеңестік дәуірге байланысты жаңа көзқарас тұрғысынан жазылған екі том жарық көрді. Осы тұрғыдан келгенде, бізде әлі де шашырандылық байқалады. Жұмылып шешу керек. Осыған жүйелілік беретін орталық керек. Сол жетіспей тұр. Тарихи институттарда да жақсы жұмыстар істеліп жатыр, оны жоққа шығара алмаймын. Сіз айтқандай, қоғамға қандай тарих керек? Сұранысқа байланысты қандай тарих беруге тиіспіз? Осы тұрғыдан алғанда, бізде әлі өз дәрежесінде жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Әйтпесе, тарихты зерттеуге қомақты қаржы бөлініп жатыр. Деңгейі жоғары тарихшылар бар. Осы тарихшыларға қоғамдық сұранысқа сай талаптар жүктеліп, міндеттелуі тиіс. Сұранысқа сай жұмыстар жазылуы керек. Жұмыс жасалып жатыр, бірақ жүйелілік жоқ. Бірегейлік идеясы жетіспейді. Жоғарыда айтып кеткен XVIII, XIX, XX ғасырдағы тарихымызды бүтін кезең, құбылыс ретінде зерттеуді қолға алуымыз қажет. Осы кезеңді білуге үлкен сұраныс бар.
– «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру қолға алынып отыр. Бұл жобадан не күтеміз? Оның берері не?
– Осы бағдарламаны жаңадан бастаған кезде Тарих институтында өткен жиналыста екі пікір айтылды. Институт басшылығы «Қанша болса сонша ұлы тұлғалардың тізімін жасайық» деді. Соған байланысты жұмыстар жасалып жатыр. Екінші пікірді мен айттым. Мұнда ұлы тұлғаларға байланысты қатынас дұрыс емес. Біздің тарихымыз – трагедиялық тарих. Кім Отанымыздың Тәуелсіздігі үшін күресіп, мерт болса соның бәрі жазылып, зерттелуі керек, оларды 100 немесе 200 адаммен шектемеуге тиіспіз. Мүмкін болса оның өлшемдері анықталуы керек. Құпия қор материалдарымен 30 жылға жуық жұмыс істеп келемін. Сонда байқағаным, қазақ қоғамында репрессия құрбаны болған тұлғалар патша заманында да, кеңестік кезеңде де мыңдап саналады. Өте көп. Өйткені біз отарлы ел болғанбыз.Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, қазіргі Ішкі істер министрлігінің архив қорларында сақтаулы құжаттардың бәрі де жеке тұлғалардың тергеу материалдары. Оларда аты аталмаған азаматтар мыңдап саналады. Олардың бәрін айтуымыз, жазуымыз керек. Мен шамам келгенше солар туралы біраз материалдар жарияладым. Қазір де даярлап жүрмін. Кезі келгенде оларды да жариялаймын. Дегенмен бұл іс бағдарламалық негізде жасалуы керек еді. Ұлы даланың ұлы тұлғалары дегенде, ең алдымен бұрынғы ҰҚК, қазіргі ІІМ-нің архивіндегі жеке тұлғалардың тергеу материалдары зерттеуге алынуы керек. Солардың өмірбаяны жазылып халыққа ұсынылуы тиіс. Бұл – үлкен жұмыс. Егер «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағдарламасының қолы ІІМ-нің құпия қорларындағы құжаттарға жетіп, оны ғылыми тұрғыдан жазып жарыққа шығарса, онда сол бағдарламаның іске асқаны, оның нәтижелі болғаны дер едім. Ал ол атқарылмаса тағы да жартыкеш бағдарлама болып шығады.
ХХ ғасырдағы патша заманында, кеңестік кезеңде қазақ қоғамынан шыққан, бас көтерер тұлғалардың бәрі де билік тарапынан «сындырылып» отырған. Ірі тұлғаларды алсақ, мәселен, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Е.Смайылов, Қ.Жұмалиевтің бәрі де кезінде «сындырылған». Билік, идеология «сындырған». Біз солардың өзін еркін зерттей алмай отырмыз. Таяуда «Я себя совершенно не признаю виновным» деп аталатын кітабым шығады. Бұл кітапта өткен ғасырдың 60-70-80-жылдарындағы кеңестік билікке қарсы күрескен тұлғалардың тергеу істері берілген. Биыл Мәскеуде КСРО Бас прокуратурасының материалдарымен жұмыс істедім. Сонда осы жылдарда Қазақстандағы тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалардың істерін қарадым. Сол құжаттардың аз ғана бөлігін алып келіп, жариялап жатырмын. Оның орыс тілінде шыққанын дұрыс көрдім. Себебі құжат көпшілікке сол даярланған тілінде жетсе деп шештім. Кітапта 1970 жылдары Алматыда Азамат Жәкібаев деген мектеп оқушысы кеңес билігіне қарсы сын айтып, үнпарақтар таратқаны да баяндалған. Сол баланы алты жыл жүйке жүйелер ауруханасына жатқызып, ол сол жерде өлген. Осы сияқты ақиқаттың бәрі халыққа жетуі керек. Осы тұрғыдан алғанда әлі де болса кедергілер бар. Бір қызығы, сол материалдарды Мәскеуден емін-еркін алып келдік. Бірақ өз елімізде осындай мәліметтерді қорлардан алу қиын. Халықты төл тарихынан мақұрым ұстау кімге табыс әкеледі, білмедім.
– Егемен ел болғалы ауыз толтырып айтарлықтай басты жетістігіміз қандай?
– Ең негізгі жетістігіміз – мемлекет құрылып, қалыптасты. Мемлекеттілік – еркін, тәуелсіз өсуімізді қамтамасыз ететін басты алғышарт. Үш ғасырлық отарлық езгіден кейін, қазір бейбіт, еркін өмір сүрудеміз. Қазақстан әлемдік кеңістікке шықты. Басқа елдермен қарым-қатынасымыз жан-жақты орнығып келеді. Осының бәрі еліміздің жаңа сапада дамуына жасалған даярлық, негіз. Тәуелсіздік ұлт ретінде әлі де болса негізіміздің бар екенін, тамырымыздың амандығын көрсетті. Жастарды дұрыс бағыттап, қолдасақ, оларға жол ашсақ, бізде бәрі жақсы болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының сабақтастық деген жақсы ұстанымы бар. Сабақтастық деген нәрсені мен жаңа өріске, жаңа бағытқа қолдау жасау деп білем. Жастарды қолдау – жаңа идеяға жол ашу. «Болашақ – жастардікі» деген сөз бекерге айтылмаған. Біз, аға буын осы мәселеге дұрыс қарап, жастардың еркін ойлап, еркін әрекет етуіне кедергі жасамауымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