Елімізде байлыққа салық салу мәселесінің айтылып жүргеніне көп болды. Былтырдың өзінде үш-төрт рет жоғары деңгейде сөз болған. Соның бірінде Президент өз пікірін білдірсе, соңғы талқылауда Ұлттық экономика министрлігі нақты тұжырым бекітуді кейінге қалдырды. Сондықтан биылғы жылдың күн тәртібінде бұл мәселе тағы да алдымыздан шықпақ. Өйткені еліміздегі Форбстың тізімі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Ал кедейлік шегіне ығысқандардың кемитін түрі көрінбейді. Сонымен, байлыққа салық салу – тап айырмашылығын жоя ала ма? Былтырғы айтылған сарапшылардың пікірін саралап көрелік.
Әлеуметтік жауапкершіліктің бір тетігі
Елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы көп айтылады. Оған үндеу аясында қыруар шаруа атқарылып та жатыр. Қаншама нысандар тұрғызылып, қайырымдылық шаралары өткізілді. Түрлі жеңілдіктер ұсынылып, дәстүрлі акциялар пайда болды. Тіпті, елімізде патронаж институтына алғышарт қалыптасып үлгерді деуге болады. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана әсер беріп отыр. Өйткені сіңірі шыққан кедейлер мен шылқыған байлардың арасы алшақтап барады. Сондықтан да байлыққа салық салуды әлеуметтік жауапкершіліктің бір тетігі іспетті қарастырған абзал. Ол бірде бар, бірде жоқ қайырымдылықтан гөрі тұрақты сипатқа ие болмақ. Былтырғы айтылған пікірдің бірі – осы. «Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде халықтың бай және кедей топтары арасындағы алшақтық айтарлықтай өсті. Байлық салығын енгізу Қазақстанда салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыра алады деп есептеймін. Байларға салық салынса, ел қазынасына қыруар ақша түседі. Оны халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, яғни көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсетуге жұмсауға болар еді. Жалпы, кез келген қоғамның алға ілгерілетуші тобы – байлар. Батыс елдерінде ғылыми-зерттеулердің барлығын дерлік байлар қаржыландырады екен, ал бізде, әрине олай емес. Елімізде элиталық топтардың өкілдері көбірек салық төлеуге келіспейтіні түсінікті. «Біздің адамдар байи қалса, Миланнан киініп, Лондоннан зәулім сарай сатып алып, жеке яхта, жеке ұшақ мінуге құмар. Сондықтан салықты көбірек төлеу арқылы болса да, қоғамға пайдасын тигізсін», – деді сенатор М.Бақтиярұлы. Қалай дегенде де, дәулетті жерлестеріміздің байлығының қайнар көзі еліміздің табиғи ресурстары, транзиттік потенциалы мен агроөндірістік кешені екені рас. Сондықтан табыс бөлісудің салықтық сипатын енгізу әділетті шешім болмақ. Бұл – байлық салығын енгізуді қолдайтын сарапшылардың ортақ пікірі. Бірақ жылдан-жылға күшейіп келе жатқан бұл көзқарастың элиталық топтардың ықпалымен «тұншықтырылып» келе жатқанын жоққа шығаруға болмас.Прогрессивті шкала қайта орала ма?
Былтыр көктемде байлыққа салық салу мәселесі көтерілген кезде Мемлекет басшысы жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына қайта оралуды ұсынған болатын. Мұндай тәжірибе елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін болған. Кейіннен тегіс шкалаға ауыстырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке берген бұл тапсырмасының мақсаты – әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. «Айына 250-300 мың теңгеге дейін табыс табатындар 7% салық төлеу керек. Ал орта тапқа қатысты айтар болсам, оларға бұрынғысынша 10% салық қала береді. Шартты түрде айтқанда 300 мың болмаса 1,5-2 млн теңге табыс табатындар үшін қазіргі мөлшерлеме сақталады. Ал жылына 25 миллион теңгеден көп табатындар үшін 10%-дан көп табыс салығын белгілеу қажет. Олардың қандай сома төлейтінін комиссия анықтайды. Бұл 13 немесе 15% болуы мүмкін, бірақ 15%-дан көп емес», – деді Президент. Мемлекет басшысы ұсынып отырған прогрессивті шкаланың мәні – аз табыс табатындар аз, ал неғұрлым көп табыс табатындардың соғұрлым көбірек салық салу. Болжамды есеппен алғанда, бұл 7-15% аралығында. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде бар. Сол кездегі отырыста Президент бұл мәселені әлі де қоғаммен, депутаттармен, мамандармен талқылап, оны енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдайтынын айтқан болатын. «Мен ол кісіні қолдаймын. Айына 300 мың теңге табатындар 6-7% төлесін, 100 мың теңгеден төмен алатындар, тіпті салықтан босатылсын. Ал жылдық табысы 25 миллион теңгеден асатын дәулеттілер үшін табыс салығын 15%-ға дейін көтеру әділ шешім болар еді. Мұндай жүйе Еуропаның кейбір елдерінде бар. Мысалы, Финляндияда 100 мың еуродан астам табысқа салынатын салық ставкасы 31,7%-ды құрайды», – дейді экономист Мақсат Халық.Прогрессивті шкаланың теріс өлшемі
