Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Александр ширек финалда әлемнің оныншы, осы доданың 1-ракеткасы, италиялық Маттео Берреттинимен шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші бірінші партияда қарсыласынан тай-брейкте басым түсті – 7:6 (8:6). Ол екінші сетті де сәтті өткізіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағат 31 минутқа созылды. Бублик матч барысында екі мәрте брейк жасаса, қарсыласы біреумен шектелді. Сондай-ақ ол 11 рет (М.Берреттини – 7) эйс жасай алды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Бублик осы турнирдің ширек финалында Андрей Голубевпен бірге жұптық сында осы Ж.Шарди мен тағы бір франциялық Фабрис Мартеннен 1:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалған.
Енді қазақстандық теннисші жекелей сында финалға шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, франциялық Жереми Шардимен шеберлік қайта байқасады.