Экономист Асылхан Андашов прогрессивті шкала бюджет кірісін төмендетіп, салықты азайтып жіберуі мүмкін екенін айтады. Өйткені шамадан тыс табыс таатындар елімізде ат төбеліндей ғана, ал орташа еңбекақыдан төмен айлық алатындар саны одан бірнеше есе көп. Бұл қазіргі пропорциялық тепе-теңдікті бұзуы ықтимал. «Кейбір зерттеулер бойынша, пандемияға дейінгі ең көп кездесетін жалақы 58 мың теңге болатын. Ал 3,5 миллионнан астам адамның жалақысы 112 мың теңгені құрады. Яғни, бізде аз табыс табатындардың саны табысы жоғары азаматтардан көп. Сол себепті миллиондаған адамның салығын азайтып, жүздеген мың адамның салығын арттырғаннан бюджетке түсетін табыс көлемі ұлғаяды деп айта алмаймын. Керісінше, бюджет табысы азаюы мүмкін», – дейді экономист Асылхан Андашов. Бұлай болмас үшін жалпыға бірдей табыс декларациясын енгізуді дұрыс жолға қою керек. Егер ешкім өз табысын жасырмай, салықтан жалтармай, заңмен жүретін болса, ел қазынасына бірнеше миллиард теңге кіріс түсуі мүмкін. Өкінішке қарай, заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді. Прогрессивті шкала туралы күмәнді пікір білдірген кейбір сарапшылар мұндай салық механизмі түптеп келгенде нағыз байларды әлеуметтік жауапкершілікке шақыруға емес, қара халықтың қалтасын қағуға жұмыс істеп кете ме деп те қауіптенеді. «Елімізде әлі де болса нарықтық экономиканың заңдары толық орындалып жатқан жоқ. Оған қоса, мемлекет салықты белгілі бір нормадан арттырып жіберсе, салықтан жалтарушылар көбейеді. Сөйтіп, көлеңкелі экономиканың үлесі артуы мүмкін», – дейді экономист Мақсат Халық.Шетелде шешімін тапқан салық
Әлемнің кейбір мемлекеттерінде байлық салығының түрлі жүйелері қарастырылған. Мәселен, Францияда бұл тәжірибе 1980 жылдардан бастап бар. Мұнда дүние-мүлік, банктегі шоттары мен құнды қағаздарын қоса алғанда, азаматтардың барлық активтеріне байлық салығы салынады. Ал басқа елдерде барлық активтері салық салу нысаны ретінде қарастырылмаса да, люкс класына жататын автомобиль, яхта, ұшақ, қымбат бұйымдар сынды бірнеше тауар түрлерінен салық ұсталады. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Жапонияда табыс салығының мөлшерлемесі азаматтардың табыс көлеміне байланысты, яғни прогрессивті шкала есебінен шешіледі. Жекелеген байларға келсек, Амазонның негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адам Джефф Безостың салық төлемі – 42,8 миллиард доллар, Tesla және SpaceX жетекшісі Илон Маск – 27,5 миллиард доллар, Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг 22,8 миллиард доллар салық төлейді. Былтыр Қазақстан байлыққа салық салудың бірінші кезеңіне аяқ баса алмай жүргенде мұхиттың арғы жағында оның сапалық екінші деңгейіне көшуге беттеген сыңайлы. Енді мұнда 60%-дық бірреттік салық түрін енгізу лоббиі күшейіп тұр. Сенаторлар ұсынып отырған заң жобасы «Миллиардерлердің төлемін жаса» деп аталады. Онда 467 бай адамнан тұратын элитадан 731,8 миллиард долларға сәйкес келетін 60 пайыздық салық өндіріп алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұған Американы биыл 18 наурызда басталған пандемия туындатқан қиындық мәжбүрлеуде. Эпидемия басталған шақта 50 млн-нан астам америкалық жұмыссыздық туралы көмек сұрап, тағы 5,4 млн адам медициналық сақтандыруынан айырылған екен. Сенаторлардың пікірінше, біржолғы салық салу барлық америкалықтарға бір жыл ішінде медициналық шығындарды, соның ішінде рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді төлеуге мүмкіндік береді. Ал Швецияда, керісінше ірі байлыққа салық салуды 2007 жылы алып тастаған. Оған дейін мөлшерлемесі 1,5% болған салықтан 2005 жылы ел қазынасына 500 миллион еуро кіріс түскен. Әйтсе де, Швеция үкіметі байлыққа салық елден капиталдың кетуіне, инвестицияға кедергі және кәсіпкерлік белсенділікке тежеу болып отыр деген шешімге келген. Олар бұл салықтың кесірінен ел қазынасы 53 миллиард доллар көлемінде кірістен қағылды деп санайды. Өйткені байлар өздерінің байлығының шетінен салық төлеуге ықылас танытпай, жиған-тергенін шетелде инвестиция етіп құйған.Нұрлан ҚОСАЙ